Accessibility links

Адвокат Туев: Ризоев Қазақстанға тергеудің әділ жүргізілуіне атсалысуға келді


БТА банкі ісі бойынша айыпталушылардың бірі Рифат Ризоевтің адвокаты Олег Туев. Алматы, 30 қыркүйек, 2009 жыл.
БТА банкі ісі бойынша айыпталушылардың бірі Рифат Ризоевтің адвокаты Олег Туев. Алматы, 30 қыркүйек, 2009 жыл.

Сәрсенбі күні Алматыдағы баспасөз-мәслихатында журналистер сұрақтарына жауап бермес бұрын украиндық заңгер Туев Рифат Ризоевқа қатысты жайттарды саясатпен байланыстырудың қажеті жоқ деп атап көрсетті. Ал Ризоевтың өзі журналистермен кездесуге келген жоқ.

БТА Банктің қаржысын ұрлағандардың бірі делініп, халықаралық іздеуде жүрген Рифат Ризоев Қазақстанға Украинадан қыркүйектің 26-да "өз еркімен" қайтып келіпті.

Рифат Ризоев Алматыда ата-анасы немесе әйелі мен бала-шағасы тұратын үйге емес, жалданған пәтерге тоқтаған. Оның себебі – Ризоевтың жеке басының қауіпсіздігі. Оған қоса кәсіпкерді бақылап жүретін екі бірдей күзетші бар екен.

Дегенмен адвокат Туевтің сөзіне қарағанда, Ризоевтың іс-әрекетіне ешқандай шектеу қойылмаған.

- Мен клиентім екеуіміз кез келген азамат секілді серуендей аламыз, дүкендер мен қоғамдық орындарға шыға аламыз. Бірақ бізбен конвой емес, полиция қызметкерлері әрдайым бірге жүреді. Олардың міндеті - Ризоевтың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету,- дейді адвокат.

- Ол сонда неден қорқады?- деген Азаттық радиосының сұрағына адвокат жауапты қысқа қайырды.

- Реті келгенде бұл сұрақты өзіне қоярсыз. Мен маған берілген өкілеттен аса алмаймын, -деді Олег Туев.

Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың 7 наурызында Ризоевқа халықаралық іздеу жарияланған болатын. Кейін Ризоев 1 сәуірде Украинада ұсталып, содан бері Киевтің тергеу изоляторында жатқан еді. Страсбург сотына шағымданғаннан кейін оны елге қайтару шарасы уақытша тоқтаған болатын.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, Ризоев Украина үкіметіне өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтініш жасаған, ол осы жылдың қазан айында сол мәртебеге ие болуы да мүмкін еді. Дегенмен ол қашып жүргеннен гөрі Қазақстанның тергеу органдарымен бірлесе жұмыс істеген дұрыс болар деген шешімге келген.

ҚАТЕЛЕСКЕНІН ТҮСІНУГЕ АЛТЫ АЙ КЕРЕК БОЛҒАН

Қорғаушының сөзіне қарағанда, Украинада жүрген Ризоевта бұқаралық ақпарат құралдары арқылы БТА Банк ісіне байланысты обьективті пікір қалыптасқан. Қазақстаннан сырт жерде жүргеніне 6 ай өткеннен кейін Ризоев өзінің қателескендігін түсінген.

- Ризоев Қазақстаннан кетіп қалғаны асығыстық болғанын түсінді. Ол қазір керісінше, Қазақстанда өзімнің кінәлі емес екенімді дәлелдеуім керек еді деген пікірде. Ендігі жерде Ризоев өзінің қылмысқа қатыстылығы анықталса, тиісті жауап беруге дайын. Дегенмен, Ризоев еш кінәсі жоқ екендігіне сенімді, сондықтан ол өзіне қатысты әділ шешім шығатындығынан үмітті, - дейді қорғаушы Олег Туев.

Оның сөзінше, Ризоевтың бұл шешіміне шет елде жүрген Мұхтар Әблязов та еш ықпал етпеген.

Ал сарапшылардың кейбірі Ризоевтың Қазақстанға отбасы мен ата-анасының қауіпсіздігі үшін қайтып келгендігін айтады.

Еске сала кетсек, осы жылдың наурыз айында Ризоев шекара асып кетісімен-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның үйінде тінту жүргізіп, әйелін қорқытқан деген ақпарат тараған болатын. Дегенмен, Ризоевтың қорғаушысы бұл жайттарға қатысты ешнәрсе білмейтіндігін, оның үстіне өзінің клиенті айтқандай «істі саясиландырмау» қажеттігін сұрады.

Қазір Рифат Ризоевтан Алматы қаласында М. Әблязовқа қатысты жүргізіліп жатқан қылмыстық істе 12 айыпталушының бірі ретінде жауап алынуда. Рифат Ризоев БТА Банкімен серіктестік байланыста болған бірқатар фирмалардың ұйымдастырушысы әрі басшысы қызметін атқарған.

Алғашында БТА Банк АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовқа, осы банктің бұрынғы топ менеджерлерінің бірі Жақсылық Жарымбетовке және басқа да банк қызметкерлеріне Қылмыстық кодекстің 176-бабы бойынша іс қозғалған болатын.

Наурыздың 21-і күні осы азаматтарға қарсы Қылмыстық кодекстің 235-бабының 4-тармағы және 193-бабының 3-тармағы бойынша, “ұйымдасқан қылмыстық топты құру және заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру” фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ұйымдасқан қылмыстық топқа Жарымбетов пен Әблязовтан басқа, Роман Солодченко, Рифат Ризоев, Вероника Ефимова, Болат Кәрімов, Жанна Ахмедьярова сияқты БТА Банктің бұрынғы қызметкерлері кірген. Олардың бірқатарына халықаралық іздеу жарияланған.

Аталған фактілер бойынша, ҚР Бас прокуроры Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржы полициясы агенттігінің және Ішкі істер министрлігінің тергеушілерінен құралған, арнайы прокурор басшылық жасайтын мекемеаралық тергеу тобы құрылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
XS
SM
MD
LG