Accessibility links

«Биохим» кәсіпорнының жұмысшылары «демалып», басшылары ғана жұмыс істейді


«Биохим» зауыты. Тайынша қаласы, Солтүстік Қазақстан облысы, қыркүйек, 2006 жыл.
«Биохим» зауыты. Тайынша қаласы, Солтүстік Қазақстан облысы, қыркүйек, 2006 жыл.

Осыдан төрт жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында ең озық жоба ретінде ашылған «Биохим» кәсіпорнының жұмысы бүгінде тоқтап тұр. 315 жұмысшының бәрі дерлік ақысыз демалысқа жіберілген. Басшылық қызметтегі елу шақты адам ғана жұмыс істеп жүр.


МАМАННЫҢ МӘСЕЛЕСІ

Өндіріс орында қазір жөндеу жүріп жатыр. Жұмыс істеп жүрген шамалы ғана қызметкердің өздері негізгі жұмысына емес, құрылысқа, әктеп-сырлауға жұмылдырылған. Кәсіпорын бірнеше айдан бері жалақы да төлемеген. «Биохимдегі» атын атағысы келмеген бір қызметкерінің айтуынша, ол үш айдан бері еңбекақы алмаған екен.

«Мен осы кәсіпорын ашылған осында күйеуіммен бірге жұмыс істегенмін. Бірақ кейін өндірістік кешеннен мән кете бастаған соң, басқа
«Биохим» зауытының ашылу салтанаты. Қыркүйек, 2006 жыл.
жұмысқа ауысып кеттім. Өйткені бас кезінде бәрі жақсы болды да, кейін жалақыны кешіктіре бастады. Сосын бір жыл бойы мүлдем төлемей қойды. Содан жұмыстан кетіп, соттасып жүріп, әрең дегенде еңбекақымды алдым. Кейін маман тапшылығынан менің орныма адам табылмады да, мені айына жүз он мың теңге төлейміз деп қайтадан шақырып алды. Бірақ сол айтқан ақшасын мүлдем көрген емеспін. Үш айдан бері жұмыс істеп жүрмін. Қолыма бір ақ рет ақша алдым, отыз мың теңге. Ал күйеуім ақысыз демалыста. Қатардағы қызметкерлердің бәріне бастапқыда бір айға ақысыз демалысқа деп өтініш жазғызған. Кейін тағы бір айға жазғызды, кейін тағы бір айға... Осылай жалғасып келеді. Зауыт өз жұмысын қашан бастайтыны да белгісіз. Біресе тамыздың ортасында деді, сосын қыркүйекте деді, кейде егін орағы біткеннен кейін деседі. Сонымен қашанғы осылай отырарымызды ешкім де білмейді. Ай сайын қанша жалақы есептелгені жазылған қағаз ұстатады қолымызға. Онда түгел сома жазылады. Бірақ бәрінің алатыны сол отыз мың теңгенің ар жақ-бер жағы ғана. Қалғаны есеп шотта жатыр деп түсіндіреді. Қандай есеп шот екенін ешкім білмейді. Күнде ертең төлеймізбен келе жатырмыз. Соттасқандарға мүлдем төлемей қойған жағдайлар да кездесті», - дейді жас маман.

CАН МИЛЛИОН ТЕҢГЕЛІК ҚАРЫЗ

«Биохимдегі» жалақы қарызы прокурорларды да алаңдатып отыр. Облыстық прокуратураның прокуроры Секеновтың айтуынша, бірнеше айдан бері жалақы төлемеген кәсіпорын басшылығының үстінен олар қылмыстық іс те қозғаған екен. Прокурордың мәліметіше,
«Биохимді» 2006 жылы қыкүйекте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп ашқан болатын.
кейін қарыз қайтарылып, іс тоқтатылыпты.

Облыстық салық комитетінің мәліметінше ең алдыңғы қатарлы, бұрын-соңды болмаған бірегей өндіріс орны деп мақтаған кәсіпорынның салық қарызы да бастан асады. Олардың мәліметінше, 2009 жылдың қаңтарынан бастап есептегенде, кәсіпорынның жұмысшыларға еңбекақы қарызы 20 млн теңгеден асады.

Жоғарыда айтылған жас маман сонымен қатар зауытта телефон, су жиі өшірілетінін айтады. Өйткені қарыз көп. Сөйтіп, керемет болады деген кәсіпорын бүгінде қалт-құлт. Біздің кейіпкеріміздің айтуынша, зауыт ешқашан толық қуатында жұмыс істеген емес. Тек 15-30 пайыздық қуатын ғана пайдаланады екен. Өйткені біресе су тапшылығы сезіледі, біресе өндіріске қажетті бидай болмай қалатын көрінеді.

