Accessibility links

Астана маңындағы қайыңды орман оталып жатыр


Бектау ауылындағы оталған орман. Ақмола облысы. Мамыр, 2012 жыл.
Бектау ауылындағы оталған орман. Ақмола облысы. Мамыр, 2012 жыл.

Астанадан 80 шақырым жердегі, Ақмола облысы Шортанды ауданына қарасты Бектау ауылында қайыңды орман осымен екінші жыл кесіліп жатыр.


Жергілікті тұрғындар да шағымдарын еш мекеме ескермей отырғанын айтты. Бұрынғы орманшы Григорий Ткаченко орманды қырқып жатқандармен арада кикілжің болып, жұмысынан айырылған.

«ОҢДЫ-СОЛДЫ ОТАУ»

41 жыл орманшы болған азамат бастықтарын «орманды оңды-солды кеспеңдер» деп, көндіре алмапты. "Мұндай бассыздықтың жауапкершілігінен қорқып, жұмыстан шығып кеткен" екен.
Бұрынғы орманшы Григорий Ткаченко. Ақмола облысы, Бектау ауылы, мамыр 2012 жыл.
Бұрынғы орманшы Григорий Ткаченко. Ақмола облысы, Бектау ауылы, мамыр 2012 жыл.

- Қазір орманға қараудың өзі қорқынышты. Жас қайыңдар кесіліп жатыр. Бұрын «делян» (отын кесетін аумақ - ред.) бөлгенде, кесетін ағаштарды өзім көрсетіп беретінмін. Діңі 12, 16 сантиметр болатын қайыңдарға мүлде тиістірмейтінмін. Тиісті ережеге сай, ағаштарды санитарлық мақсатта немесе жел сындырып кеткен ағаштарды ғана кестіретінмін. Жас қайыңды кескендерді ұстап алып, айыбын төлетіп жүрдім. «Қабығы жұқасын кескен оңай» деп өзіме ақыл айтқандар да болды. Бұрын біз діңінің диаметрі 40 сантиметрден асқандары мен қурап, шірігендерін ғана шабатынбыз, - дейді орманшы.

«ҚҰЖАТТАРЫ ДҰРЫС БОЛЫП ШЫҚҚАН»

Бектау ауылдық округының әкімі Сағадат Мәмедов қайыңның былтырдан бері шабылып жатқанын айтты. Оған ауыл тұрғындары «Орманды отап, отынға әкетіп жатыр» деп бірнеше рет шағымданыпты. Осы шағым негізінде прокуратураға хат жазғанын айтқан Сағадат Мәмедов:

- Қолымнан келгені - хат жазу. Прокуратура тексерді. Орман шаруашылығында отырған адамдар мен ағаш кесушілерді шақырып, сөйлесіпті. Барлық құжаттары дұрыс болып шыққан, - дейді.
Орман шаруашылығында отырған адамдар мен ағаш қырқушыларды шақырып, сөйлесіпті. Барлық құжаттары дұрыс болып шыққан.

Тұрғындар республикалық газетке де хат жазып, облыстық мәслихаттың депутатына да барыпты. Ол әрекеттерінен де ештеңе шықпаған.

Әкімдікте істейтін, аты-жөнін айтқысы келмеген қызметкер «орман екі жылдан бері оталып жатқанын», былтыр күзде кесілген көп ағаштың шабылған жерінде әлі жатқанын, мұндай «тағылықтың» былтырғы өрттен кейін басталғанын айтты.

- Екі жыл бұрын орман өртенді. Күйген ағашты кесу басталды. Қазір бірақ от тимеген, күйік шалмаған жап-жасыл ағаштар кесіліп жатыр. Ауыл маңын жалаңаштап, жас талдарды да қырқып әкетті. Назарбаев көгалдандыру туралы бұйрық береді - біз көшет отырғызып жанталасамыз. Ал жұрт жайқалған дайын орманды түк қалдырмай, тағылықпен отап жатыр, - дейді әкімдік өкілі.

Әкімдіктегілердің сөзіне қарағанда, орман бір қарағанда заң аясында шабылып жатқан сияқты. Кәсіпкердің қолында ағаш кесуге берілген арнайы билеті де бар көрінеді. Рұқсат қағазды оған ауыл шаруашылығы министрлігі беріпті. Сондықтан оны тоқтатуға табиғатты қорғау жөніндегі жергілікті мекеменің құзыры жетпейді.

