Жұмысшылар мекеме басшылығынан әлеуметтік мәселелерін шешіп беруді талап етеді. Ал компания соттан жұмысқа шықпай, ереуіл жасап жатқан жүздеген жұмысшының талабын заңсыз деп табуды сұрап отыр. Сот біткенше екі тараптан да хабар алу мүмкін болмады.
БЕС КҮННЕН БЕРГІ АШТЫҚ
Екі аптадан бері ереуілге шыққан жүздеген жұмысшының жағдайы қазіргі кезде нашарлаған. Компания тарапынан ешкім келісім жасаспаған соң кейбір жұмысшылар мамырдың 21-і күні аштық акциясын да бастап кеткен.
– Қазір бір бала құлады. Жедел жәрдем машинасымен алып кетті. Екінші баланың да халі нашар. Бүгін шыдай ма, шыдамай ма, білмеймін. Халық қырылып қалса да ешкімнің шаруасы жоқ, – дейді ереуілшілердің бірі Кәрім Жалын мамырдың 25-і күні.
Жұмысшылардың айтуынша, «ереуілді тоқтатуға компаниямен қатар жергілікті әкімшілік пен полиция да күш салып отыр». Осыдан бірнеше күн бұрын жергілікті полиция төрт жұмысшыны қамап тастапты. Мамырдың 25-і күні Қарақия аудандық ішкі істер бөліміне хабарласқан кезде өзін «майор Құлыбаевпын» деп таныстырған өкіл жазбаша сауал жіберуді талап етті.
«БАЛАЛАРЫҢ ЖЕТІМ, ӨЗДЕРІҢ ЖЕСІР ҚАЛАСЫҢДАР»
Жұмысшылардың ереуіліне қазір ауыл халқы да қосылыпты. Олар төрт күннен бері Ақтау мен Құрық арасындағы жолды бөгеп, компания басшылығынан жауап күтіп отыр.
– Бүкіл Ерсайдағы балалардың ата-аналары, әйелдері, бала-шағалары – бәрі осы жерде. Басымыз айналып, неше күн отырғанымызды да білмейміз. Осы жақта түнеп жатырмыз. Балаларымыздың талаптары орындалмайынша осы жерде отыра береміз, – деді ата-аналардың бірі.
Ата-аналар жергілікті әкімшіліктің қоқан-лоқы жасағанын айтып шағымданады.
– «Балаларың жетім, өздерің жесір қаласыңдар. Түрменің түбінде шірисіңдер!» деп қорқытады. Әкімшілік халықты қорқытқаннан басқа қолынан ештеңе келмейтінін көрсетіп қойды. Бірақ біз алған бетімізден қайтпаймыз! – дейді ашынған ата-аналардың бірі.
Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылында орналасқан «Ersai Caspian Contractor LLC» компаниясы жұмысшыларының наразылық шарасы мамырдың 11-і күні басталған болатын.
Жұмысшылар басшылыққа нақты төрт талап қойып отыр, олар – айлықты жүз пайызға көтеру, Қазақстан жұмысшыларының жалақысын шетел азаматтарының жалақысымен теңестіру, ұжымдық келісім-шартты жұмысшылардың мүддесіне қарай бейімдеу және кәсіподақ жұмысына кедергі жасамау.
Ал басшылық жұмысшылардың талаптарын мойындамайтынын, ереуілдің заңсыз екенін айтады.