ДАУЛЫ БАП
Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мақсатымен конституцияға енгізуге үкімет ұсынған өзгертулер мен толықтырулар туралы заң жобасының кей тұстары азаматтардың қарсылығына кезікті.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың 25-і күні жасаған үндеуінде конституцияға өзгерістер енгізу мақсаты - билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу екені туралы мәлімдеп, заң жобасын халықтың талқылауына бір ай мерзім берілген еді. Жоба жарияланған қаңтардың 28-інен бері талқылау барысында жұрт назары билік өкілеттігі бөлінісінен гөрі конституциядағы азаматтардың меншік құқығына қатысты 26-бапқа енгізілмек өзгерістерге көбірек ауып отыр. Билік жобасына сәйкес, аталған баптағы "Қазақстан азаматы заңды жолмен иеленген кез-келген мүлкін жекеменшігіне ала алады" деген сөйлемдегі "Қазақстан азаматы" сөзін "әркім" деп өзгерту көзделген. Әлеуметтік желіде жеке фотосымен бірге "26-бапты өзгертуге қарсымын" деген жазу жариялап жатқандар қатары көбейіп келеді. Олардың арасында азаматтық белсенділер, қоғам қайраткерлері және саясаткерлермен бірге әдетте саяси белсенділігі аңғарыла бермейтін кейбір өнер адамдары да кезігеді.
Әлеуметтік желіде қарсылық білдірушілер егер үкімет жобасындағы "әркім" сөзі конституцияға енгізіліп кетсе, ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктердің жеке меншігіне сатылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Олар Ата заңға биліктің әлгіндей өзгертулер енгізуге асық болуының жұртқа айтылмайтын сыры бар ма деп күдіктенеді.
Қоғам белсендісі Жанболат Мамай "бәлкім Қытайдан кредитті көп алып, төлей алмай отырған болар?" деген сауал қояды. Саясаттанушы Талғат Мамырайымов "Ақорда ауыл шаруашылық жерлерін айдаһарға беруден қалай бас тартарын білмей отырған сияқты" деп топшылайды.
"Бар мәселе: 26-бапта емес, халықтың билікке сенімінде" деп жазады Серік Ерғали.
Қуаныш Еділхантегі "қазіргі билік тұсында Конституция түгілі, жай заңдардың өзін қайта-қайта екшеп отырмаса, сенуден қалдық. Ең дұрысы, осылар ештеңеге қолдарын тигізбей-ақ қойса деймін. Жаңа формациядағы ойлайтын адамдар келген соң өзгертерміз" деген ойымен бөліседі.
Қазақстанда өткен жылы ауыл шаруашылығы жерін жекешелендіру және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуды көздейтін үкімет реформасы тұрғындардың жаппай қарсылығына тап болғаннан кейін, 2016 жылғы мамырда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, кейін оның мерзімі тағы бес жылға ұзартылған.
"ЕЛБАСЫНЫҢ БАСТАМАСЫ"
Қазақстанның билік өкілдері конституцияның 26-бабына енгізілмек өзгертулер елде "меншік құқығын нығайтып, экономикаға оң әсер ететіндігіне" тұрғындарды сендіргісі келеді.
Конституциялық кеңес төрағасы, Негізгі заңға енгізілетін өзгерістерді жүйелеуші жұмыс тобына жетекшілік ететін Игорь Роговтың түсіндіруінше, "Қазақстан азаматы" деген сөзді "әркім" ұғымымен ауыстыру шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың меншік құқығына, теңдігі мен әділеттілікке кепілдік беру және инвестициялық климатты жақсарту мақсатын көздейді".
Парламент сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев "Қазақстан аумағында тұратын әркімнің қай елдің азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға екендігіне қарамастан заңды сатып алған кез-келген мүлкіне жеке меншік құқығы кепілдігін беру" - шетелдік инвестиция тартып, азаматтардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру үшін президент Назарбаевтың бастамасымен жобаға енгізілген ұсыныс деп жазды.
Билік бастамасының астарында "жерді шетелдіктерге заңдастырып беру мақсаты жатуы мүмкін" деген күдікті сейлітпек болған ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың сөзінше, алдын ала жасалған талдаулар бұл ұсыныстың "жер кодексіне қайшы келмейтінін анықтаған, себебі жер туралы кодекстің шетелдіктерге жалға жер беру мерзімін ұзарту туралы баптарына мораторий жарияланған". Оның айтуынша, "егер шетелдік Қазақстанға келіп, көлік сатып алса, онда оның бұл меншігі қорғалуы тиіс. Бірақ бұл құқық ауылшаруашылығы жерлеріне жүрмейді".
Министр Абаевтың түсіндірмесіне әлеуметтік желіде сын айтқан кейбір қолданушылар "шетелдіктер көлік сатып алуы үшін конституцияны өзгерту керек пе?" деген уәж білдіреді.
ЗАҢГЕРЛЕР ТҮСІНДІРМЕСІ
Конституцияның 26-бабының жерге меншік құқығына қатысы бар ма деген сауалды Азаттық тілшісі кейбір заңгерлерге қойған еді.
Қазақ мемлекеттік заң университетіне қарасты азаматтық-құқықтық зерттеу ғылыми институты директоры Төлеш Қаудыров "сөздер ауысқанымен ұғым өзгермейді" деп санайды. Оның айтуынша, 26-баптағы "Қазақстан азаматы" деген сөзді "әркім" деп өзгерткенімен қазірге дейін орныққан заңдық ұғым өзгермейді. Өйткені жер мәселесі конституцияның 6-бабымен, Жер кодексімен, басқа да заңдармен реттеледі дейді ол.
26-бапты өзгерткеннен ешкім де ұтылмайды, керісінше мүлік иелеріне қосымша кепілдік беріледіТөлеш Қаудыров, заңгер
- Азаматтық кодекстің 3-бабының 7-тармағында "егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшiн қандай құқықтар мен мiндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға қақылы және сондай мiндеттердi орындауға мiндеттi" делінген. 26-бапқа өзгеріс осыны ескере отырып енгізілетін тәрізді. Яғни бұл бұрыннан бар кепілдікті нақтылау ғана, одан құқықтық тұрғыда ештеңе өзгермейді. Бұл тұста сөз заңды мүлік туралы. Егер ол заңсыз болса конституциялық кепілдік туралы сөз де болмайды, - дейді заңгер.
Төлеш Қаудыров "26-бапты өзгерткеннен ешкім де ұтылмайды, керісінше мүлік иелеріне қосымша кепілдік беріледі" деп санайды.
Алматыдағы Каспий университетінің жеке құқық ғылыми-зерттеу институты директоры Майдан Сүлейменов конституцияға енгізілмек өзгерістерге байланысты қорытындысында "26-баптың жаңа редакциясы Қазақстан президентінің билік өкілеттігін бөлісу туралы үндеуіне сай келмейді және оған еш қатысы жоқ" деген тұжырым жасаған.
Оның пікірінше, конституцияның 26-бабына енгізу ұсынылған өзгерістер осы күйі қалса, онда бір-біріне қатысы жоқ екі мәселе: "26-бапқа енгізілетін өзгерістер туралы" және "мемлекеттік билік билік тармақтары өкілеттігін қайта бөлісу жөнінде" екі референдум өткізу қажет болмақ.
Азаттық тілшісімен әңгімеде Майдан Сүлейменов 26-бапқа енгізілетін "әркім" сөзінің "азамат" ұғымынан құқықтық айырмасы шамалы, сондықтан оны өзгертемін деп жағдайды ушықтыру керек емес деген пікір білдірді.
- Бұл өзгерістер жер мәселесін шешуге тікелей ықпал етеді деп қауіптенуге негіз жоқ. Конституция бойынша қазірдің өзінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан азаматтарымен негізгі заңда шектелмеген бірдей құқық пайдалана алады, - дейді ол.
Меншік - экономикалық ұғым болса, меншік құқығы - құқықтық ұғым
Майдан Сүлейменов конституциядағы 26-баптың екінші тармағына енгізу көзделген "Жеке меншік құқығына қол сұғылмайды. Меншiкке, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдiк берiледi. Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, заңды жолмен алынған мүлікке меншік құқығын шектейтін немесе одан айыратын заңдарды және өзге де құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді" дейтін өзгеріске көбірек назар аудару қажеттігін айтады.
- Қазіргі қолданыстағы нұсқада "меншікке қол сұғылмайды" десе, жаңа өзгерісте "меншік құқығына қол сұғылмайды" деп тұр. Меншік - экономикалық ұғым болса, меншік құқығы - құқықтық ұғым. Бұл - түрлі жағдайларға байланысты меншік құқығынан айыруды көздейтін қолданыстағы заңға қайшы, - дейді ол.
Қазақстандық заңгер Абзал Құспанның сөзінше, Шығыс Еуропадағы кей мемлекеттер мен бұрынғы постсоветтік елдердің көпшілігінде "шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға мүлік құқығына қатысты кейбір шектеулер қойылған".
- Халықаралық құқықта бұл жайтқа түсіністікпен қараушылық байқалады, олар мұны "тәуелсіздігін жаңадан алған елдердің тәуелсіздігін сақтау мақсатындағы әрекеті" деп бағалаған. Біз де осы жолдағы мемлекетпіз. Сондықтан конституцияға "шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға жерге меншік құқығы берілмейді" деген ұғымды нақты жазып енгізген жөн, - дейді ол.
Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мақсатымен конституцияға енгізілмек өзгертулер мен толықтырулар туралы заң жобасы ақпанның 28-іне дейін талқылануы тиіс. Қазақстан президенті әкімшілігі мен биліктегі "Нұр Отан" партиясы азаматтардың тілек-ұсыныстарын қабылдайтын жедел желі ашқан. Қазақстан президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі "ұсыныстар жинақталып, комиссия қарауына тапсырылады" деп хабарлаған.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы қаңтардың 28-і күні қабылдаған алғашқы конституциясы бойынша парламенттік республика атанған болатын. Қазіргі конституция 1995 жылғы тамыздың 30-ы күні бүкілхалықтық референдумда қабылданған. Содан бері Қазақстанда конституцияға үш рет (1998, 2007 және 2011 жылдары) өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Оппозиция мен кейбір құқық қорғаушылар қолданыстағы конституцияны президент билігін шектен тыс күшейтіп, оған билік тармақтарын, сайлау жүйесін тәуелді етті, кейбір баптары өзара қайшы деп сынайды.