Мемлекет басшысының қаңтардың 30-ы күнгі Назарбаевтың «арнайы мәлімдемесі» қаңтардың 25-і күнгі үндеуі сияқты қызықсыздау болып шықты. Небәрі бес-ақ минут сөйлеген Назарбаев Қазақстанға «үшінші жаңғыру» келе жатқанын хабарлады.
Ол биыл жолдауды өзі шығып оқымайтынын, қаңтардың 31-і күні баспасөзге жариялатынын айтты, солайша Қазақстан азаматтары келесі күнді күтіп, мемлекеттік газеттерден «үшінші жаңғырудың» не екенін білуге тиіс болды.
Қаңтардың 25-і күні жасаған үндеуінде Назарбаев билікті президент, парламент және үкіметке теңестіре бөліп беру үшін конституцияға өзгеріс енгізетінін айтқан еді. Халық бұны жаңалық деп қабылдамады, себебі бір айдан астам уақыт бұрын Тәуелсіздік күні ел алдында сөйлеген сөзінде президент ол туралы ескерткен.
Теле және радиостанциялардың эфирдегі уақыттарын алып, президенттің халыққа «оқыс» үндеулер жасауы 2016 жылдың көктеміндегі оқиғаларға қарама-қарсы болып тұр. Сәуірдің соңында және мамырдың 21-і күні Қазақстан қалаларында соңғы 20 жылдағы ең үлкен наразылық шарасы өтті.
Жерге қатысты реформаны қазақтардың көбі «шетелдіктер, соның ішінде қытайлар қазақ жерін жалға алады» деп түсінді. Сол кезде Назарбаев теледидардан сөйлеп, төтенше мәлімдеме жасамады.
ВИДЕО: 2016 жылы мамырдың 21-і күнгі Алматы
Маусымның 5-і күні жиырма шақты жас жігіт Қазақстанның батысындағы Ақтөбе қаласында қару-жарақ дүкенін тонап, кейін әскери нысанға шабуылдады. 25 адам өлді, олардың көбі шабуылдаушылар деген ақпарат тарады. Осы сәтте де Назарбаевтың шұғыл мәлімдемесін телеарнадан көре алмадық.
Шілденің 18-і күні түрмеден шыққанына көп бола қоймаған бір адам Алматыда 10 адамды атып тастады (олардың сегізі - полиция қызметкері). Содан кейін Қазақстанның қаржылық астанасында террорлық қатер режимі жарияланды. Сол күні де Назарбаев ел алдына шықпады.
Қазақстан президентінің күтпеген жерден телевидениеге шығатынын естігендер билікті беру жоспары туралы айтар деп күтті, тіпті оны отставкаға кетер деп ойлағандар да болды.
Назарбаев биыл шілде айында 77 жасқа толады. Өзбекстанды ұзақ билеген президенті Ислам Каримов 78 жасында дүниеден өтті, оның қазасынан кейін Қазақстанда көптеген өзгерістер болды, бірқатар шенеуніктер тұтқындалды.
Бірақ Назарбаевтың жақындағы үндеулерін естіп, өткен жылғы төтенше жағдайлар кезінде теледидарға шықпағанын көрген соң "ол елді толық басқарып отырмаған сияқты" деп ойладым.
Назарбаев президент болып қала береді, бірақ мемлекет ісін (немесе оның көп бөлігін) басқалар жүргізіп жатыр. Болжамды бекіту үшін оның келесі «маңызды мәлімдемелерін» күту керек.
Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.
Брюс Панниердің блогын ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжан.