Accessibility links

Тағы бір шенеуніктің нысанасына енді Көкшетаудағы "Курс" газеті ілініп отыр


Депутат Ромин Мадинов сотасқан "Тасжарған" газеті. желтоқсан, 2008 жыл.
Депутат Ромин Мадинов сотасқан "Тасжарған" газеті. желтоқсан, 2008 жыл.

Қазақстанда жергілікті билік өкілдерінің тәуелсіз басылымдармен соттасуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Көкшетау қаласының әкімі Бақыт Сапаров жергілікті «Курс» газеті ар-намысыма тиетін мақала жариялады деп айыптап, басылымды сотқа берген.


ҚАЛА ӘКІМІНІҢ КӨҢІЛІН ҚАЛДЫРҒАН НЕ?


«Курс» газетінде соңғы алты айда облыс орталығы саналатын Көкшетау қаласындағы жергілікті биліктің жұмысы сыналған мақалалар жарық көрген. Ал газеттің бас редакторы шағымға арқау болған мақалада әкімнің аты аталмаған әрі оның ар-намысына тиетін бірде-бір сөз тіркесі жоқ деп отыр.

Көкшетау қаласының әкімі Болат Сапаров қалалық прокуратура мен қалалық ішкі істер басқармасына «Курс» газетінде жарық көрген сыни мақалалардың ауторларын анықтап, жауапкершілікке тартуды бұйырған. Содан жергілікті құқық қорғау орындарының шақыртуымен барған «Курс» газетінің бас редакторы Марина Рыбалко бүркеншік атпен мақала жазған газет журналистері мен газет ауторларының шын есімдерін заң бойынша, тек соттың арнайы шешімімен ғана жария ете алатынын айтқан.

- Әкімнің 10 млн. теңге талап етіп, сотқа шағым түсіргені біз үшін күтпеген жағдай болды. Бірақ әкімнің шағым арыз түсіруіне себеп болған оқырман хатында әкімнің я болмаса басқа да жергілікті шенеуніктердің нақты аттары аталған емес. Біз, қаланың, қала берді облыс аумағындағы ең жасы үлкен қарт азаматтың жергілікті биліктің жұмысына көңілі толмайтыны туралы үндеу хатын газетіміздің 3 қыркүйектегі 35- санында жариялағанбыз. Неге екені белгісіз, осы үндеу хатта жазылған жайлар қала әкімінің ар-намысына тиіп, іскерлік қызметіне нұқсан келтіріпті, - деді Марина Рыбалко.

ӘКІМ ТӘУЕЛСІЗ ГАЗЕТТІ СОТ АРҚЫЛЫ ЖУАСЫТЫП АЛМАҚ
Бас редактор Марина Рыбалконың сөзіне қарағанда, қала әкімі Бақыт Сапаров тәуелсіз басылымнан тек 10 млн. теңге талап етуді қанағат тұтпаған. Әкім бас редактор мен газет ұжымының қоғам алдында өзінен кешірім сұрап және жарық көрген материалдағы дәйектердің жалған екенін ірі қаріптермен жазып, оны газеттің бірінше бетіне жариялауды және сол күнгі номерді 50 мың дана етіп шығаруды сотқа түсірген шағым арызында атап көрсеткен.

Азаттық радиосының тілшілеріне тәуелсіз басылымға қарсы сотқа арызданған Көкшетау қаласының әкімі Бақыт Сапаров жиналыстан қолы босамай жатқанын айтып, жұмыстан кейін өзім хабарласамын деп уәде етті. Бірақ қайтара хабарласқанымызда ол кісімен сөйлесу тіптен мүмкін болмады.

«Курс» газетінің бас редакторы Марина Рыбалко, қала әкімі газеттен моралдық шығын ретінде талап етіп отырған 10 млн. теңгені мүгедек балаларды емдеу мақсатына жұмсамақшы дегенді айтады.

«Әділ сөз» қорының төрайымы Тамара Калееваның ойынша, бұл мәселеде 10 млн. теңге басты рөл атқарып тұрған жоқ. Оның айтуынша, қала әкімі сот арқылы сын айта беретін, тәуелсіз газетті "жуасытып" алуды мақсат етіп отыр.

ШЕНЕУНІКТЕР СОВЕТ ДӘУІРІНДЕГІ МАҚТАП-МАДАҚТАҒЫШ БАСПАСӨЗДІ АҢСАЙДЫ

- «Тасжарған» газетінен депутат Ромин Мәдиновтың сот арқылы 30 млн. теңге талап етуінен басталған тәуелсіз басылымдардан моралдық шығын талап ету сәнге айнала бастады. Әртүрлі шенеуніктердің моралдық шығын талап етіп, талай тәуелсіз басылымды
сотқа сүйрегенін білеміз. Егерде, билік мұндай істерге көз жұмып қарауын қоймаса, шенеуніктер тәуелсіз басылымдар түгілі, Қазақстандағы бүкіл БАҚ- ында жылт еткен сынның тамырына балта шабатын болады. Шенеуніктер совет өкіметі кезіндегі жаппай мақтап жазатын баспасөзді әлі күнге аңсайды. Олар өздерінен жоғарғы басшылар болмаса, басқалардың сынын қабылдай алмайды. Көкшетау қаласы әкімінің әрекеті соның бір көрінісі. Ал, бұл сотқа оқырманның хаты, яғни халық өкілінің пікірі негіз болып отыр ғой, - деді Тамара Калеева.

Тәуелсіз «Курс» газеті 1999 жылдан бері Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында 14900 данамен аптасына бір рет жарық көріп келеді. Газет Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысының барлық аумағында және Астана қаласында таралады.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов және Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев сын мақалалар, ашық хаттар жариялаған басылымдар мен журналистерді сотқа беріп, моралдық өтемақылар, болмаса газет бетінде кешірім сұрауды талап еткен болатын.

Ал Қазақстандағы "Тасжарған", Алма-Ата-инфо", "Республика" сияқты тәуелсіз газеттердің сот эпопеялары үнемі жалғасып келеді.

Тағы бір айта кететін жайт, ертең мәжілісте қаралатын адамдардың жеке өміріне қолсұғушылықтан қорғау туралы заң жобасы Қазақстандағы сөз бостандығы мен тәуелсіз БАҚ- ының өрісін тағы да тарылта түсетінін сөз бостандығын қорғау ұйымдары айтуда. Мәжіліс талқылайтын заң жобасында азаматтардың жеке өмірі, телефон әңгімелері мен хаттарын жариялаушыға қылмыстық іс қозғап, бас бостандығынан айыру жазасын қолдану көзделген. Аталған заң жобасын осы күйінде қабылдамау туралы «Әділ сөз» қоры мен Қазақстан Журналистер одағы депутаттарға үндеу де жолдаған болатын.
XS
SM
MD
LG