Accessibility links

Мамандар санкцияның Қазақстанға әсер етер-етпесіне дауласады


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен амандасып тұр. Минск, 29 сәуір 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен амандасып тұр. Минск, 29 сәуір 2014 жыл.

АҚШ пен ЕО осы аптада Ресейге байланысты жаңа санкциялар қабылдады. Қазақстандық мамандар көрші мемлекетке қарсы бұл шараның өз елдеріне қандай әсері боларын болжайды.

АҚШ пен Еуропа Одағы (ЕО) шілденің 29-ы күні Украинаның шығысындағы сепаратистік қақтығыстарға байланысты Ресейге тағы да санкциялар салды. Санкциялар Ресейдегі банк секторы, кеме өнеркәсібі, сақтандыру саласы, қару-жарақ саудасы мен жаңа технология сияқты салаларды қамтиды. Ақ үй өкілдерінің сөзінше, «бұл – Ресейге салынған санкциялардың ішіндегі ең қуаттысы».

РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ

Ресейге қарсы шектеу шараларының күшеюі ол елдің Кеден Одағындағы әріптесі Қазақстандағы мамандарды да алаңдата бастады.

Экономист Марат Қайырленовтің пікірінше, Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанға ауқымды әсері болады.

– Қазақстан бойынша геосаяси тәуекелдер күшейеді. Инвесторлар Ресей мен Грузия, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстарға қарай отырып, оның көршісі Қазақстанға ұзақ мерзімге инвестиция салар алдында он рет ойланатын болады. Осының салдарынан қарыз алу құны да қымбаттай түседі. Несиелерінің үштен бірінен астамы жұмыс істемей тұрған Қазақстан банк жүйесінің ахуалы қазір онсыз да мәз емес, – дейді Марат Қайырленов.

Оның айтуынша, санкцияға жолыққан Ресейге бола Қазақстанға қатысты тәуекелдің де күшеюі қаржы капиталының сыртқа ағылуын арттырып, елдің валюта нарығына да соққы болмақ.

Марат Қайырленов.
Марат Қайырленов.

Ал Марат Қайырленовтің әріптесі Олжас Құдайбергенов «әзірге Ресейге салынған санкцияның Қазақстанға тікелей әсері білінбейді, ал жанама әсері жайлы айтуға әлі ертерек» деп есептейді.

– Әуелі Ресейге санкция қалай әсер ететінін көрейік. Бәрі де санкция салдарынан дағдарыстың тереңдеуіне байланысты. Егер Ресейде санкция әсері 100 пайызға білінсе, онда Қазақстанға әсері 5-10 пайыз шамасында сезіледі – оның өзінде ықпалы көбіне экономикалық сипатта болады, – дейді экономист.

«РЕСЕЙГЕ КӨМЕКТЕССЕ, ҚАЗАҚСТАН ДА ШЫҒЫНҒА БАТАДЫ»

Бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі, экономист Марат Толыбаевтың айтуынша, «Ресеймен арадағы тауар айналымы жылына 23,5 миллиард доллар болып отырған Қазақстанға шын мәнінде санкциядан келіп-кетер қауіп жоқ».

– Қазақстанның жалпы экспорты көлемінде Ресейдің үлес салмағы небәрі жеті пайыз ғана. Яғни Ресей Қазақстанның негізгі клиенті емес. Ресейдің қаржылық мәселелері, тіпті экспорттағы үлесі бүтіндей қысқарып кетсе де, Қазақстанға аса қатты әсер ете қоймайды. Ал Қазақстанға Ресейден келетін импорт үлесі 36,2 пайызды құрайды. Бұл недәуір болса да, мұндай тәуелділіктің нақты жағдайда зияны жоқ. Себебі санкция Ресей өнімдерінің Батысқа баратын жолын жабады, – дейді экономист Марат Толыбаев.

Ресей премьері Дмитрий Медведев (сол жақта) пен Қазақстан үкімет басшысы Кәрім Мәсімов. Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.
Ресей премьері Дмитрий Медведев (сол жақта) пен Қазақстан үкімет басшысы Кәрім Мәсімов. Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.

Оның айтуынша, Қазақстан Ресей мен Батыстың арасындағы дауға араласып, Ресей тауарларының әлемдік нарыққа шығуына көмектессе, онда Батыстың санкциясы зардабына өзі де ұрынады.

– Қазақстан мен Ресей арасында кедендік шекаралар жоқ. Бұл кез келген тауар Ресейден Қазақстанға әкелініп, осы жақтан қазақстандық тауар ретінде әлемдік нарыққа шығуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл әсіресе астық, металл сияқты өнімдерге қатысты. Егер Батыс мұны тез түсініп қойса, онда Қазақстанмен де «шекарасын» жабуға тура келеді. Мұндай жағдайда Қазақстан Ресеймен бірге ірі шығынға ұшырайды, – дейді экономист.

Марат Толыбаев Батыс мұндай «қулыққа» қарсы ешбір шара қолданбаса, Қазақстанның Ресеймен және Еуропамен арадағы тауар айналымы ұлғаюы мүмкін екенін айтады.

АҚШ пен ЕО-ның Ресейге қарсы санкциялары Кремльдің Қырым түбегін аннексиялауына байланысты биыл наурыз айында жариялана бастаған. Содан бері Ресейге бірнеше мәрте санкция салынды. Украинаның ресейшіл сепаратистер қақтығысы тоқтамай отырған шығысындағы дағдарыс созылған сайын жаңа шектеулер тізіміне кірген ресейлік азаматтар мен компаниялар көбейіп келеді.

АҚШ президенті Барак Обама Ресейге қарсы санкцияларды жариялап тұр. Вашингтон, 29 шілде 2014 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама Ресейге қарсы санкцияларды жариялап тұр. Вашингтон, 29 шілде 2014 жыл.

Мәскеуге қарсы соңғы санкциялардың қомақты тізімі шілденің 29-ы күні жарияланды. АҚШ қаржы министрлігі Ресейдің үш банкі мен кеме жасаушы компаниясына қарсы санкция салды. Ал АҚШ сауда министрлігі Ресейге тиесілі Арктика жағалауларында пайдалы қазбаларды бұрғылау немесе суасты зерттеу жұмыстарына қажетті жоғары технологияларды осы елге экспорттауға шектеу қоятынын мәлімдеді. АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігі Ресеймен барлық екіжақты қаржылық және несие қатынастарын тоқтатты. Шетелдік жекеменшік инвестициялар корпорациясы Ресейге қандай да бір жаңа қаржылық қызмет көрсетуді және бұл елмен сақтандыру шарттарын жасасуды доғарды. АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі Ресеймен бірге қандай да бір экспорттық операция жүргізуден бас тартты.

Сол күні ЕО да Ресей банктерінің Еуропадағы қаржы нарықтарындағы қызметін шектеуді, энергетикалық салалардағы ынтымақтастықты азайту шараларын және қару-жарақ саудасына тыйым салуды мақұлдады. Бұған дейін арасында Ресей президенті Владимир Путиннің іскер төрт серігі бар сегіз адам мен үш компанияға қарсы шара қолданған ЕО осымен ресейлік 87 азамат мен 20 компанияға қарсы санкция салып отыр.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG