Accessibility links

ҰБТ үздігіне көлік сыйлау дұрыс па?


Емтихан тапсырып отырған оқушылар. (Көрнекі сурет)
Емтихан тапсырып отырған оқушылар. (Көрнекі сурет)

Ақтөбеде әкімнің ҰБТ-да жоғары балл алған оқушыларға осымен бесінші рет қымбат сыйлық бергені хабарланды. Сарапшылар бұл сынақты «облыс беделі» бәсекесіне айналдырғанға қарсы.

Биыл жоғары оқу орнына түскісі келетін мектеп бітірушілерге міндетті саналатын ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) ең көп балл жинағандардың бірі – ақтөбелік Жанар Болатова. Ол өзі қалаған университетіне түсіп, мемлекеттік грант иеленетініне бір қуанса, облыс әкімінің қолынан автокөлік иеленіп екі қуанып тұр.

Cоңғы жылдары Қазақстанның кейбір облыс әкімдіктері тек олимпиада чемпиондарын ғана емес, сол өңірден шыққан үздік мектеп бітірушілерді де осылай марапаттауды дәстүрге айналдырған. Азаттық тілшісімен салтанатты жиында кездескен Жанар облыста тест тапсырған алты жарым мың түлектің арасынан озып шығып, сыйлық алғанына қатты қуанып тұрды.

«Бүгін-ертең көлік жүргізетіндей ойым жоқ. Әкемнің де көлігі бар. Бірақ қатты

Қазақстан білім министрі Аслан Сәрінжіпов (оң жақта) және Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов (сол жақта). Ақтөбе, 27 қыркүйек 2013 жыл.
Қазақстан білім министрі Аслан Сәрінжіпов (оң жақта) және Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов (сол жақта). Ақтөбе, 27 қыркүйек 2013 жыл.

қуанып тұрғаным рас. Ендігі мақсатым – университетті де үздік тәмамдап, соңымнан ерген үш бауырыма үлгі болу» дейді ол.

Осы аптада Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ҰБТ-да 124 балл жинаған екі мектеп бітірушіге автокөлік, 123 балл жинаған төрт мектеп бітірушіге планшет тапсырды.

Бірақ ұйымдастырылуы мен мазмұнына қатысты соңғы уақытта жиі сыналып жүрген ҰБТ-да нақты білім деңгейі анықталмайды деп санайтын белсенділер оқушыларды бұлайша тым асыра материалдық тұрғыда марапаттау орынсыз шығын деп ойлайды.

«ҚЫМБАТ СЫЙЛЫҚ – ЫНТАЛАНДЫРУ АМАЛЫ»

Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім меңгерушісі Гүлжан Құлбекова сыншылардың бұл пікірімен келіспейді. Оның айтуынша, «Ақтөбе облысында бес жылдан бері дәстүрге айналған бұл шара оқушылардың еңбегін бағалау, ынталандыру үшін жасалады».

«Облыс әкімдігі тек мектеп түлектеріне ғана емес, ҰБТ-да жақсы нәтиже

Мектепті бетке алған ауыл балалары. Шұбарши кенті, Ақтөбе облысы, 14 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Мектепті бетке алған ауыл балалары. Шұбарши кенті, Ақтөбе облысы, 14 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

көрсеткен мектептерге де бірнеше миллион теңгелік гранттар береді» деді ол Азаттық тілшісіне.

«Жергілікті әкімдіктер демеушілер тауып, қаржылай қолдау көрсетсе, мұндай марапаттау кейінгі мектеп бітірушілерді де ынталандырады» деп санайтындардың бірі – Астана қаласының тұрғыны Дүкен Мәсімханұлы.

«Астанада ҰБТ-дан 124 балл жинаған үш оқушының бірі – менің қызым. Бірақ ешқандай сый-сияпат болған жоқ. «Біздің де мақтанышымыз боласың, елдің назары түседі, әкім қабылдап сый-сияпатын жасауы да мүмкін» деген сияқты жайттарды баламызға айтып, үміттендіріп қойғанымыз да бар еді. Бірақ ең бастысы ҰБТ нәтижесі өзі үшін керек екенін ұғындырдық» дейді қызы мектепті «Алтын белгіге» бітірген Дүкен Мәсімханұлы.

«ҚЫМБАТ СЫЙЛЫҚ БАСҚА ТҮЛЕКТЕРГЕ АУЫР ТИЕДІ»

Биылғы ҰБТ науқаны кезінде ең жоғарғы ұпай (125 балл) жинаған оқушылардың екеуі Оңтүстік Қазақстан облысы түлектері болған. Облыс әкімдігі оларға 500 мың теңгеден сый берген.

Биыл бітірген 54 оқушысының 27-сі «Алтын белгі», 15-і үздік аттестат алған мектептің – Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның директоры Омархан Қозыбақ «ҰБТ нәтижесі бойынша балаға қымбат сыйлық беру дұрыс емес» деп санайды.

«Қатар оқыған баланың қымбат сыйлық алғаны өзге түлектерді екіұдай ойға қалдырып, ең бастысы мектепті жаңа бітірген оқушының мінез-құлқын өзгертуі мүмкін» дейді мектебі биылғы жетістігі үшін облыстық әкімдіктен «Құрмет грамотасы» мен теледидар алған директор.

«Қымбат сыйлық басқа түлектердің мінез-құлқына әсер етеді» деген пікірді Алматы облысына қарасты Талғар қаласындағы 9-мектептің психолог-мұғалімі Мөлдір Ұзақбайқызы да қолдайды.

«Көліктің ақшасын басқа да жолдармен ынталандыруға жұмсауға болар еді.

Білім сынағында отырған оқушылар. (Көрнекі сурет)
Білім сынағында отырған оқушылар. (Көрнекі сурет)

Бірақ көзге ұрып тұрған дүние жасөспірімдердің арасында қызғаныш тудыруы да мүмкін» дейді ол.

Психолог маманның сөзінше, жаз айларында ҰБТ-ға дайындық күшейтіліп, балалардың жүйкесіне онсыз да көп қысым түседі.

«Білімі бола тұра ҰБТ-да түрлі сәтсіздікке ұшырайтын оқушылар да жеткілікті. Кейде сәтсіздік оқушының өзінен емес, тестегі техникалық қателіктердің салдарынан болуы да мүмкін. Мұндайды әділетсіздік деп санайтын жасөспірімдер қымбат сыйлық алғандарға сенімсіздікпен қарайды» дейді Мөлдір Ұзақбайқызы.

ҰБТ ЖӘНЕ РЕЙТИНГ БӘСЕКЕСІ

Қазақстанда жыл сайын мектеп бітірушілердің ҰБТ тапсыратын уақыты жақындаған сайын жергілікті баспасөздерде аудан мен ауыл әкімдерінің, мектеп директорларының «ҰБТ-ға дайындығы» туралы материалдар көбейеді. Ал ҰБТ өткеннен кейін қай ауданның немесе облыстың ҰБТ-дан қанша балл жинап, нешінші орын алғаны ақпарат құралдарының басты тақырыптарының біріне айналады.

«Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы жетекшісі Дос Көшім осындай жайттарды «науқаншылдық, дүрмек» деп бағалайды. Оның пікірінше, облыс әкімдері

«Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы жетекшісі Дос Көшім.
«Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы жетекшісі Дос Көшім.

жоғары балл жинаған мектеп түлектеріне қымбат сыйлық тапсыру арқылы ҰБТ-ны бәсекеге айналдырғанын түсінбейді.

«Оқушы өзі үшін оқыды, ҰБТ-да өзінің білім деңгейін көрсетті. Облыстың атын шығару үшін жарысқа түскен жоқ» дейді Дос Көшім.

Оның пікірінше, «аудан мен облыс басшылары оқушының жетістігін өз жетістіктеріне айналдырғысы келеді, жеке оқушының көрсеткішін мектептің рейтингі, аудан мен облыстың көрсеткіші деп көрсетеді».

«Мемлекеттік бюджет есебінен қымбат бағалы сыйлық тапсыру оңай. Егер облыс әкімі өз қалтасынан ақша шығарып, көлік әперсе, жөні басқа. Осындай әкімшілік жолдармен ынталандырамыз деп оқушылардың арасына жік, жүйкелеріне салмақ түсіріп жатқанын аңғармайды» дейді Дос Көшім.

Қазақстанда ҰБТ орта мектеп бітірушілерінің білім деңгейін бағалау әдісі ретінде 2004 жылдан бері қолданылып келеді. Советтік кезеңдегі емтихан жүйесін жойып, ҰБТ енгізілгенде бұл жүйе «парақорлық пен тамыр-таныстыққа жол бермейтін әдіс» ретінде бағаланған еді. Бірақ жыл сайын сынақты өткізу процесі сынға ұшырап, оған балама жүйе енгізу мәселесі жиі қозғалып жүр.

Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, биыл 2-9 маусым аралығында өткен ҰБТ сынағын 87 593 түлек тапсырып, оның 20 236-сы қажетті 50 балды жинай алмаған. 13 137 түлек 100 балдан асырған. Ең жоғарғы 125 балды 4 түлек жинаған.

XS
SM
MD
LG