ҮЙДЕ ЗӘБІР КӨРІП ӨСКЕНДЕР
Әнел (өміріндегі жайттар туралы құпия айтып беруге келіскен келіншектің есімі өзгертіліп берілді) жеті жасында әжесінің үйінен кетіп, әке-шешесі, бауыры, сіңлісімен бірге тұра бастаған. Әнел туған отбасындағы «ерекшеліктер» туралы сол кезде білген. Егер әкелері кешкі сағат жетіге қарай үйге келмесе, балалары оның мас болып келетінін білетін, сондықтан көршілердің үйіне қашып үлгеру үшін сөмке, етіктерін, киім-кешегін алдын ала даярлап сақадай сай отыратын.
Бізді, балаларды ұрып-соқпайтын, бірақ әйелін төмпештеп алатын. Әкеміз бізді сабамағанымен, түнде тік тұрғызып қойып сұрақтың астына алуы мүмкін еді.
- Ұрыс-төбелес азырақ болатын, әрине, бірақ айына шамамен екі рет бәріміздің шырқымызды бұзатын. Бізді, балаларды ұрып-соқпайтын, бірақ әйелін төмпештеп алатын. Әкеміз бізді сабамағанымен, түнде тік тұрғызып қойып сұрақтың астына алуы мүмкін еді. Жұмыстан кеш келсе бітті, сөмкемізді, заттарымызды, етігімізді сайлап, тұра қашуға даяр отырамыз. Бүкіл балалық шағым осындай «ғажайыпты күтумен» өтті, - дейді Әнел.
Әнелдің анасын мас күйеуі үнемі ұрып-соққан, бірақ ол ерінің теперішіне ұзақ жылдар шыдаған. Үш баланың да өзге шарасы болмаған.
- Шағын кентте тұрдық қой, сондықтан анам үйдегі ұрыс-керісті сыртқа шығармайын деп үндемейтін. Үйдегі жанжалдан анамның өзі де қатты ұялатын. Әлгі оқиғалар туралы өзіміз бен үйлеріне қашып баратын көршілерден өзге ешкім білмейтін. Қазіргі мінезіме сол кезде көрген құқайым әсер етті деп ойлаймын, - дейді Әнел Азаттыққа.
Әнелдің айтуынша, ол тұрмысқа шыққысы келмеген. Қазір ол некесіз туған екі баланың анасы. Оның сөзінше, қыздарына қол көтерген кездері болған, ол мұны да бала кезде көрген әлімжеттіктің әсері деп санайды.
Психолог, күйзелісте және үрейде жүрген жандарға кеңес берумен айналысатын Виктория Бин әлімжеттік әрекеттері қайталана беретін отбасыларды мысалға келтіріп, мұндай отбасында өскен Әнел сияқты балалар болашақта өз отбасында да бала кезде көрген әлгі әрекеттерді қайталайтын болады дейді.
- Балалар бәрін көріп, әке-шешесінің қылықтарын бақылап өседі ғой. Біріншіден, отбасындағы жанжал, төбелес олардың жанын жаралайды, екіншіден, әке-шешесінің мінезінен үлгі алады. Бұл [жақындарының шырқын алу] аяқ асты басталатын дүние емес. Егер «агрессор» кезінде отбасында зәбір көрсе, яғни оны сөзбен қорласа, ұрып-соқса, вербальды түрде қоқан-лоқы жасаса, кейін ол да солай істеуі әбден мүмкін. Ол да дәл сондай қылықтар жасауы мүмкін. Бұл үшін әлгіндей алғышарттар болуы тиіс, - дейді Виктория Бин.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) статистикасына сәйкес, әлемде әр үшінші әйел тұрмыста зәбір көрген немесе жыныстық зорлыққа ұшыраған. ДСҰ дерегінше, қазіргі «агрессордың» білімінің таяздығы, бала кезінде қатігездік көргені, ішімдікке салынуы, жұбайының көзіне шөп салуы, бір жыныстың артықшылығын, көбінесе ер адамның статусын жоғары санайтын қоғамдық нормалар отбасындағы зорлық-зомбылыққа итермелейтін факторлар болып саналады.
ТИІМСІЗ ШАРАЛАР МА?
2016 жылы Қазақстанда "Денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру" бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартуды сұраған 4401 шағым түскен және сот белгілеген шектеулерге бағынбағаны, тұрмыстағы зорлық-зомбылық әрекеттерін қайталағаны үшін 2892 адам жауапқа тартылған. Ал полицияға жүгінбеген қанша отбасы бар екенін жорамалдауға ғана болады. 2017 жылғы шілдеде "Ұрып-соғу" және "Денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру" баптары әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылған. Жыл басында ішкі істер министрлігі (ІІМ) тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты ахуалдың нашарлап кетуіне сілтеп, отбасындағы ұрып-соғудан қылмыстық сипатты алып тастауды ұсынған.
Әлімжеттік көретін әйел саны азайған жоқ (Азаттық видеосы, 2017 жылғы 5 қазан)
Тұрмыстағы әлімжеттікке қатысты айыпталғандар үшін қорғану ұйғарымы, зәбір көрсетушінің мінез-құлқына айрықша талаптар қою және жәбірленушіге жақындауына тыйым салу сияқты шаралар қарастырылған. Олардың бәрі жанжалдасушы тараптардың арасындағы байланысты болдырмауды көздейтін шаралар. Бірақ мұны тиімді шара деуге болмайтын сияқты.
