Accessibility links

Алматыда сәрсенбі сайын Жовтисті қолдау акциясы өткізілуде, бұл жолы полиция тек бақылады


Журналистер Рысбек Сәрсенбайұлы мен Сергей Дуванов қолдарына "Бүгін - Жовтис, ертең - Сіз!" деп екі тілде жазылған плакаттарды алып барады. Алматы, 23 қыркүйек 2009 жыл.
Журналистер Рысбек Сәрсенбайұлы мен Сергей Дуванов қолдарына "Бүгін - Жовтис, ертең - Сіз!" деп екі тілде жазылған плакаттарды алып барады. Алматы, 23 қыркүйек 2009 жыл.

Қыркүйектің 23-і күні журналистер Сергей Дуванов пен Рысбек Сәрсенбайұлы белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтиске шығарылған сот үкіміне наразылық акциясын жалғастырды. Бұл жолы құқық қорғау орган өкілдері тек бақылаушы рөлін атқарды.


Наразылық акциясы әдеттегідей, Алматының Арбат алаңында өтті. «Бүгін – Жовтис, ертең - сендер!» деген жазуы бар плакат көтеріп, футболка киген тәуелсіз журналист Сергей Дуванов пен «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы көпшіліктің алдына шығып, құқыққорғаушыны босатуды талап етті.

«Евгений Жовтисті заңсыз соттап отыр. Ол ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оның кінәсі жоқ. Бақанаста өткен сот Жовисті кінәлі деп тани алмады. Ешқандай нақты айғақ келтіре алған жоқ. Керісінше, Жовтис өзінің заң алдында кінәсі жоқтғыны дәлелдеп берді. Біз Жовтиске азаттық берілуін, оның түрмеден босатылуын талап етеміз»,- деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Ол сондай ақ, көпшілік болып Жовтиске қолдау білдірмесе, халық қорғаушысынан айрылатынын жеткізді. Сөз арасында үш жылға бас бостандығынан айрылған Рамазан Есіргепов пен «Время» газетінің тілшісі Тоқнияз Күшіковке қатысты да сот шешімінің әділетсіз екенін айтып, олардың да босатылуын талап етті.

«Егер бүгін біз Жовтисті қолдамасақ, кез келген азаматты мынадай заңсыздықтардан, бассыздықтардан кім қорғайды? Жовтисті қорғау арқылы біз өзімізді, әділетсіздікьен жапа шегіп жүрген барлық азаматтарды қорғадық деп есептейміз. Рамазан Есіпргеповке бостандық берілсін! Қазақстандағы сөз бостандығы жолындағы күрескерлер, құқық қорғау жолындағы күрескерлер халықтың құрметіне бөленеді. Ал оларды жазалағандар халықтың қарғысына қалады. Осыны есте ұстау керек»,- деп атап көрсетті ол.

Ал тәуелсіз журналист Сергей Дуванов болса, Қазақстанның сот жүйесін сынап өтті.

«Сот процесінің қатысушысы ретінде соттың масқара кейіпте өткенін айтайын. Сот процесін сөзбен сипаттап жеткізу қиын. Бұл Қазақстанның бүкіл сот жүйесін масқара қылды. Менің пікірімше, Жовтисті әділетсіз соттап жіберді, сондықтан оның босатылуын талап етеміз»,- деп мәлімдеді тәуелсіз журналист.

ЖУРНАЛИСТ ПЕН ПРОКУРОР АРАСЫНДАҒЫ ДИАЛОГ

Алмалы ауданының прокуроры Кенжалы Үсіпбергенов акция өткізушілерге таяп, шараның заңсыз екенін айтып, жылдам тарап кетуін талап етті. Ал акцияны өткізуші екі журналист болса, азаматтардың өз пікірін ашық білдіруге құқығы барлығын, Қазақстанның бұл тұрғыда халықаралық келісімге қол жеткізгенін айтты.