«ЖИДЕКСІЗ, САҢЫРАУҚҰЛАҚСЫЗ ҚАЛДЫҚ»

Облыстық депутатқа, журналистерге шағым хатты кім жазғанын тұрғындар айтпады. Хаттың көшірмесі ауыл әкімдігіне түспепті.

Бектауда туып-өскенін, кезіндегі ну орманның ішінде талай адасып кеткенін айтқан Надежда Сициховская:

- Бұрын саңырауқұлақ, бүлдірген, жидек деген көп еді. Енді жұрнағы да жоқ... Бүйтіп отау сұмдық қой. Әдетте жас ағашқа балта тигізбей, қисық өскендерін немесе кәрі қайыңдарды кеспейтін бе еді, - дейді.

Бектау халқының ағаш кеспейтінін айтқан ауыл тұрғыны:

- Отын кессең, орманшыдан билет аласың. Текше метрі - мың теңге. Орман шаруашылығы ағаш кесетін жерді белгілеп береді. Оның өзінде, бөлінген жерден кесетін ағашыңды орманшы көрсететін, - дейді.
Бектау ауылының тұрғыны Сергей Соловьяненко. Ақмола облысы, мамыр 2012 жыл.
Бектау ауылының тұрғыны Сергей Соловьяненко. Ақмола облысы, мамыр 2012 жыл.

Орман іші қоқысқа толып кеткенін, ағаштарды кім көрінген кесіп жатқанын айтқан тұрғын Сергей Соловьяненко:

- Бұрын сынған бұтақтарды жинап, тазалап тұрушы еді. Қазір жау шапқандай - аттап жүре алмайсың. Саңырауқұлақ атымен құрыды. Оңды-солды жайпап жатыр. Іріктеп кесу деген жоқ. Шеттен келеді де, жайқалып тұрған қайыңдарды қырқып әкетеді. Ағаш сату деген жеңіл кәсіп шықты, - дейді.

Ақмола облысының табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалану басқармасына хабарласып едік, жазбаша ресми сауал жолдауды талап етіп, тілші сұрақтарына сонда ғана жауап беретіндерін айтты.

Бөлім бастығы Әлібек Жасып бастапқыда ағаштар кесіліп жатқан жер ұзақ мерзімге пайдалануға берілгенін айтып қалып, жалма-жан: «Бұл жағдайдан хабарым жоқ» деп түзетті. Ол Бектау ауылынан ешкім шағым айтпағанын да қосып қойды.

ЭКОЛОГТЫҢ КЕҢЕСІ

Экологиялық ұйым жетекшісі Мұсағали Дуамбеков тұрғындарға «Ауыл шаруашылығы министрлігіне шағым жазыңдар» деп кеңес берді.

- Біздегі жүйе дұрыс емес: ауыл шаруашылығы министрлігі орман отауға рұқсат береді, екінші жағынан орманды отамауды өздері қадағалайды. 2000 жылға дейін бұл шаруа экология министрлігіне қарайтын. Сосын Есімов келді де, бүкіл
Эколог Мұсағали Дуамбеков. Астана, 26 сәуір 2012 жыл.
Эколог Мұсағали Дуамбеков. Астана, 26 сәуір 2012 жыл.
функцияны өзіне алды. Сөйтіп былық басталды. Инспекция атаулы бас басына би болып, «қолыңнан келсе, қонышыңнан бастың» кебі келді. Заң солар жағында. Бірақ орманды оңды-солды отай беру барып тұрған бассыздық қой. Өрт шалып, топырағы ескірген жердің ағашын кесіп немесе санитарлық тазалау мақсатымен кессе - бір сәрі. Ондайда арнайы акт жазылады, - дейді Мұсағали Дуамбеков.

Астана қаласынан 80 шақырым жердегі Бектау ауылы жалпы аумағы 16 мың 584 гектар болатын «Жасыл белдеуден» 15 шақырым ары орналасқан. «Жасыл белдеу» жасау Қазақстан президенті Назарбаевтың тапсырмасымен басталған. Жергілікті газеттердегі ақпаратқа қарағанда, 2012-2014 жылдары көгалдандыру жұмыстарына бөлінетін қаржы 6 миллиард 145 миллион теңгеден асады.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG