Accessibility links

Сайлауға қатысуға ниетті партиялар белгілі бола бастады


Парламент сайлауына түсіп жатқан кандидаттардың жарнамалары жанынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)
Парламент сайлауына түсіп жатқан кандидаттардың жарнамалары жанынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Жеті партияның парламент мәжілісі сайлауына қатысуына қақы бар. Сарапшылардың бірі бұл сайлауды «қай партияның тірі қалуын шешетін науқан» десе, екіншісі «босқа ақша шашу» дейді.

Қазақстан орталық сайлау комиссиясы елде ресми тіркелген, парламент мәжілісі сайлауына депутаттыққа кандидаттарын ұсынуға құқығы бар 7 партияның тізімін жариялады. Олар – «Азат», «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік», ЖСДП (Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы), Қазақстан коммунистік халық партиясы және «Нұр Отан» партиясы.

«Осылардың ішінде қай партиялардың сайлауға қатысатынын съездері өткен соң білеміз. Партияларды тіркеу 19 ақпанға дейін жүргізіледі» деп мәлімдеді орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос 22 қаңтарда Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

ҚАЙ ПАРТИЯ САЙЛАУҒА ҚАТЫСУҒА ЫНТАЛЫ?

Өзін-өзі таратуды өтінген парламент мәжілісі 20 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен тарап, кезектен тыс сайлау 20 наурызда өтетін болып белгіленген.

Кейбір партиялар мәжіліс сайлауына қатысуға дайын екендерін мәжіліс тарамай тұрып-ақ мәлімдей бастаған. Мәселен, «Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары Болат Байқадамов бұл жайлы 13 қаңтарда айтқан. Ол: «Біз [парламент сайлауына] қатысып көрген емеспіз. Бұл біздің партия қатысатын алғашқы сайлау болмақ. Көптен бері күтіп жүрміз» деген.

«Ауыл» партиясы өкілдері «сайлауға қатысуы туралы мәлімдемелерін жуықта жасайтындарын» хабарлады. «Бір-екі күнде журналистерді шақырып, брифинг жасаймыз. Сонда айтамыз» деді партия кеңсесіндегі өзін Айнұр деп қана таныстырған азамат Азаттыққа.

Президентшіл "Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев.
Президентшіл "Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев «Партияларыңыз мәжіліс сайлауына қатыса ма?» деген сауалға: «Жақында съезд шақырамыз» деп қана жауап берді.

Қазақстан коммунистік халық партиясының басшысы Владислав Косарев ұйымының «парламентте жұмыс істеу тәжірибесі, азаматтар қолдайтын қандай да бір позициясы бар екенін» айтып: «Сайлауға қатысу мүмкіндігін жібермейміз. Партияның негізгі мақсаты – мемлекет басшысы атап өткен реформаларды жүзеге асыру ісіне қатысу» деді Азаттық тілшісіне.

«Нұр Отан» партиясы келесі аптада ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысатын съезінде «партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданып, парламент мәжілісі депутаттарын сайлауға қатысты партиялық тізімі бекітілетінін» хабарлады.

«Азат» партиясы өткізген наразылық жиынына қатысушылар. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл. (Көрнекі сурет.)
«Азат» партиясы өткізген наразылық жиынына қатысушылар. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл. (Көрнекі сурет.)

ЖСДП да мәжіліс сайлауына қатысу жайын келер аптада шешпек. Ұйымның төралқа мүшесі Тазабек Сәмбетбайдың айтуынша, партия 30 қаңтарда өтетін съезінде сайлау мәселесін талқылайды.

Ал «Азат» партиясы өкілі Маржан Аспандиярова «сайлау мәселесін қарастыру жоспарлары жоқ екенін» айтты.

– Бұл өздерінің белгілі бір жоспарларымен, сценариймен өтетін сайлау ғой. Болашақ парламенттің құрамы әлдеқашан белгіленіп қойған. Сондықтан оған қатысып, уақыт кетірудің қажеті жоқ, – дейді Маржан Аспандиярова.

«ТІРІ ҚАЛУ ҮШІН САЙЛАУҒА ҚАТЫСУ»

Саясаттанушы Максим Казначеев «партиялардың парламенттік сайлауға қатысуы ең әуелі олардың өздері үшін керек» деп біледі.

– Сайлау кампаниясына қатыспау партиялардың өздерін тіркеуден айыру туралы өтініші сияқты қарастырылуы мүмкін. Сондықтан «тірі қалу» үшін саяси партияларға сайлауға қатысу керек, – дейді ол.

Саясаттанушы мәжіліс сайлауының нәтижелері кейбір партиялар үшін сәтті болмаса да, бұл науқан олардың ұйымдастырушылық, ақпараттық-сараптамалық қарымын бағалауға пайдалы боларын айтады.

Шын мәнінде бұл – алдын-ала белгілі, еш таңдау жоқ, еш бәсеке жоқ сайлау.
Сергей Дуванов, журналист.

Ал тәуелсіз журналист Сергей Дуванов бұл сайлауды «түкке қажеті жоқ іс, ақша мен уақытта рәсуа қылу» деп бағалайды. Қазақстанның саяси алаңы оппозициялық күштерден «тазартылғанын» айтқан сарапшы «ел тағы да демократия талаптарына қайшы сайлаулардың біріне куә болады» деп біледі.

– Билікке адал партиялардың жеңетіні анық. Нақты жағдайда олардың барлығының атын атап, түсін түстей аламыз. Мұның бәрі демократиялық сайлау сияқты етіп көрсетіледі. Шын мәнінде бұл – алдын-ала белгілі, еш таңдау жоқ, еш бәсеке жоқ сайлау, – дейді Сергей Дуванов.

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, партиялық тізім бойынша сайланатын мәжіліс сайлауына кандидаттарды ұсыну 8 ақпанға дейін, ал партиялық тізімді тіркеу 19 ақпанға дейін созылады. Үгіт-насихат науқаны ақпанның 20-сында басталып, наурыздың18-і күні кешке аяқталады.

Партиялар сайлау қорын өздері (партияның жеке қаржысы және азаматтардың ұсынған ақшасы арқылы) жасақтайды. Орталық сайлау комиссиясы мәліметінше, сайлауды өткізуге бюджеттен шамамен 4,8 миллиард теңге бөлінген.

Мәжілістегі 107 депутаттық орынның 97-сі партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG