Қостанайлық фермер әрі «Қамысты-Инвест» етті қайта өңдеу компаниясы басшысы Жанат Орқашбаев Ресейдің Орынбор және Челябинск сияқты көрші облыстарынан өнімдерін сататын жаңа нарық іздейді. Оның айтуынша, Қазақстан нарығында бәсеке күшейген.
- Жеке меншіктің малын сатып алып, өз шаруашылығымызды құрып едік. Қосалқы шаруашылықтан бастап, қазір мал басын 400-ге жеткіздік. Былтыр ешқандай субсиядиясыз-ақ экспортқа 900 тонна ет жібергенбіз, - дейді Жанат Орқашбаев.
Бірақ оның айтуынша, Ресей рублі құлдырауына байланысты былтыр жыл аяғына қарай бизнесте проблемалар басталған. Фермердің айтуынша, қазір «тауар Ресейден кері келіп жатыр».
- Жұрт сапалы өнімге емес, ол жақтан келіп жатқан арзан тауарға жүгіретін болды. Мына арадан Астанаға дейін бір мың шақырым, ал Челябинскіге дейін - 400 шақырым. Біз шекарада тұрамыз. Біз етті оларға экспорттаймыз ба десек, олар бізге жіберіп жатыр, - дейді Жанат Орқашбаев.
Үкімет 2015 жылдан бастап ірі қара мал етінің көп бөлігі Қазақстанмен шекаралас Ресей облыстарына экспортталады деп үміттенген. Бірақ жыл басынан бері жергілікті өндірушілер «рубльдің теңгеге шаққандағы бағамының құлдырауы Ресей өнімдерін тым арзандатып жіберді» деп шағымданады. Олар өз өнімдерін арзан бағаға сата алмайды.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Рахим Ошақбаевтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы кейбір тағам кәсіпорындары рублі девальвацияланған Ресей нарығынан айырылмауға тырысқанымен, өнімдерін өз құнынан арзан бағаға сатып, шығынға батып отыр.
Ақмола облысында тұратын тағы бір фермер, «Қаз Биф ЛТД» компаниясы басшысы Бақытбек Алғазиевтің айтуынша, қазақстандық кәсіпорындар Ресей нарығындағы Бразилия және Аргентина сияқты ет өндіруші елдермен де бәсекелесуге мәжбүр.
- Ресей тұтынушыларына біздің ет ұнайды, олар қазақстандық еттің сапалы екенін біледі. Бірақ қазір әрең отырмыз. Компаниямыз Ресей нарығына қаншама ақша салып кірді, енді одан бас тартқымыз келмейді. Өзге нарықтар да бар. Мысалы, Эмираттан келетін ұшаққа 60 тонна өнім тиеуге болады. Бұл өнімді өндіру үшін шамамен үш аптадай жұмыс істеуге тиіспін. Жалпы, сатып алушылар бар, бірақ [оларды қамтамасыз етуге] әлі шамамыз келмей жатыр, - дейді Бақытбек Алғазиев.
Ол компаниясы 500 тонна ет өнімдерін экспорттайды деп жоспарлаған, бірақ әзірге өнімдерін Ресейге бұл жоспардан 30 пайызға аз сатқан.
Ресей тұтынушыларына біздің ет ұнайды, олар қазақстандық еттің сапалы екенін біледі. Бірақ қазір әрең отырмыз. Компаниямыз Ресей нарығына қаншама ақша салып кірді, енді одан бас тартқымыз келмейді.
Төрт жыл бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы министрлігіне ет экспорты көлемін ұлғайту міндетін жүктеген болатын. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, былтыр Қазақстан 12 мың тоннадан көп ет және ет өнімдерін экспорттаған, оның жеті мыңға жуық тоннасы – сиыр еті. Ол Қазақстанның ет өндірушілері көптен бері мұндай көлемде өнім экспорттамаған деп санайды.
Ресми дерекке сәйкес, 2013 жылы Қазақстан небәрі 1 миллион 600 мың тонна ғана ет экспорттаған. Бұл көрсеткіш импортпен салыстырғанда өте төмен деп саналады. Сол жылы Қазақстан өзге елдерден, әсіресе Канада мен Аргентинадан 210 мың тоннадай ет әкелген. Қазақстанда мал бордақылау инфрақұрылымы дұрыс дамымағанын «ҚазАгроПродукт» компаниясы мамандары да мойындайды.