"АЙЫППҰЛ ТӨЛЕСЕМ ДЕ КӨЗҚАРАСЫМ ӨЗГЕРМЕЙДІ"
Тәуелсіз журналист Сергей Дувановқа қатысты істі Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарады. Судья А.Арғынбаева Сергей Дувановқа "рұқсат етілмеген митинг өткізген" деген айыппен 15 айлық есептік көрсеткіш шамамен 19 мың теңге көлемінде (шамамен 125 АҚШ доллары)әкімшілік айыппұл салды. Журналистің өзі «сот отырысы Қазақстан 2005 жылы қол қойған азаматтардың азаматтық және саяси құқықтары туралы халықаралық пактіне қайшы келеді» деп бағалады.
- 2005 жылдың қараша айында қол қойылған аталған құжаттың негізінде азаматтың өз пікірін білдіруге және бейбіт наразылық акциясын өткізуге құқы бар. Сондықтан мен өз әрекетімді заңсыз деп санамаймын, – дейді Сергей Дуванов.
Дегенмен, ол заңды құрметтейтін азамат ретінде өзіне міндеттелген айыппұлды төлейтіндігін айтады. Алайда соттың бүгінгі шешімі оның көзқарасына еш әсер етпейді.
- 19 мың теңге менің көзқарасымды өзгерте алмайды. Мен Бақанас сотының әділетсіз болғандығын білемін және ол сенімімді бұл айыппұл еш өзгерте алмайды - дейді журналист Сергей Дуванов.
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов және «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы 23 қыркүйекте, Алматының Арбатында, адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтиске қатысты шығарылған сот шешіміне қарсы «Бүгін - Жовтис, ертең - сен!» атты наразылық акциясын өткізген болатын.
"МЕНІҢ ОРНЫМА БАСҚА БІРЕУДІ СОТТАП ЖІБЕРЕ МЕ ДЕП КЕЛДІМ..."
Аталға акцияның ендігі бір қатысушысы «Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайға қатысты сот ісі келесі аптаға қалдырылды. Бас редактордың сөзіне қарағанда өзіне қатысты шағым құжатын прокурор басқа бір кісінің атына толтырған.
- Бұл «қызық» жағдай болып тұр. Алматы қаласы Ақмешіт көшесі 15 үй 52 пәтерде «Рысбек Сәрсенбайұлы» деген адам тұрады екен. Ал менің куәлігімде тегім «Сәрсенбай Рысбек» деп көрсетілген. «ұлы» деген жоқ. Ал мына полиция қызметкерлерінің толтырған хаттамасы бойынша ол адам – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Жусалы ауылында туған, ал мен – Алматы облысы Нарынқол ауданы Шалкөде ауылында туғанмын, туған жылымыз бір болғанымен күні мен айы өзге, – дейді біздің радиомызға сұхбат берген Рысбек Сәрсенбай.
Одан өзге журналист пен оның аттасының куәлік нөмілері мен тұрғылықты жерлері де өзге, тіпті куәліктегі суреттері де бөлектігіне қарамастан, полиция қызметкерлері басқа адамның мәліметтері көрсетілген хаттаманы журналист Рысбек Сәрсенбайға алып келген.
- Маған екі полицей келді де, маған осы хаттамаға қол қой деді. Алайда мен мұндай дұрыс толтырылмаған хаттамаға қол қоймайтындығымды айттым. Одан өзге мен ешқандай да әкімшілік заң бұзған жоқпын, мен тек өзімнің азаматтық көзқарасымды білдірдім, – дейді «Жас алаш» басылымының бас редакторы.
Осылайша хаттаманы шараны өткізген тәуелсіз журналист Рысбек Сәрсенбайға емес оның аттасының атына толтырылғандығын кеш анықтаған құқық қорғаушылар, өз қателерін түзеп, шақыртуды тиісті адамға толтыру үшін 1 апта уақыт алды.
Енді Рысбек Сәрсенбайға қатысты әкімшілік сот отырысы алдағы аптада болуы тиіс.
Осы жайтқа қатысты Алмалы аудандың ішкі істер басқармасына хабарласқанымызмен ешқандай жауап ала алмадық.
ЕНДІГІ КЕЗЕК - ЖАСТАРДА
«Республика» басылымның жазуынша, «Бүгін – Жовтис, ертең – сен!» атты наразылық акциясын ертең, сәрсенбі күні журналист жастар, студенттер мен Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі халықаралық қазақстандық бюро қызметкерлері жалғастырмақ.
Белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтистке қатысты шығарылған Бақанас сотының үкіміне наразы азаматтар алматылықтарға танымал Арбат алаңында әр сәрсенбі сайын жиналуды әдетке айналдырған-ды.
Бұдан бұрын бұл акцияны саясаттанушы Виктор Ковтуновский, одан кейін журналист Андрей Свиридов, өткен аптада журналист Сергей Дуванов пен Рысбек Сәрсенбай өткізген болатын.