Accessibility links

"Тағдыр" қоры Венада «Рахатгейт» ісі ілгерілегенімен, жергілікті жердегі істер алға басар емес деп мәлімдейді


«Тағдыр» қоғамдық қорының төрайымы Армангүл Қапашева. Алматы, 15 қыркүйек, 2009 жыл.
«Тағдыр» қоғамдық қорының төрайымы Армангүл Қапашева. Алматы, 15 қыркүйек, 2009 жыл.

Армангүл Қапашева мен "Тағдыр" қорының басқа да мүшелері сейсенбі күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «Рахатгейт» ісіне қатысты соңғы деректерді жеткізді. Сондай-ақ қорға әділдік іздеген азаматтардың көптеп жүгініп жатқанын мәлімдеді.

«Нұрбанктің» осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын із-түссіз жоғалып кеткен екі топ-менеджерінің бірінің жұбайы Армангүл Қапашева, қыркүйектің 15-і күні Алматы қаласында, өзі басқаратын «Тағдыр» қоғамдық қорының заңгерлерімен бірге баспасөз мәслихатын өткізді. Ол Аустрия астанасына сапарының қорытындыларын былайша баяндап берді:

- Біз Аустрияда қозғаусыз қалған істі алға жылжыта алдық. Биыл шілде айының орта шамасында «Тағдыр» қоғамдық қоры Венадағы адвокаттық кеңселердің бірімен келісімшартқа отырды. Қазір біздің ісімізбен олар Венада айналысып жатыр: көптеген шағымдар түсіріп, қазіргі таңда Аустрияда «тығылып» жүрген Рахат Әлиев пен оның жақтастарына қарсы қылмыстық іс қозғау үшін бастама көтеріп жатыр, - деді Армангүл Қапашева.


АУСТРИЯ АСТАНАСЫНДА ІС АЛҒА БАСҚАНЫМЕН, ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРДЕГІ ІСТЕР МӘЗ ЕМЕС


Қоғамдық қор төрайымының айтуынша, Аустрия астанасындағы жұмыстары алға жылжығанымен, жергілікті сот органдары қарауындағы істердің жайы мәз емес көрінеді. Армангүл қорға арызданушылардың легі толастар емес дейді. Баспасөз-мәслихатында "Нұрбанктің" жоғалып кеткен екінші банкирі Айбар Хасеновтың әйелі Шолпан Хасенованың "Нұрбанкке" берген талап-арызын Қазақстанның Жоғарғы соты қанағаттандырғанына қарамастан, ол шешімдердің әлі орындалмай отырғанын алға тарта келе, мұндай мысалдар өте көп деп атап өтті.

- Алмалы аудандық сотының 2008 жылғы қаңтардағы шешіміне қарамастан, көптеген шағымданушылардың талаптары орындалмай отыр. Гилимов пен Барақбаевтың, сондай-ақ Хасенованың жер телімдері әлі күнге дейін меншік иелеріне қайтарылған жоқ. Сонымен бірге, Хасенова мен Макетовтың банктегі 35 млн теңгесі иелеріне қайтарылған жоқ. Ең бастысы, «Кең Дала» бизнес орталығы да өз қожайындарының қолына тимеді, - деді ол.

Осыған байланысты Армангүл Қапашева жергілікті сот органдары әуелгі аудандық соттың шешімін орындаусыз қалдырып, бизнес орталықты «Нұрбанктың» қарамағына өткізуі, сол арқылы Венадағы іске кесірін тигізгісі келуі мүмкін дегендей күдігін жасырып қалмады.

- Мұның артында кім тұрғандығын білмеймін. Алматыда біз үнемі аудандық соттарда жеңіліп барып, Жоғарғы сотта оң жауап алумен келеміз. Ендеше, уақыт пен күшті босқа сарқып неміз бар. Мүмкін біздің ісімізді бірден Жоғарғы сот қарайтын шығар, - деді «Тағдыр» қоғамдық қорының төрайымы Армангүл Қапашева.

Алайда Армангүл Қапашева «Нұрбанк» менеджерлерінің ұрлануына қатысты Әлнұр Мұсаевтың мәлімдемесі туралы журналистердің қойған сұрақтарын жауапсыз қалдырды.

Қазақстанның ҰҚК бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев бұған дейін Азаттық радиосына берген сұхбатында «Қазақстан сотының тексеруінде Нұрбанк менеджерлерінің ұрлануына, сонымен қатар, Рахат Әлиевтің де қатыстылығы жөнінде салмақты дәлелдер бар» деп мәлімдеген болатын.

ҚАЗАҚСТАНДА РЕЙДЕРЛІКТЕН ЖАПА ШЕККЕНДЕР "ТАҒДЫР" ҚОРЫНА ЖҮГІНУДЕ

Мұсаевтың мәлімдемесі туралы сауалдан қашқақтаған Армангүл Қапашева сейсенбі күнгі баспасөз мәслихатында Қазақстандағы рейдерлік әрекеттерден зардап шегушілер «Тағдыр» қорына жүгініп жатқандығын айтып, «Шехтман ісін» солардың бірі ретінде таныстырды.

Бұл іс Ресей кәсіпкері В.Шехтманның өзінің бизнестегі бұрынғы әріптесі – қазақстандық В.Чесновтан 10 млн долларды қайтаруды талап еткен шағымын қарастырады. «Тағдыр» қоры заңгерлерінің айтуынша, «2006 жылы В. Чеснов ресейлік кәсіпкердің үлесін сатып алмақшы болған. Кейін Алматы соты арқылы Шехтманды үлескерлер қатарынан шеттеткен». Осыған орай қор өкілдері Чесновты «рейдерлік әрекет жасаған» деп айыптап, «Алматы қаласының ішкі істер департаменті соған қолдау көрсетіп отыр» деп мәлімдеді.

Осы мәселеге байланысты Азаттық тілшісі Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметіне хабарласқанда, осы мекеменің өкілі «қандай да бір сұраққа мәлімет беруге құқылы қызметкерлер қазір орнында жоқ» деп жауап берумен құтылды.
XS
SM
MD
LG