Accessibility links

Жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы жиіледі


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда 2014 жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы суицид былтыр 5 пайызға жуық көбейген. Бұл туралы айтқанда психологтар бірден «отбасындағы қарым-қатынас» жайын қозғайды. Суицидтің көбеюін «қоғамдағы өзгерістермен байланыстыратын» мамандар да бар.

Дина есімді Астана тұрғыны (аты-жөні өз өтінішімен өзгертілді – ред.) 12 жасар қызы Әсемнің күнделігінен «үйде тұрғысы келмейтінін, тезірек 9-сынып бітіріп, басқа қалаға оқуға кеткісі келетінін, әке-шешесінің ештеңе алып бермейтін сараң екенін» оқып білген соң, баласының психологиялық ахуалына алаңдай бастаған.

Жасөспірімдер арасында суицид көбейген
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:06 0:00
Жүктеп алу

«ҚАТАЛ ҺӘМ ТАЛАПШЫЛ ӘКЕНІҢ ҚЫЗЫ»

Тұйық қыз анасымен сөйлескісі келмеген. «Әңгімелессем, жылап ештеңе айтпады» дейді Дина. Амалы таусылған ана психологқа жүгінген.

- Әуелі сынып жетекшісіне жолықтық. Ол кісі өрескел ештеңе болмағанын, сыныпта ешкім ренжітпейтінін айтты. Мәселені психологқа барғанда білдік. Маман бірінші бізбен, сосын қызымызбен әңгімелесті. Бала әкесінің қатал, талапшыл екенін айтқан. Кейде әкесі Әсемге ұрсып та, ұрып та алатын. Екінші баламыз да қыз. Ұлымыз жоқ. Күйеуім - балалар үйінде өскен әрі әскери адам. Мүмкін ол қыз тәрбиелеуді білмей жатқан шығар. Қазір енді психолог кеңесімен жүретін болдық, бала аздап ашылып келеді, - дейді Дина.

38 жастағы Дина баласының күйзеліп жүргенін ұзақ уақыт байқамағанына таңғалады. Ол «Күнделігінде «ұялы телефон, киім алып бермейді» депті. Онысы еркелік шығар, онсыз да барымызды салып келеміз. Қазір негізгі мәселе ретінде әкесімен қарым-қатынасына көңіл бөліп жүрмін» дейді Дина.

Бас прокуратура дерегі бойынша, 2015 жылы Қазақстанда өзіне қол жұмсаған 201 жасөспірім өмірден озған. Бұл көрсеткіш 2014 жылғымен салыстырғанда (192) 4,7 пайызға артық. Прокуратура мәліметіне қарағанда, былтырғы кәмелет жасқа толмағандар арасындағы суицидтің 32 пайызы «отбасындағы ішкі проблемалар» кесірінен; 2,9 пайызы - жалғызсыраудан; 7 пайызы «туыстар арасындағы жанжалдар» салдарынан болған.

МАМАНДАР ПІКІРІ

Астаналық психолог Анаргүл Ғаббасова қазір балаларын өзіне ертіп келетін ата-аналар көбейгенін айтады. Маманның сөзіне қарағанда, «келушілердің арасында ата-анасының сабағы нашарлауы себепті ұялы телефонын алып қоюынан, телевизор не интернетті ажыратып тастауынан күйзеліске түскен балалар көп». Бірақ психолог «өзіне қол салу әрекетіне барудың бірнеше негізгі себептері бар» дейді.

Психолог Анаргүл Ғаббасова.
Психолог Анаргүл Ғаббасова.

- Біріншіден, ата-атаналардың баласының оқуына қатты талап қоюы. Ата-ана балаларынан жоғары нәтиже сұрайды. Ал бұл балалардың көбінің қолынан келмей, ата-ана үмітін ақтай алмай қалу қорқынышын тудырады. Көп ата-ана балаларын ұрып та жазалайды. Балалар іштегісін ашық, жік-жігімен бөліп айтып бере алмайды. Үлкен кісілер достарымен сырласса, балаларда ондай жоқ, - дейді Анаргүл Ғаббасова.

Екінші себеп ретінде психолог баланың араласатын ортасындағы қарым-қатынас ерекшеліктерін атайды. Мектептегі құрбы-құрдастарының «қоқан-лоқы көрсетуі, кемсітуі, ақша бопсалауы» сияқты жағдайлар баланың «жанын күйзелтуі» мүмкін. Анаргүл Ғаббасова күйзеліске ұшыраған баланың «оқу үлгерімі мен тәртібі нашарлайтынын, аурушаң бола бастайтынын» айтады.

Алматылық жеке психолог Анар Қырықбаева да келушілер арасында «кәмелетке толмағандар көбейгенін» айтады. Оның айтуынша, «қазір ата-аналардың балаларға көңіл аударуы азайған».

- Ата-ана балаға үнемі көңіл аударып, тәрбиесін беріп, баланың күнделікті болып жатқан оқиғаларын, араласатын ортасын бақылап отыруы керек. Баламен көп әңгімелескен жөн. Қазір ата-аналар бұл жайттарды ескермейді - бала күйзелісі уақытша іште бұғып жатады, - дейді Анар Қырықбаева.

Қазақстанда компьютерде ойнап отырған жасөспірім қыз. (Көрнекі сурет)
Қазақстанда компьютерде ойнап отырған жасөспірім қыз. (Көрнекі сурет)

Психологтың сөзіне қарағанда, қазіргі гаджеттер балалардың тұйықталып, «бөлек әлем жасап алуын» күшейтіп отыр. «Ал кәдімгі өмірде әлдебір әрекеті өзі ойлағандай нәтиже бермеген соң, бала күйзеліп, «мені ешкім түсінбейді» деп жалғызсырауы мүмкін» дейді маман.

- Байқасаңыз, мектеп үзілісінде балалар телефон шұқылайды. Бұрынғыдай ойнап, жүгіру жоқ. Психологтар қоңырауда ойын ұйымдастырып байқаса, тұйықталған балаларды бірден аңғарады, - дейді Анар Қырықбаева.

ТҰРМЫС ПЕН ҚОҒАМНЫҢ ӘСЕРІ

Ал әлеуметтанушы Мәнсия Садырованың ойынша, байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылықтың қазір жұрттың көз алдында тым қатты білініп тұруы психологиялық жағынан «әлсіз» жасөспірімдерге зиян тигізіп отыр.

...адамның өзін ешкімге керек санамауы, түңілуі суицидке алып келеді...

- Жаратылысына қанағаттанбауы немесе дене мүшесінде кемістік болуы, болмаса өзін басқа адамнан төмен санауы баланы осы өмірге керек я керек емес екені туралы ойлануға жетелейді. Суицидті зерттеген әлеуметтанушы Эмиль Дюркгейм оны аномиямен байланыстырады, яғни ғалым «адамның өзін ешкімге керек санамауы, түңілуі суицидке алып келеді» дейді. Сонымен бірге, өтпелі кезеңдерге бейімделе алмау, көптеген процестерге ілесе алмай қалу да әсерін тигізеді, - дейді Мәнсия Садырова.

Қазақстан бас прокуратурасы дерегі бойынша, 2015 жылы елде 3 735 адам өзіне қол жұмсаған. Мұның ішінде 485 жасөспірім суицид жасауға талпынса, оның 201-і қайтыс болған. Оңтүстік Қазақстан облысында - 45, Шығыс Қазақстан және Алматы облысында - 22-ден, Қостанай облысында - 16, Ақтөбе облысында - 4, Павлодар облысы мен Алматыда – осындай 5 оқиғасы тіркелген.

XS
SM
MD
LG