Accessibility links

Куәгер Ғилымов Әлиевтің қысымы жайлы айтты


Вадим Кошляк (сол жақта) пен Әлнұр Мұсаев сотта отыр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.
Вадим Кошляк (сол жақта) пен Әлнұр Мұсаев сотта отыр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

23 сәуірде Вена соты алматылық екі банкирді қастандықпен өлтіру ісі бойынша негізгі куәгер Әбілмәжін Ғилымовтың жауабын тыңдауды жалғастырды.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы екі офицері Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошляк қылмысқа қатысы бар деп айыпталады.

Әбілмәжін Ғилымов 2007 жылы Алматыдағы «Нұрбанктің» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлап әкетіп, қастандықпен өлтіру ісіндегі ең маңызды куәгер деп саналады. Банктің 46 жастағы бұрынғы бас директоры Әбілмәжін Ғилымов Венаға Қазақстаннан ұшып барған.

Австрияның Presse газетінің жазуынша, ол сотта Жолдас Темірәлиевтің бірінші рет 2007 жылдың 18 қаңтарда ұрланғанын айтқан. Үш аптадан кейін ол банктің тағы бір қызметкері Айбар Хасеновпен бірге қолды болған. Ғилымовтың айтуынша, мұны «Нұрбанктің» бұрынғы еншілес қожайыны әрі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиевтің көмекшісі болып істеген Вадим Кошляк ұйымдастырған.

Әбілмәжін Ғилымовтың мәлімдеуінше, Рахат Әлиев «көзіңді жоямын» деп қорқытып, да оған қысым көрсеткен. Оның айтуынша, Рахат Әлиев қолына Гилимовтың шетел төлқұжатын ұстап тұрып, «көзіңді жоямын да, мына паспортыңа "Украинаға кетті" деген штамп қойдырамын, сені сол жақтан іздесін» деп айтқан.

Сот залынан Австрия баспасөзінің хабарлауынша, куәгер Ғилымов «тиімсіз несиелерді заңсыз бергенімді күшпен мойындатып, банктегі 2-2,5 миллион АҚШ долларына бағаланған үлесімді беруге мәжбүрледі әрі отставкаға кетуге еріксіз көндірді» деп мәлімдеген.

Австрияның Standart газетінің жазуынша, прокурор оған «Әлгі оқиғалардан кейін неліктен тергеу-тексеру амалдарын жүргізуді сұрамадаңыз?» деген сұрақ қойған. Бұл сұраққа Ғилымов «Рахат Әлиев ел президентінің күйеубаласы болғандықтан, мұны дәлелдей алмаймын деп қорықтым» деп жауап берген.

Рахат Әлиев (сол жақта) пен президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 2001 жыл.
Рахат Әлиев (сол жақта) пен президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 2001 жыл.

Рахат Әлиев жалдаған адвокаттар Ғилымовтың сөздеріне шүбә келтірген. Presse газетінің жазуынша, олар «куәгер Қазақстан үкіметі берген мандатқа сәйкес сөйлеп отыр» деп мәлімдеген.

Іске қатысты сотталушылар - ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев пен ҰҚК-нің бұрынғы офицері, Рахат Әлиевтің бұрынғы көмекшісі Вадим Кошляк алматылық екі банкирді ұрлау мен қастандықпен өлтіруге қатысты айыптарды мойындамайды.

Мұсаевтың адвокаты Мартин Махрердің Азаттық тілшісіне айтуынша, сотта 60-қа жуық куәгердің жауабын тыңдау жоспарланған.

Бұл істегі басты айыпталушы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі әрі Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің денесі екі ай бұрын Вена түрмесінің бір кісілік камерасында асылған күйі табылған. Әлиев «саяси астары бар» деген уәжбен Қазақстан билігі таққан айыптардың бәрін терістеген. Эмиграцияда жүрген кезде ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынаған. Австрияда оның қазасына қатысты жайттарды тексеру әлі аяқталған жоқ.

XS
SM
MD
LG