Прокурор: -Қолдарыңызда рұқсат қағаз бар ма? Егер рұқсат етілген болса, онда өткізе беріңіздер. Жоқ болса, онда бұл заңсыз. Сондықтан
Жовтисті қолдау акциясын полиция сырттай бақылап тұр. Алматы, 23 қыркүйек 2009 жыл.
тезірек тарап кетіңіздер.
Сергей Дуванов: -Мен сізге заңды оқып берейін. Сіз заңды білуіңіз керек емес пе?
Прокурор: - Керегі жоқ. Басқа заң бар. Пикеттерді өткізудің өз ережесі бар.
Сергей Дуванов: -Ол баяғыда ескірген. Оны папкіңізге салып, мұрағатқа апарыңыз. Қазақстан «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықыралық пактіге қол қойды.

Осыдан соң прокурор көпшіліктің назарынан тыс кетіп, шетке барып бақылап тұрды. Рысбек Сәрсенбайұлы:

«Қазақстанның әрбір азаматы өзінің наразылығын білдіруге қақылы. Бұл Конституцияда жазылған нәрсе. Сондай ақ, Қазақстанның өзі қол қойған халықаралық пакті бар. Қазақстанның барлық заңдардан гөрі басымдыққа ие. Мұны жаңағы прокурор мырза білуге тиіс еді. Өкінішке қарай, олар басшылардың тапсырмасын пактіден де, Конституциядан да жоғары қойып отыр. Қазақстандағы заңсыздық, әділетсіздікті осыдан-ақ көруге болады»,- дейді.

Акция өткізушілер мұнан соң Арбат алаңы бойымен жүріп, көпшілікті Евгений Жовтистің босатылуын биліктен талап ету акциясына қосылуға шақырды.

Рысбек Сәрсенбайұлы мен Сергей Дуванов адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтистің босатылуын талап етіп Арбатты аралап жүр. Алматы, 23 қыркүйек 2009 жыл.
Рысбек Сәрсенбайұлы: «Егер Жовтисті біз дәл осылай қорғасақ, бір-бірімізге иық тірестіріп, арқамызбен пана болсақ, Қазақстанда әділетсіздікке, қиянатқа жол берілмейтін болады. Бүгінгі әділетсіздіктің барлығы да біздің бейжай қарауымыздан. Өз басымызда болмайтындай, тек басқада болатындай деп ойлауымызда. Қазақстандағы биліктің қиянаты әрбір шаңырақты айналып кетпейді. Содан сақ болыңыздар! Бірге болыңыздар! Бірге күресейік!»

Акция Арбат алаңында жүрген азаматтардың назарын өзіне бірден аударды. Наразылық шарасын бақылап тұрған Алматы қаласының тұрғынының пікірін біліп көрген едік.

Бибәтима Шахина: «Менің ойымша, Жовтис деген азаматты кінәсіз жазалап жатыр. Әрине, біз түсінеміз ол адамды басып кетті. Бірақ ол әдейі басқан жоқ қой. Оның отбасы кешірім берді. Егер бұл іс әділ қаралған болса, менің ойымша бұл кісіге 4 жыл берілмес еді. Мысалы, бір шенеуніктің баласы адамды басып кетсе, кешірім беріп, босатады. Мұндай жағдайлар бізде жиі болады. Сондықтан бұл жерде мәселе саясиланған деп түсінем»

Естеріңізге сала кетейік, Евгений Жовтистің бас бостандығынан айрылуына қатысты осыған дейін бұл тектес наразылық акциясын саясаттанушы Виктор Ковтуновский, құқыққорғаушы Баретта Ерғалиева, Тамара Савина, журналист Андрей Свиридов өткізген болатын. Мұндай шаралар Қазақстаннан тыс жерлерде де өтіп жатыр. Атап айтқанда, осыған дейін Мәскеу, Варшава, Киев, Бішкекте болды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG