Accessibility links

Бизнес триллион теңге несиені «парасыз алудан» үміттенеді


Қырманда жұмыс істеп жүрген әйел. Ақмола облысы. (Көрнекі сурет)
Қырманда жұмыс істеп жүрген әйел. Ақмола облысы. (Көрнекі сурет)

Үкімет девальвациядан шығынға батқан бизнеске өтемақы ретінде бір триллион теңге несиені жеңілдікпен беруге уәде етті. Кәсіпкерлер оны парасыз алудан үміттенеді.

Биыл ақпанда теңге күрт құнсызданғаннан кейін шығынға ұшыраған шағын және орта бизнеске ұлттық банк есебінен өтемақы ретінде үкімет уәде еткен несиеден жезқазғандық кәсіпкер Рахым Әжібаев те дәмелі. Несие алудың қиындығы мен сергелдеңін өз басынан өткерген кәсіпкер несие беру тәртібін жеңілдетуді ұсынады.

– Ақша болса, кәсібіміз де жүрер еді. Несие алудың өз қиындығы бар. Оны алу үшін кепіл зат қоюуың керек. Ал біздің кепілге қоятын ірі дүние-мүлкіміз жоқ, - деп қынжылады фермер Рахым Әжібаев.

Үкіметтің несие қаржысынан дәмелі кейбір кәсіпкерлерАзаттық тілшісіне «жергілікті шенеуніктермен тамыр-таныстығың болмаса, көмірсутегі қорына бай Қазақстанда бизнесті дамыта алмайсың» деп сенбестік те танытады. Үкіметтің бір триллион теңге несиені азын-аулақ пайызбен көп жылға қарызға беруі - ел экономикасында сирек кездесетін жайт. Мемлекет тарапынан мұндай ауқымды көмек соңғы рет қашан көрсетілгенін Азаттықпен сұхбаттасқан кәсіпкерлер есіне түсіре алмады. Олар «бөлінетін ақша несиеден дәмелілердің бәріне бірдей жетпеуі де мүмкін, жеткен күннің өзінде шенеуніктер мен делдалдарға пара беруге тура келеді» деп қауіптенеді.

ЖЕТІ ЖЫЛҒА – БІР ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Теңге күрт девальвацияға ұшырағаннан кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы несиемен қаржыландыру үшін 2014-2015 жылдары 1 триллион теңге бөлуге уәде етті. Ақшаның бір бөлігі шағын және орта бизнесті несиелендіруге жұмсалмақ.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев шағын және орта бизнесті қолдауға нақты қанша ақша бөлінетінін атамағанымен, несие 7 пайыз
Алматыдағы ақша айырбастайтын орындардың бірінің қасынан өтіп жатқан адамдар. 11 ақпан 2014 жыл.
Алматыдағы ақша айырбастайтын орындардың бірінің қасынан өтіп жатқан адамдар. 11 ақпан 2014 жыл.
жылдық ставкамен жеті жылға берілетінін хабарлады. Кәсіпкерлер несиені «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы алады.

Үкіметтің мұндай несие беруге уәдесі кейбір кәсіпкерлердің үмітін оятқанымен, «несиені пара бермей алсақ» деп армандайды.

Алматы облысының Қызылағаш ауылында тұратын фермер Александр Квитконың айтуынша, кезінде несие алмаққа талаптанған ол талай заңсыздыққа тап болған. Сол кезден бері несие атаулыдан көңілі қалып, күдерін үзген фермер қазір кәсібін несие ақшаға тәуелсіз жүргізуге тырысқанымен, ақшасыз ісінің өнбей жатқанын да мойындайды.

– Ол кезде делдалдар жалпы соманың 7 пайызын беруді сұрады. Оның үстіне, бизнес жоспар сияқты қаптаған қағаз, құжат толтыруың керек екен. Оған қарапайым фермердің қайдан шамасы келсін? Әуелі бұл құжаттарды қалай толтыруды үйретсе ғой... Сұраған анықтама қағазын апарып беріп, «осымен біткен шығар» деп ойлайсың. Жоқ, олар тағы бірдеңе ойлап табады. Несиені өз күшіңмен алу мүмкін емес, - дейді ауыл кәсіпкері Александр Квитко.

ФЕРМЕР КЕПІЛДІ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАЛАЙДЫ

Бұрын-соңды мұндай жеңілдікпен несие алып көрмеген жезқазғандық Рахым Әжібаев та «несиені жария түрде және жемқорлардың жүгенсіздігіне тыйым салып барып алсақ» деп үміттенеді. 1992 жылы шаруа қожалығын құрған ол қазір ірі қара мал өсірумен айналысады әрі құрылыс саласындағы тендерлерге қатысады.

– Жұрт «девальвациядан кейін бизнесті қолдау үшін несие береді екен» деп айтып жүр. Бірақ несие беріп, қолдау таныта қояды дегенге өз басым сене қоймаймын. Қазір құрылыс материалдары түгел қымбаттап жатыр, - деп қынжылады ол.

Мемлекеттің фермерлерге субсидия бөлу тәжірибесін құптайтын Рахым Әжібаев былтыр 700 мың теңге субсидияны қиындықсыз алып, асыл тұқымды екі бұқа сатып алған. Бірақ оның айтуынша, шағын және орта бизнестің дамуына тұсау болып отырған тосқауылдар әлі де жетерлік. Ол бизнесті дамыту үшін кепілдік болуы тиіс деп есептейді.

Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты.
XS
SM
MD
LG