(Екінші бөлім. Алғашқы бөлімі ОСЫНДА)
«...Төрт-бес жүз казак өздерінің тұтас шебімен мыңдаған қазақ ұлтшылын жайпап өтті. Қырғыз-қайсақ елінің әр жүзінен келіп жеткен барымташылар апиын шегіп, араққа мас болып жүр еді. Маңдайларына «ислам сарбаздары мен жанкештілер» екендерін білдіретін шүберек таңған «діндар мұсылмандарды» өз көзіммен алғаш көргенім сол еді», деп жазады Ресейдегі казак атамандарының бірі Николай Меринов «Русская народная линия» веб-сайтындағы мақаласында.
«...Қазақтардың анағұрлым қисапсыз көп тобырының жолында П.В.Молодидов бастаған он шақты Дон казагы кесе көлденең тұрды. Казактар күші тең болмаса да ұрысқа кірісіп, (әрбір казак есірткіге елтіген, таспен және сойылмен қаруланған он шақты қазақ «ұлтшылына» қарсы тұрды) көп ұзамай тобырды тым-тырақай қуып таратты. Осы ерлігі үшін Орал казактары әскерлерінің атаманы Качалиннің өзі дондықтардың әрбіріне арт жағында «Батылдығы үшін» деген жазуы бар, төске тағатын естелік креспен марапаттады» деп жазады хорунжий Владислав Кисляков «Меч и трость» веб-сайтында.
Көріп отырғанымыздай, казактардың түрлі естеліктерінде түрліше баяндалады, түрлі сандар көрсетіледі, «батыр» казактардың саны бес жүзден (неге екені белгісіз) бірден онға дейін түсіп кетті. Баррикаданың арғы бетінде тұрғандардың – қазақ ұлтшылардары мен Орал облысының бұрынғы басшыларының әңгімелерінде де осындай қарама-қайшылықтар бар. Казактар мен қазақтардың әңгімелері жер мен көктей өзгеше. Сонда шындық қайда жатыр? 1991 жылғы 15 қыркүйекте Оралда не болып еді?
КАЗАКТАРДЫ ЕРЕУІЛДЕГЕН ҚАЗАҚТАР ҚАРСЫ АЛДЫ
1991 жылғы 15 қыркүйек, жексенбі күні Оралда күн бұлтты болды, күннің көзі әредік көрініп, күздің аса салқын райы байқалды. Қазақстанның әр жерінен, негізінен оңтүстіктен келген азаматтар, «Азат» қозғалысының белсенділері тоңа бастады, көбі жеңіл-желпі киінген еді. Олар 13 қыркүйектегі мұнда бұрын-соңды болмаған наразылық акцияларын бастап, Оралдың орталығында үш күн бойы ереулдеді. Қазақ белсенділері пикетке шықты. Ал 14 қыркүйекте теміржол вокзалына жер-жерден – Орынбордан, Доннан, Кубаньнан, Мәскеуден, Ленинградтан, Иркутскіден, Амурдағы Комсомолскіден казак делегациялары келіп жатты. Көрші
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өту үшін Христос құтқарушы шіркеуінің маңына жиналған казактар ғибадаттың басталуын күтіп тұр. Ютуб сайтында жарияланған видеодан көрініс. Орал, 15 қыркүйек 1991 ж.
жатқан Самара облысының казактары «ПАЗик» автобусымен келді.
«Орал қаласы бұрын-соңды осыншама казакты көрмеген еді. Олардың киімдері де әртүсті болатын: бірі мундир киген, онысы таулықтардың ұлттық киіміне ұқсап тұрды; бірі совет офицерлерінің қайта тігілген униформасын кигені анық көрініп тұрды; үлкені де кішісі де оқа, жолақтар, жұлдыз, тіпті цифр тағылған погондары бар форма киіп жүрді. "Бас қонақ – Ресей атамандар одағының төрағасы Александр Мартынов погон тақпай, жай киініп алған, бірақ сонда да қара көк мундирінің үстінен портупея іліп алған" деп әңгімеледі Азаттық радиосына казактардың бірі.
Ресейдегі он бір казак әскерінің атынан келген жүздеген өкіл Оралға, 15 қыркүйекте болатын шараға келіп жатты. Олар Орал казактарының Ресей мемлекетіне қызмет етуіне 400 жыл толуын тойлады. Салтанат, шындығына келгенде, Орал казактарының бой көтергенін көрсетуді мақсат тұтты. Олар ең ескі казак қауымдарының бірі әрі Ресейден тысқары орналасқан казактар қауымының сол уақыттағы ең ықпалдысы болуы керек. Сонымен жергілікті билік пен қазақ ұлтының белсенділері қарсы
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өту үшін Христос құтқарушы шіркеуінің маңына жиналғандар. Ютуб сайтында жарияланған видеодан көрініс. Орал, 15 қыркүйек 1991 ж.
болғанымен, оралдық казактардың лидерлері ештеңеге қарамастан осы іс-шараны өткізуді қолға алды.
Сол кезде Оралда екі-ақ қонақүй бар еді. Олар казак қонақтарды кіргізбеген соң меймандарды Орал казактарының пәтерлеріне жайғастыруға тура келді. Жүздеген қазақ белсенділері де жан-жаққа орналасты. Орал облысының барлық аудандарынан жүздеген жас жігіт келіп жатты. Оларды қайда және кімнің есебінен орналастырғандары – бір бөлек әңгіме.
Казактар 15 қыркүйектегі мерекелік шараларға дайындалып жатқанда олардың қарсыластары – қазақ белсенділері де транспарант, мегафон ұстап, алай-дүлей көңілмен, казактардың мерекесін болдырмауды талап етіп, митингіге шықты.
КҮНГЕ КҮЙГЕНДЕР ЕРЕУІЛІ
Қарсылық көрсетуші қазақ лидерлері: «Казактардың мерекесін рұқсат етсек – олар автономия туын көтеруі мүмкін, Қазақстанның басқа он екі облысындағы казактар олардан үлгі алуы да мүмкін» деді. Естеріңізде болса, ол уақытқа дейін Мәскеуде ГКЧП-нің сәтсіз бүлігі өтті, Горбачевтің СССР-ді қайта құру әрекеті сәтсіздікке ұшырады, советтік республикалар тәуелсіздіктерін жариялап, жер дауы да шығып жатты. Казак лидерлері сепаратистік идеяларды айта бастады, Орал автономиялы облысы жайлы, Яицк жасағын құру туралы сөз қылды, Қазақстанда халықтар мен тілдердің тең құқылығын талап етті.
Бір кездері халқының көпшілігі орыс тілді Орал қаласы күтпеген жерден
«Азат» қозғалысының белсендісі, ақын Мұнайдар Балмолда Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет етуінің мерейтойын атап өтпек болғандарға қарсы ұйымдастырылған жиында өлең оқып тұр. Орал, 14 қыркүйек 1991 ж.
жүздеген, мыңдаған адам қатысқан әлдебір беймаза да түсініксіз оқиғаға тап болды.
Сол кездегі Георгий Гугня есімді оқушы «Яик» веб-сайтында оқиғаны көрген сәтін баяндайды: «Бастарына шүберек таңған, жұмбақ, күнге күйген адамдардың тобыры есімде қалыпты. Олар атқарушы комитеттің алаңында жиылып алды. Олардың көп болғанын білемін. Інім екеуміз көруге барып келдік, бірақ ештеңе де түсінбедік: олар өз тілдерінде сөйлеп жатты, бірақ расында да оларды желіктірген бірдеңе болды. Сөз сөйлегендер қолдарын өршелене сермеп, рупорға айғайлай берді. Кейін білдік қой олардың «Азат» дегендер екенін».
Осы қарама-қайшылықты жазушы Николай Фокин «Финал трагедии. Уральские казаки в XX веке» кітабында кәсіби деңгейде сипаттайды. Бұл үзінді «Яик» веб-сайтында жария болған: «Төрт күннің ішінде (13–16 қыркүйекте) Оралдың орталық алаңында митингіге шыққан қаптаған адам шуласып жатты. Кішігірім мінберден «Казактар – патшаның төбеті!», «Казактар – Янаевтың шабармандары!», «Казактардың мерекесін болғызбаймыз!», «Қазақстан қазақтар үшін!», «Қуылсын казактар қазақ
1991 жылы Оралдағы оқиғаларға қатысқан ақын, тележурналист Мұнайдар Балмолда. Орал, қыркүйек 2011 ж.
жерінен!» деген ұлттық ұрандар мен айыптар естіліп жатты.
Митингінің ұйымдастырушысы А.Зейнуллин («Азат») еді, дайындығы мен өткізу шараларына Б.Әділов («Невада–Семей»), Д.Сатыбалдиев (ереуіл комитетінің төрағасы) және басқалар белсене қатысты.
Қалалық кеңестің атқарушы комитеті митингіге рұқсат бермеген, бірақ билік оны тыю үшін еш шара қолданған жоқ. Олардың ахуалды ушықтыруға деген мүдделерінің бары көрініп-ақ тұрды, сол себепті жайбарақат қарап отырды. Бұқаралық ақпарат құралдары да осындай кейіп танытты, ереуілдеушілер мен арандатып сөз сөйлегендердің атына бір де бір қарсы сөз айтпады».
Казактардың мерекесіне қарсы шара ұйымдастырған Орал облысының сол уақыттағы басшысы Нәжімеден Есқалиев кейін «Азат» белсенділерінен аулақ жүруді жөн көреді.
Ол «Экспресс К» газетіне 2006 жылы 18 тамызда берген сұхбатында былай дейді: «Орал облысы бойынша сол кездегі КГБ бастығы Анатолий Дружининнің кеңесіне құлақ аспағанымда, тағдырымның не боларын білмеймін. Ол «жиналған жұрттың шақырғанына бола үн қатудың қажеті жоқ» деді. Зәбір көрсетуге дейін барар еді деп ойламаймын, бірақ бұлай да болуы мүмкін еді. Неге екені белгісіз, алматылық тыныштық бұзушылар ерекше құлшыныс танытты».
«Азат» белсенділері осы кездері Нәжімеден Есқалиевті казак лидерлеріне көмектесті деп кінәлады. Есқалиевтің өзі Азаттық радиосына берген сұхбатында «мерекені болдырмау үшін жергілікті биліктің қолынан келер ештеңе қалмады, себебі бар ойынды басқарып отырған Мәскеу еді» дейді.
Казактардың лидері, сол кезде Қазақстан парламентінің депутаты болған Виктор Водолазов Азаттық радиосына әуелде «Мәскеуде белгісіз бір экономикалық күштер» оларға Қазақстан аумағының бір бөлігін, дәл сол мұнай мен газ кені бар батыс облыстарын тартып алу үндеуін айтқызбақ болды» дейді. Виктор Водолазов кітабын жарыққа шығаруға дайындап жатыр. «Бірақ жалпы алғанда біздің мереке сепаратистік мақсаттарды көздеген емес» деп баса айтады Виктор Водолазов.
АТТАН АЛАҢЫ - «ЗЕНИТ» ЗАУЫТЫ. 15 ҚЫРКҮЙЕК
15 қыркүйек күнгі оқиғалар негізінен қаланың үш жерінде – Христос ғибадатханасының жанында, Ворошилов атындағы зауыттың мәдениет үйінің жанында (қазіргі «Зенит» зауыты), қалалық атқару комитеті мен партияның облыстық комитеті арасындағы алаңда (қазіргі Абай атындағы, ол кезде Ленин атындағы алаң) өтті. Мұның бәрі – қаланың орталығында, бірақ ғибадатхана (казактардың жиналған жері) мен Абай алаңы (қазақ белсенділерінің митингінің орны) мәдениет үйіне қарама-қарсы жақта орналасқан, сондықтан қарсылас тараптар түске дейін бір-бірінен алыс тұрды. Мәдениет үйіне қарай 113 адамдық топ қана беттеді (100 ерікті мен «азаттықтар» штабының 13 мүшесі). Мыңдаған қазақ ереуілшілері қашықта, Абай атындағы алаңда қала беруге тиісті еді. Орал орталығында
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуына арналған жиын «Зенит» зауытының мәдениет үйінде өтпек болған еді. Орал, қыркүйек, 2011 ж
көлік қозғалысына тосқауыл қойылмағанмен, жақын жерде өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктері дайын тұрды.
Казактар түске дейін Христос ғибадатханасында (қазіргі атауы «Золотая церковь») мінажат етті. Казактар бұл ғибадатхананы мерекелері қарсаңында қайтарып алған еді, жөндеуден өткен ғибадатхана ұзақ уақыттан соң алғаш рет осыншама көп қонақты қабылдады. Ресейден келген казактар саны, түрлі деректерге сәйкес, 300-ден 500 адамға дейін жетті. Ғибадат ұзақ, екі сағат шамасында болды. Мундир киген қонақтар байсалды қалыптарынан танбады, ғасырлық маңызы бар қатаң салтанатты бұзбауға тырысты. Ғибадатты Орал мен Гурьев епископы Антоний жүзеге асырды. Қазақ белсенділері сол күні оның көлігіне қызанақ пен батпақ лақтырған болатын.
Ғибадаттан соң казактар екі көшеден өтіп, салтанатты жиынға, Үлкен қауым жиын өткізу үшін зауыттың мәдениет үйіне бет алды. Бұл жерде олар 113 адамдық қазақ белсенділерінің жеке жасағының шеруіне тап болды. Казактар мен қазақ белсенділерінің топтарын мәдениет үйі алдындағы кішігірім алаңда қалқан мен таяқ ұстаған ОМОН отрядтары ажыратып тұрды. Дәл осы кезде Абай атындағы алаңдағы мыңдаған қазақ белсенділері мен студенттері казактардың жиналысы өтетін мәдениет үйіне жетті. Осы сәтте «казактар жиналыстарында автономия жарияламаққа сәл қалды»
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуына арналған жиын өтпек болған «Зенит» зауытының мәдениет үйі жанына пикетке жиналған қазақтар. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.
деген үрейдің кесірінен шыдамның шегі таусылған болатын.
«Азаттың» басшысы Жасарал Қуанышәлин казактарға тек бейбіт түрде қарсылық көрсетуге көндірді, оның бастамасы бойынша Абылай ханға қатысты бір тарихи оқиғадағыдай астыртын мәні бар, 113 жігіттен тұратын топ құрылды. «Дәл осы 113 жігіт тәртіпсіздік болған жағдайда соққыны өздері көтеруі тиісті болатын, бірақ сөйте тұра үнділердің отарлауға қарсы күресінің үлгісі бойынша зорлық-зомбылыққа қарсы ешқандай күш көрсетпеулері керек еді, барлық соққы мен қорлыққа үнсіз төзуге ант-су ішті» деп жазады Нұрлыбай Сисенбай «1991, қыркүйек. Орал оқиғалары» деген кітабында.
Казактар мен қазақтар жанжалының ең қауіпті екі сәті - казактардың «Зенит» мәдениет үйіне жол тартқан кезі мен казактардың жиналысын тарату сәті болды. Қарама-қайшылықтың шарықтау шегі казактардың Үлкен қауым жиыны басталған шағымен тұспа-тұс келді: мыңдаған жас қазақ ереуілші мәжіліс залына баса көктеп кірмек болды; ақсақал казактар жас казактарды сабырға шақырып: «азаттықтар» шынымен залға кіре қалса, төбелеске бармаңдар» десті.
Азаттық радиосына сол оқиғалардың куәгері, сол кездегі милиция подполковнигі, қазіргі Жайық казак қоғамының атаманы Анатолий Авиловтің айтуынша, «жаппай төбелес болса, казактарды «Зенит»
1991 жылғы Орал оқиғаларының куәгері, қазірде оралдық казактардың атаманы, казак генералы Анатолий Авилов. Орал, қыркүйек 2011 ж.
зауытының ұлты орыс төрт мың жұмысшысы жақтап шығатындай қауіп болды». Сонда қазақтар мен орыстар арасында ірі қақтығыстар басталар еді. Осы қауіптің жауапкершілігін Анатолий Авилов «Азат» басшыларының мойындарына жүктейді. Олар, Авиловтың ойынша, ұлтаралық жанжалды қоздыру тапсырысын орындап отырған, ал казактар Қазақстанның заңдарын еш бұзбай, жай ғана өздерінің дәстүрлі мерекелерін өткізіп жатқан.
Орал оқиғалары жайлы айғақтардың жалғыз-жарым иелері – казактар мен қазақтар сол күнгі оқиғаны қарама-қайшы сипаттайды. Журналистік зерттеуіміздің бірінші бөлімінде жазғанымыздай, казак қонақтарының сирек кездесетін деректерінде ғибадатханадан мәдениет үйіне жету сәті бейне бір казактар мен хандық әскерлері арасында ғасырлар бойы жалғасып келген ұрыс-тартыстың символындай сипатталады. Мысалы, «жүздеген (ондаған) казак арақ пен есірткіге бастары айналған қазақ жігіттерінің топтарын ұрыспен жарып өтуге тура келді, оларды жан-жаққа лақтырып өтті» деп жазады осы ауторлар.
Алайда өзге казак, қазақ ауторларының да жазуынша, казактардың
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуына арналған жиын өткелі жатқан мәдениет үйіне қарай сап түзеп келе жатқан казактар. Ютуб сайтында жарияланған видеодан көрініс. Орал, 15 қыркүйек 1991 ж.
мәдениет үйіне баруына ешкім бөгет жасамаған. Казактардың қонақтары ғибадатханадан шығып, Үлкен қауым отырысына бірі думандатып, бірі жол-жөнекей жұртпен сәлемдесіп барған. Бірақ жергілікті милицияның казактар отрядының салтанатты шерумен жүруі үшін 113 пикетші «азаттықтардың» шебін ығыстырып тастаған кезі де болды.
«Азаттықтардың» көңіл-күйін естеліктер кітабының авторы Нұрлыбай Сисенбай былай сипаттайды: «Бұл кезде осының бәрін көріп тұрған "азаттық" сақшылары намыстан бойларын кек кернеп, жанарлары жасқа толды. Жанға батқаны, милицияның оларды итеріп тастағаны болды. Қан көтеріліп, көз қарауытып, ызадан жұдырық түйілді. Уәде – құдай сөзі, амал не, берген серт бар, үндемей ызадан булығып олар әзер тұр».
КАЗАКТАРДЫҢ ЖИНАЛЫСЫН ТАРҚАТУ
15 қыркүйек күні түскі сағат екілер шамасында жүздеген казак «Зенит» зауытының мәдениет үйіне түгел жетті. Олардың ойлағаны - мерейтой жиынын ақырына дейін өткізіп тыну. Қарама-қайшылық сәт санап ауыр тиіп бара жатқанымен, казактар Үлкен қауым жиынын байбаламсыз, қымсынбай бастауға тырысты. Мәдениет үйіне кіре-берісте гармон тартып, казактардың сүйікті әндерін шырқап жатты, бірақ бұлары көңіл көтертетіндей болған жоқ. Мәдениет үйінің фойесінде маңғаздана жиналып жатқан қонақтарды бимен алдандыруға тырысты, облыс әкімшілігі басшысының орынбасары Бәтес Ысмағұлова да билей жөнелді. Бірақ казактардың көңіліне бірдеңе жақпады, алайда олар бір қысқа жиында сөз сөйлеуші атамандарды «Любо!» деп дауыстап, дәстүрлі ұрандарымен мақұлдап тұрды.
Жиынның басында мәдениет үйінің алдындағы алақандай алаң мыңдаған жас қазаққа толды. 1991 жылдың көктемі мен жазында айтылған сәт туды. Бірнеше ай бойы біреулер Орал казактарының Ресейге қызмет етуінің 400 жылдығын тойлауға шақырып, енді біреулер «рұқсат етпейміз» дескен еді.
«Дүрліккен мыңдаған қазақ казактардың мерекесін отаршылардың өздерін, яғни қазақ халқын, келемеждегені деп түсінді, – дейді Азаттық радиосына 113 пикетші «азаттықтардың» бірі Мұңайдар Балмолда. – Жиынның артынша мәдениет үйіндегі казактар тағы бір мәрте орталық көшені бойлай жаяулап өтіп, тағы бір ғибадат қылмақшы болды, одан соң Хан тоғайы деген жерде той-думан жасауды ұйғарды. Бірақ бұлары күпірлік емес пе. Бұл арада кезінде Бөкей сұлтандарын ақ кілемге көтерген. Бұл – қазаққа қасиетті жер».
«Келісім бойынша, Абай алаңындағы ереуілшілер (бұл дегеніміз - он мың адам) сол жерде тапжылмай тұруға тиісті болды» дейді «Азаттың» белсендісі Серік Ерғали естеліктерінде. «Біз мәдениет үйінің маңайында пикетке шығып тұрдық. Жеті өкіліміз казактарға баруға тиіс еді. Бірақ Абай алаңынан сытылып шыққан он мың адамды байқағанымызда, бұл тасқынды енді ешкім тоқтата алмайтындай, қантөгіс болмай қоймайтындай көрінді» деп сөзін өрбітеді ол.
Осынау тасқынды жалғыз әйел ғана тоқтатты. Жамбыл облысынан келген Хадиша Кәрібаева үш жасар
«Ақ жаулықты әйел». Пикетке қатысушы Хадиша Кәрібаева үш жасар немересін құшақтап топтың алдына жүгіріп шығып, казактар жиналған залға кірмек болған қазақтарды тоқтатты. Орынбай Жәкібаевтың «Азаттық» кітабындағы сурет. Орал, 15 қыркүйек 1991 ж.
немересін ұстап, топтың алдына жүгіріп шықты. Жерге ақ жаулығын тастап, «Тоқтаңдар!» деп айғайлады дейді Серік Ерғали. Ежелгі салт бойынша ананың ақ жаулығын ешкім де аттап өте алмайды.
Бұл шешуші сәт «азаттықтардың» Орал оқиғалары жайлы әңгімелерінде көп айтылады. Мұңайдар Балмолда «дереу дұға оқығанның арқасында жұртты сол сәтте тоқтату мүмкін болды» дейді.
«Казактар жиынды тыйып тастап, өз беттерімен кетулері үшін кем дегенде 15 минут беріңдер» деп өтініп, халықты тоқтаттық» дейді Серік Ерғали осы соңғы шешуші сәтті жайды. «Азаттың» басшысы Жасарал Қуанышәлиннің Азаттық радиосына айтуына қарағанда, қалалық милиция бастығы полковник Владимир Шумов (Кейіннен Қазақстанның ішкі істер министрі болды, қазір Мәскеуде тұрады, Ресей ішкі істер министрлігінде жұмыс істейді) «казактар бар болғаны фольклорлық концерт өткізіп жатыр» деп, сабырға шақыруға тырысқан. Қуанышәлин Шумовқа сенбей, екеуі казактардың шын мәнісінде не туралы сөйлесіп жатқандарын кинобудканың терезесінен көруге барды.
...Жиналған қазақтарды милиция шептері тоқтата алмайтын болды. Жұрт айғайлап, казактардың жиынын дереу тарқатуды талап етті. «Егер де қазақ жігіттері жиналыс залына баса көктеп кірген болса, жас казактар ұстамдылық танытпаса, ұрыс-төбелес басталар еді»,-дейді казактар қозғалысының белсендісі Борис Мясников
«Егер де ұлтаралық қақтығыс болса, Ресейден Оралға санаулы сағаттың ішінде «бітімгерлік полкінің» танкілері енер еді. Мәскеуде ГКЧП бүлігінен кейін аласапыран заман туды, кімнің қандай ағат бұйрықты кім берерін кім біліпті»,-дейді Орал облысының бұрынғы басшысы Нәжімеден Есқалиев.
Бұл кезде мыңдаған қазақ мәдениет үйінің алдында: «Бес минут! Казактар, бес минуттарың ғана қалды!» деп айғайлап тұрған еді.
(Екінші бөлімнің соңы. Жалғасы бар.)
Бұл журналистік зерттеуге қажет материалды жинауға Азаттық радиосының бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері Артур Нығметов атсалысты.
1991 жылы қыркүйектің 15-і Оралда болған оқиғалардың кейбір сәттерін Ютуб сайтынан көруге болады. Бұл видеоны кім түсіріп, құрастырғаны сайтта көрсетілмеген.