Accessibility links

Қазақстанда қант диабеті өршіп тұр


Қант диабетімен ауырған адамдарға қанындағы қант мөлшерін анықтайтын құрал - глюкометрді пайдалануды үйретеді.
Қант диабетімен ауырған адамдарға қанындағы қант мөлшерін анықтайтын құрал - глюкометрді пайдалануды үйретеді.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 273 мың адам бар. Бірақ мамандар нақты саны бұдан үш еседей көп және барған сайын ұлғайып келеді дейді.

Алматылық 60 жастағы Қарлығашқа дәрігерлер 2006 жылдан қант диабеті диагнозын қойған. Ол күніне бірнеше рет инсулин қабылдайды, ағзасындағы қант мөлшерін жиі тексеріп отырады. Тамақты диета бойынша шектеп ішеді. Зейнетақысының біраз бөлігін дәрі алуға жұмсайды.

- Біз сияқты науқастарға басты мәселе – дәрі-дәрмек. Қажетті дәрілер мемлекеттік бюджеттен берілуі тиіс. Бірақ ауруханаларға барсақ қандағы қантты азайтатын тегін дәрі жоқ екенін айтады. Барлығын өз ақшамызға сатып аламыз, - дейді Қарлығаш.

Қазақстанда қант диабеті өршіп тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00
Жүктеп алу

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда қазір қант диабеті дертімен тіркеуде тұрғандар саны 273 мың адамға жеткен. Олардың қатары жыл өткен сайын жылдам көбейіп келеді. Мәселен, 2006 жылы елде 151 мың науқас болса, 2013 жылғы көрсеткіш 225 мың адамды құраған.

БІЛДІРТПЕЙ АЛАТЫН ДЕРТ

Қазақстан диабет қауымдастығы президенті Лейла Жұбандықова елде қант диабетімен ауыратындар саны ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп дейді.

Дәрігерлерге қаралып отырған ер адам. (Көрнекі сурет).
Дәрігерлерге қаралып отырған ер адам. (Көрнекі сурет).

- Қазақстанда диабетке шалдыққандар саны 700 мыңға жуық. Науқастардың көбі қант мөлшерінің көбейіп кеткенін біле бермейді. Қант диабетінің бірінші типімен ауыратындар есінен танып құлап қалады. Ал екінші типке жататын дерт көпке дейін белгі бермейді. Сондықтан көп адамдар қант диабетіне шалдыққанын өте кеш біледі, - дейді маман.

Лейла Жұбандықованың сөзінше, Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастар өздеріне ауадай қажет дәрі – инсулинмен толық қамтылған.

- Бірақ қант мөлшерін өлшейтін құрал жетіспейді. Әр науқасқа жылына 10 қорап өлшеу құралын береді. Бір қорапшада 500 тест жолақшасы бар. Ол бір жылға жетпейді. Өйткені науқас қан мөлшерін күніне бес рет тексеріп отыруы керек, - дейді ол.

Халықаралық диабет федерациясы мәліметінде Қазақстанда қант диабетімен 700 мыңға жуық адам ауырады деп көрсетілген. Яғни, Орталық Азияда Өзбекстаннан (900 мың адам) кейінгі екінші орында тұр. Тәжікстанда 204 мың науқас бар, Түркіменстанда – 173 мың, ал Қырғызстанда 102 мың адам қант диабетіне шалдыққан.

Халықаралық федерация «Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандар саны 2040 жылға таман 1 миллионнан асады» деп болжайды.

ДИАБЕТ ӘЛЕМДІ МЕҢДЕП БАРАДЫ

Қазақстандық мамандар тұрғындардың көпшілігі қан құрамындағы қант мөлшерін бақылауға жете мән бермей, денсаулығына салғырт қарайтындығын, дертті кеш байқайтынын айтады.

- 45 жастан асқан, дене салмағы ауыр адамдар мен гипертонияға шалдыққан жандар қант диабетіне бірнеше рет тексеріліп отырулары керек. Дерттің бұл түрі тұқым қуалайды. Сондықтан туысқандарының бірі қант диабетімен ауырған адамдар да тексерістен жиі өтіп тұрғаны дұрыс, - дейді Лейла Жұбатқанова.

Туысқандарының бірі қант диабетімен ауырған адамдар тексерістен жиі өтіп тұрғаны дұрыс.

Алматы қалалық 10-емхананың эндокринолог дәрігері Ғалия Сейтматованың сөзінше, қант диабетінің пайда болуына адамның дұрыс тамақтанбауы және күйзеліс себеп болады.

- Ең бірінші дұрыс тамақтанбау және стрестік жағдайлар көбінесе қант диабетіне алып келеді. Құрамында көмірсуы көп тамақ түрлерін, тәтті торт, конфет, балды шектеген жөн. Фаст-фуд, майға қуырылған картоп, қытырлақ нанды да аздап жеу керек. Спортпен шұғылданып, көп қозғалу қажет. Егер ауыз құрғап, көп шөлдесеңіз бірден дәрігерге баруға кеңес береміз, - дейді дәрігер.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегінше, қазір әлемде қант диабетіне шалдыққан адам саны 420 миллионнан асады. Ұйым «бұл көрсеткіш 2040-жылдары 600 миллионға жетуі мүмкін» деп болжайды.

Инфографика. Әлемде халқы диабетке ең көп шалдыққан 10 ел:

XS
SM
MD
LG