Мәжіліс депутаты әрі әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Ирина Унжакова «агрессор» әкімшілік жазасын өтеп болғаннан кейінгі процестердің ойластырылмағанына назар аударады.
- Қазір бізде мынадай амал қолданылады – зәбір көрген адамды бір жаққа апарып орналастырады. Бұл (жанжал басылғанға дейін екеуі екі жақта тұрады) тиімді амал, бірақ одан не пайда. Ал сосын үйіне оралатын кез келеді ғой. Демек бізге бойындағы агрессиясын жеңуге шамасы жетпейтін ер адамдармен жұмыс істеу керек. Әлдебіреулер емес, олар да қоғамымыздың мүшесі ғой... Жанжал екі жақтың қатысуымен болады, - дейді Ирина Унжакова.
Отбасының шырқын алып, заң бұзғандарға қатысты шаралардан тұшымды нәтиже шықпайтынын тұрмыстағы әлімжеттікке қатысты шағымдармен күнделікті жұмысында жиі ұшырасатын Астана полициясының учаскелік инспекторлардың жұмысын ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы Әлібек Мұсабаев та айтады.
- Отбасындағы әлімжеттікке қатысты материалдарды қарау кезінде біз қолдана алатын ықпал ету тетіктерінің кейбірінен қайыр жоқ. Отбасымның шырқын алып, зәбір көрсеттім ғой деп өкінетін агрессор аз. Біз мұндаймен жиі кездесеміз. Мысалы, егер судья айыппұл кессе, сот отырысынан шыққаннан кейін оны отбасы бюджетінен төлеуге тура келеді. Тіпті екі-үш тәулікке әкімшілік қамауға алса да, керісінше, ол абақтыдан қаны қарайып, тісін қайрап шығады. Ал келесі жолы мұнымен тоқтамай, абақтыда отырғызғаны үшін [әйелінен] өш алуы мүмкін. Екеуі бітімге келіп, тіпті татуласқан күннің өзінде одан көбінесе түк шықпайды - біраздан кейін бәрібір сол жанжал, сол ұрып-соғу қайта басталады, - дейді Әлібек Мұсабаев.
«СОТ ПСИХОЛОГТАРЫ ИНСТИТУТЫН» ҚҰРУ ИДЕЯСЫ
Әлібек Мұсабаев отбасындағы жанжалдарды реттеп, тұрмыстағы әлімжеттіктің қайталануына жол бермеу үшін «сот психологтары институтын» құруды ұсынады.
- Айыппұл немесе қамауға алу түріндегі әлдебір үкім кесудің орнына, судья зәбір көрсетушіні де, жәбірленушіні де отбасылық психологтың қабылдауына баруға міндеттей алар еді. Ал егер жәбірленуші тарап істі сотқа дейін жеткізгісі келмесе, психолог маманға екеуін учаскелік инспектордың қаулысымен жіберуге болады. Ал олар маманға барудан бас тартса, әкімшілік жауапқа тарту туралы бұйрық шығады. Екеуі барған психолог өз шешімін - сот ұйғарымын шығаратын болады, - дейді Әлібек Мұсабаев.
Учаскелік инспектордың бұл идеясын таразылап көрген Виктория Бин зәбір көрсетушіні психологтың көмегіне жүгінуге көндіру қиын болады деп санайды.
- «Агрессор» психолог маманға баруға келіссе, отбасылық психологтың көмегіне екеуінің де барғаны дұрысырақ болады. Бірақ өкінішке қарай, «агрессор» көп жағдайда психологқа баруға келіспейді. Бұған қоса, ең маңыздысы – кез келген психолог емес, дәл сол тұрмыстағы зорлық-зомбылық проблемасымен жұмыс істейтін психологқа бару керек, кез келген психологқа бара салудан түк шықпайды, - дейді ол.
Астанада жұмыс істейтін дағдарыс орталығы өкілдерінің айтуынша, оларда «агрессормен» бірге психолог маманға жүгіну опциясы бар, бірақ дағдарыс орталығы (ол жерге көбінесе әйелдер мен балалар пана іздеп барады) қызметкерлерінің сөзінше, мұндай оқиға бірен-саран ғана болады. Астанадағы дағдарыс орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Айым Алпысова:
- Егер ер адам татуласқысы келіп, кешірім сұраса, бұл қызмет сол кезде ғана көрсетіледі. Ал негізі көрсетілмейді, - дейді.
Қазақстандық Feminita бастама тобын құрушылардың бірі Гүлзада Сержан дағдарыс орталықтарының жұмысы проблеманы шешпейді, оның зардаптарымен күреседі деп санайды. Ал оның пікірінше, проблема қоғамдағы гендерлік теңсіздікке байланысты.
- Тұрмыстағы зорлық-зомбылық – гендерлік теңсіздіктің салдары деп санаймын. Теңсіздік жойылмай, тұрмыстағы зорлық-зомбылық тыйылмайды және зәбір көргендерге әйелдердің үкіметтік емес ұйымдары сол бойы көмектесе береді. Зардаптарын естігенде шошына жаға ұстамай, мұның себебін жою керек, - дейді Гүлзада Сержан.
Қазақстан бас прокуратурасы дерегінше, былтыр елде отбасындағы зорлық-зомбылықтан 36 әйел мен бір бала қаза болған.