Accessibility links

Қатыгездік құрбандары үшін сынақ-жоба жасалды


Теміртаудағы дағдарыс орталығы. 14 сәуір 2014 жыл. Көрнекі сурет
Теміртаудағы дағдарыс орталығы. 14 сәуір 2014 жыл. Көрнекі сурет

Қазақстанда қатыгездік, тұрмыстағы зомбылық және адам саудасынан зардап шеккендерге уақытша "қауіпсіз баспана" ұсынатын жоба сыналып жатыр.

Астанада және елдің тағы үш аймағында қатыгездік, тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен адам саудасы құрбандарына қолдау көрсететін стандарттар пилоттық режимде іске қосылған. Оны келесі жылдан бастап енгізу жоспарланған.

Жобаны Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы комиссиясы халықаралық сарапшылармен бірлесіп құрастырған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.

Мамырдың 19-ы күні Астанада жобаны таныстырған Тамара Дүйсенова:

- Жоба аясында адам саудасы құрбандарына қауіпсіз орында тұруға жағдай жасау, медициналық, психологиялық, кәсіби және заңдық көмек көрсету сияқты қолдау мен қорғау шаралары қарастарылған, - дейді.

Бұл саладағы кейбір сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның қазіргі заңдарында адам саудасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес шаралары көбірек қамтылып, адам саудасы сияқты қатігездік құрбандарының мүддесін қорғау мен оларды әлеуметтік қолдауға онша мән берілмеген.

Жоба қатыгездік құрбандарына арналған «қорғаудағы баспана» деп аталатын орталықтар ашып, қаржыландыруды көздейді. Үкіметтік емес ұйымдар «Қатыгездік құрбандары уақытша тұратын орталықтар мен паналау орындарын қазір халықаралық ұйымдар қаржыландырмайды. Сондықтан мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты ұтып алғанға дейін бөлмелерді жалдау ақысын өзіміздің төлеуімізге тура келеді» деп талай мәрте мәлімдеген.

Астанадағы адам саудасы құрбандарын уақытша паналататын «Көмек» орталығының жетекшісі Анна Рыльдың айтуынша, бұл стандарттар паналау орындары мен орталықтарының мұқтаждықтарын ескере отырып әрі олардың өкілдерінің кеңесімен жазылған. Ол "жақсы стандарттар қарастырылған" деп санайды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған шымкенттік әйел. 8 желтоқсан 2014 жыл. Көрнекі сурет
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған шымкенттік әйел. 8 желтоқсан 2014 жыл. Көрнекі сурет

— Оның ішінде стационарлар да, жартылай стационарлар да бар. Кейбір қалаларда кеңестік қызмет көрсететін шағын ұйымдар болады, ал кей жерлерде паналау орындары ашылады. Егер бұрын әлеуметтік тапсырыс тамақтандыру шығынына, жалақыға және әлдебір шағын қызмет түрлеріне ғана бөлінсе, мына стандарт бойынша техника, кір жуғыш машина, кереует, төсек-орын сатып алуға да қаржы бөлінеді. 2016 жылдан бастап мұндай орындардың деңгейі қатты өседі деп үміттенемін, - дейді Анна Рыль.

Оның айтуынша, жұртты адам саудасы құрбанына қалай айналмауға болатынын үйрететін әрі қылмыстың бұл түрі үшін қандай жаза қарастырылғанынан хабардар ететін алдын-алу шараларын енгізу керек.

Бірақ адам құқығы комиссиясы адам саудасы құрбандарын қолдау орталықтарының жұмысын қайта қарап, қазір көбіне ер адамдар тіркелетініне назар аударуға кеңес береді. Комиссияның дерегінше, соңғы үш жылда еңбек құлдығына тап болғандар да жиі тіркелген.

Президент жанындағы адам құқығы комиссиясы баяндамасында: «Бірер жыл бұрын адам саудасы құрбандарының 80 пайызға жуығы әйел адам болса, қазір адам саудасы құрбандарының арасында ер адамдар да көп кездеседі. Демек "шелтерлер" (дағдарыс орталықтары) адамның еңбек құлдығына тап болған жандарға қатысты жұмысын сәл өзгерткені жөн» деп жазылған.

Қатыгездік құрбандарының үштен екісі - әйелдер. Адам саудасы құрбандарының жас шамасы 30-дан аспайды, оның ішінде әр алтыншы адам кәмелетке толмай жатып қанауға тап болғандар.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG