Accessibility links

Азаматтығы жоқ қазақтар магистратураға түсе алмай жүр


Алматылық студенттер қарсылық акциясын өткізіп тұр. Көрнекі сурет
Алматылық студенттер қарсылық акциясын өткізіп тұр. Көрнекі сурет
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратурасына құжаттарын тапсыра алмай әуре-сарсаңға түскен шетелдік қазақтар кімге шағынарын білмейді. Ал қазақстандық жоғарғы оқу орнының өкілі олардың ақылы бөлімге ғана құжат тапсыра алатынын айтқан.

«АҚЫЛЫ ТҮРДЕ ҒАНА ОҚИ АЛАСЫҢДАР»

Талғар Оралхан – Қытайдан келген қазақ. Алматыдағы Әлем тілдер университетін 2010 жылы бітіріпті. Енді осы білімін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғастырмақшы. Алайда магистратураға құжат қабылдайтын комиссия мүшелері Оралханға «Азаматтығың жоқ болғандықтан, магистратураны тек ақылы түрде оқи аласың. Грантқа түсуге құқың жоқ» деп құжаттарын қабылдамай тастаған.

Талғар Оралхан өзімен бірге Қытайдан келген қарындасының да құжатын аталған оқу орнының қабылдамай отырғанын айтты.
Талғар Оралхан, Қытайдан келген этникалық қазақ студент.
Талғар Оралхан, Қытайдан келген этникалық қазақ студент.

– Менің қолымда көші-қон туралы заң тұр. Сонда «жоғарғы білімді кімдер жалғастыра алады?» деген сауалға «шетелден келген азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері Қазақстан азаматымен тең дәрежеде білім ала алады» деп көрсетілген. Өткен жылға дейін осы заң бойынша құжат қабылдай беретін. Биыл аяқ астынан бүлініп, құжаттарымызды алмай отыр. «Ақылы түрде ғана оқи аласыңдар» дейді. Магистратураға құжат тапсыра алмай жүрген мен ғана емес. Мәселен менің жанымда биыл Қытайдан келген тағы екі бала мен қарындасым бар, – дейді Талғар.

«ЕРЕЖЕГЕ СӘЙКЕС МАГИСТРАТУРАҒА ТЕК АҚЫЛЫ ТҮРДЕ ТҮСЕ АЛАДЫ»

Азаттық тілшісі аталған оқу орнына хабарласып ақпараттың рас-өтірігін сұраған болатын. Ұлттық университеттің Халықаралық қатынастар факультеті, магистратура бөліміне құжат қабылдау комиссиясының мүшесі Қаламқас Мұхамбетжанова:

– Бізге ережеге сай «азаматтығы жоқ немес азаматтыққа құжат тапсырғаны туралы анықтамасы жоқ болса, онда құжаттары тек ақылы түрдегі бөлімге қабылданады» деп түсіндерген болатын. Біз приказ бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - деді.

Ал университеттің баспасөз қызметінің жетекшісі Дәурен Құмарханұлы «Үкіметтің қабылдаған ережесіне сәйкес шетелден келген азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдері шетел азаматтарымен тең дәрежеде қарастырылатынын, олардың тек қана бакалавриатта ғана тегін оқи алатынын» айтты.

Бірақ «ол қай ережеге сәйкес» деген сауалымызға «egov.kz-ті қарап көріңіз. Сол жерде тұрғаны көрінеді» деп жауап берді.

ҮКІМЕТТІҢ КҮШІ ЖОҚ №109 ҚАУЛЫСЫ

Ал білім және ғылым министрлігіне қарасты халықаралық қатынастар басқармасының өкілі Қарлығаш Шаяхметқызы 2012 жылдың 14 қаңтарында бекітілген үкіметтің №109 қаулысын сөз бе-сөз оқып берді.

– Бізде жоғарғы оқу орындарынан кейін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі-қағидалары бар.
Әскери оқу орындарын қоспағанда қазақстанда тұрғылықты тұратын, азаматтығы жоқ тұлғалар егер осы деңгейдегі білімді бірінші рет алатын болса, олар жоғарғы оқу орнынан кейінгі білімді мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін ала алады, - деді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері. Көрнекі сурет
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері. Көрнекі сурет

Аталған қаулының ережесін Азаттық тілшісі де қарап көрген болатын.
Жалпы ереженің екінші тармағында «Білім беру гранты Қазақстан Республикасының азаматымен бірдей басқа мемлекет азаматы болып табылатын қазақ ұлтының өкілдеріне, Қазақстан Республикасында тұрғылықты тұратын шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ тұлғаларға, Ресей Федерациясының, Беларусь Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Қырғыз Республикасының азаматтарына беріледі» деп жазылған.

Ережеде «Қазақстанда тұрғылықты тұратын, бірақ азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілі шетел азаматымен теңестіріледі" деген сөйлем жоқ болып шықты. Университеттің ресми өкіліне осы уәжді айтқанымызда "бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын» деді.

ЕКІ ОҚУ ОРНЫ - ЕКІ ТҮРЛІ ШЕШІМ

Абай атындағы ҚазҰПУ бас корпусы. Алматы, 1 шілде 2012 жыл.
Абай атындағы ҚазҰПУ бас корпусы. Алматы, 1 шілде 2012 жыл.

Талғар Оралхан Ұлттық университеттен қайран болмаған соң, құжаттарын Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университеттің магистратурасына тапсырды. Талғар Азаттық тілшісіне:

- Бүгін (шілденің 26-сы - ред.) педагогикалық университет құжаттарымды магистратураға еш кедергісіз қабылдады, - деді.

Азаттық тілшісі Абай атындағы педагогикалық университетке де хабарласты. Өзін құжаттар қабылдау комиссиясының мүшесімін деп таныстырған Мәдина есімді әйел адам: "Бізде ондай проблема жоқ. Құжаттарын қабылдап жатырмыз" деді.
XS
SM
MD
LG