«ҚЫРДАҒЫ ҒАЖАЙЫП»

«Биохимді» 2006 жылы күзде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп ашқан болатын. Алаулатып-жалаулатып өткізілген сол салтанат әлі ешкімнің есінен шыға қойған жоқ.Жобаның құны 11,5 миллиард теңге (88, 6 млн АҚШ доллары). ТМД көлемінде теңдессіз делінген осы кәсіпорында жылына 57 000 тонна биоэтанол, 19 200 тонна балуыз, 24 000 жемазық ашытқысы, 25 600 тонна көмір қышқыл газы, 58 000 тонна ұн, 50 000 тонна кебек өндіріледі деп жоспарланған еді. Өнімнің отыз пайызы Қазақстанда, жетпіс пайызы сыртқы рынокта сатылмақ болған. 300-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді деп күтілген. Енді соның бірі де жоқ. Жұмысшылар қан қақсап отыр.

«Биохим» акционерлік қоғамының сол кездегі бас директоры Александр Сутягинский осы кешен іске қосылған кезде: «Осы кластерді іске қосу табысты болатынына сенімдімін. Бұл зауыт тек басы ғана. Біз биотехникалық циклдегі тағы төрт зауыт құрылысын жүргізуді
«Биохим» компаниясының бас директоры Александр Сутягинский. Қыркүйек, 2006 жыл.
ойластырудамыз» деген-тін. Сондай-ақ бұл жерде ет комбинатын, күрке тауық фермасын, жылыжай ашу да жоспарланған тын. Қазір оның бәрі адыра қалды.

«Байтал түгіл бас қайғы» дегендей, отыз корпоративтік көшбасшының бірі саналатын «Биохим» үшін қазір өлместің күнін кешіп, қарыздан құтылу ғана арман. Бүгінде қарамағындағылар директордың бір ауыз сөзін естудің өзіне зар болып қалды. Қазір бұл кәсіпорынның бас директоры «кіші Сутягинский», яғни бұрынғы басшының баласы Евгений Сутягинский. «Екі аптада бір рет бір күнге келіп кетеді. Бірақ біз оны көрмейміз. Басшылық қызметтегілермен скайп, телефон арқылы сөйлеседі, болды», - дейді олар.

Оның өзін тауып алу мүмкін болмады. Ал кәсіпорынның бас бухгалтері Орынтай Егінбаева ауырып жатыр екен. Өзін бухгалтермін деп таныстырған, бірақ атын атағысы келмеген бір келіншек «Сіздерге керек ақпаратты кім берер дейсіз?» деп сұрағымызға сұрақпен жауап берді. Кейін бұл мәселе жөнінде Тайыншада ешкім ештеңе айтпайтынын, бәрін Алматыдағы кеңседегілерден сұрау керек екенін түсіндірді. Бірақ Алматы кеңсесінің барлық телефондары өшірулі екен. Бәлкім, қарызды өтемегені үшін өшіріп тастаған шығар? Тайыншадағы келіншек мұны да жоққа шығармады.

Ал жұмысшылардың өздеріне жалақы қарызын бухгалтерлер қосымша материалға көп шығын шығатынымен түсіндіріпті. Ашытқы, антибиотик, фермент, қап сияқты ұсақ түйекке көп ақша кететін көрінеді. Сөйтіп, зауыт шығынмен жұмыс істеп отыр делініпті. Пайда жоқ. Өйткені зауыт өндіретін спирттің де, балуыздың да, биоэтанолдың да бағасы құлдырап кетіпті.

Сонымен, бұл зауыттың жұмысы тиімсіз көрінеді. Біздің атын атағысы келмеген кейіпкеріміздің айтуыша, қазір бүкіл ұжым жабылып, зауыт жұмысындағы ақтаңдақ тұстарды іздеп жатыр екен. «Өйткені өндірісті дөңгелетіп әкететін тиісті мамандардың жоқтығынан технология дұрыс жолға қойылмаған. Қазір Ресеймен бірлесіп жұмыстың кемшін тұстарын табуға тырысып жатырмыз»,- дейді ол.

Ал жұмысшылар әлі-ақ жағдай жақсаратынына сенгісі келеді. Кәсіпорынды ашуға келген кезде республика президентінің «Биохимді» «қырдағы ғажайып» деп атап, оған үлкен сенім артқаны әлі естерінде.
XS
SM
MD
LG