Accessibility links

Қаржы полициясы «Комета S» баспасын тексерудің саяси астары жоқ деп мәлімдесе, Козлов өз уәжін Варшавада айтты


Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай. Астана, 30 қыркүйек, 2009 жыл.
Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай. Астана, 30 қыркүйек, 2009 жыл.

Қаржы полициясы «Комета S» баспасының кәсіпкерлік іс-әрекеттерін тексеруде ешқандай саяси астар жоқ десе, ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы адамзат өлшемдері конференциясында Владимир Козлов Қазақстанда тәуелсіз партияны тіркеу мүмкін еместігін мәлімдеген.

Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай сәрсенбі күні Астанада өткен баспасөз-мәслхатында жоғарыдағы аты аталған «Комета S» баспасын тексеру ісінде, қандай да бір саяси партияның қызметін қадағалау ниеті жатқан жоқ деп мәлімдеді.

- «Комета S» баспасына алғашында орыс және қазақ тілдерінде 10 мың дана бюллетенге тапсырыс келген. Бұл сондай-ақ баспаның тапсырыстарды тіркеу кітабында тиісті жазбамен куәландырылған. «Алға!» халықтық партияны құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің тапсырыс басқа баспалар бас тартқаны үшін, соңғы сәтте ғана ұлғайтылды деген» сөздері орынсыз. Себебі, бұл баспаға бюллетеннің 19 мың данасы үшін 321 мың теңге нақты төленгендігімен жоққа шығарылады, - дейді Мұрат Жұманбай.

Қаржы полициясының ресми өкілі сонымен бірге ұйымдастыру комитетінің аталған бюллетендерге толықтай тапсырыс түспегендігі жөнінде жазбаша хаттарының барын айтып отыр.

- Баспадан тәркіленген құжаттар мен өнімдер ұйымдастыру комитетінің қандай да бір мүліктік мәселелеріне немесе баспаға ешқандай қатысы жоқ. Олар Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 221-бабына сәйкес, материалдық обьекті болып табылады. Есепке алынбаған баспа өнімдері ешкімге таратылмағандығын және жүргізілетін тексерістің материалдарына қосылғандығын ескертеміз, - деді Мұрат Жұманбай.

Осыларды есепке ала отырып, Қаржы полициясының өкілі өз тараптарынан баспа аумағындағы жедел іздестіру шаралары Қазақстанның қолданыстағы заңнамасымен қатаң тәртіпте жүзеге асырылғанын тілге тиек етіп, іс-әрекеттерінің заңға қайшы келмейтінін алға тартты.

Ал осы кезде, Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның адамзат өлшемдері бойынша конференциясында «Алға!» халықтық партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Владимир Козлов Қазақстан билігін ашық сынап, Қаржы полициясының әрекеттеріне тоқталған. Бұл жөнінде партияның баспасөз қызметі таратқан баспасөз баянында жазылған екен.

- Қазақстанның «Саяси партиялар туралы» заңы, ескісі болсын, жаңасы болсын билікке бізді мың күндеп тіркемеуге мүмкіндік береді. Бұл жайында бес жүз күнімізде биліктің іс-әрекеті жөнінде тақпақтар құрастырғанбыз. Ал тамыздың 5-күні мың бір күнімізді атап өттік. Ал қазіргі кезде ертегілер жинағын жарыққа шығарғалы жатымыз, - деген Владимир Козлов Варшавада сөйлеген сөзінде.

Ал Қаржы полициясының әрекеттері туралы Владимир Козлов:

-Біздің газеттерімізді және үндеу парақшаларымызды шығаратын бірден-бір баспаны Қаржы полициясы жауып тастады. Олар газеттер жарыққа шығып жатқан кезде, аяқ астынан басып кіріп, мүлкімізді тәркіледі. Енді келіп, бұл әрекеттерін баспаның қаржылық заңсыздықтарымен байланыстырып отыр, - деді.

Қаржы полициясы қыркүйектің 24-і күні түнде Алматыдағы «Комета S» баспасының барлық мүлкін тәркілеп, оның қызметін уақытша тоқтатқан болатын. Осының алдында, яғни қыркүйектің 18-і күні Алматыдағы «Время-принт» баспасында «Республика - деловое обозрение» газетінің сол күнгі саны тәркіленіп, ал «Комета S» баспасында тексеру жүргізілген еді.
XS
SM
MD
LG