Accessibility links

Тіркелмеген ұйым атынан әрекет етті деп айыпталған Козловқа қарсы әкімшілік сот тағы да кейінге қалдырылды


Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Алматы, 14 мамыр, 2099 жыл.
Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Алматы, 14 мамыр, 2099 жыл.

Жұма күні судья істе бұрын тіркелген материалдардың жоқ екендігін ескертіп, айыптаушы жақтың кемшілікті түзетуіне сейсенбіге дейін мұрсат берді. Ал «Алға» партиясының жетекшісі құжаттардың Әділет министрлігіне тапсырылғанына 917 күн болғандығын айтады.

Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуроры К. Усіпбаев ҚР Әкімшілік кодексінің 1-бөлімі, 374-і бабы бойынша тіркелмеген қоғамдық ұйымды басқаруға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықты негізге ала отырып, ресми тіркеуде жоқ «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козловқа қарсы әкімшілік іс қозғады. Атап айтқанда "Алға" партиясының жетекшілігіне Әділет министрлігінде тіркеуден өтпей тұрып, партияның атынан саяси мәлімдемелер жасады, тіркелмеген партия атымен аттас газет шығарып отыр деген айып тағылды

Әкімшілік іс материалдары Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына тапсырылды. Алғашқы сот мәжілісі мамырдың 14-нен 15-іне шегерілген еді, енді 19 мамырға қалды.

Владимир Козловтың айтуынша, 7 жылдық тарихы бар «Алға» бір мәрте ғана ресми тіркеуде болған. Оның өзінде де бұл партияның ғұмыры бір жылға да жетпеді.

Бұл жердегі әңгіме 2004 жылы мамырда құрылып келесі жылдың басында жабылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы туралы болып отыр. Одан кейін «алғалықтар» бірнеше мәрте тіркеуден өтуге талпыныс жасап көрген. ҚР Әділет министрлігіне қанша мәрте арызданғандығын Владимир Козловтың өзі де ұмытып қалыпты.

2005 жылы қыркүйекте партияны ұйымдастыру комитеті 63 мың адамның қолы қойылған құжаттарды тіркеуге ҚР Әділет министрлігіне өткізеді. Келесі жылдың ақпанында аталған ведомство партия мүшелерінің 439 өтінішінде қате кеткендігіне байланысты «Алғаны» тіркеуден бас тартты. Ал 2006 жылы қараша айында «Алға» Әділет министрлігіне 53 мың адамның өтінішінен тұратын жаңа тізімді табыстайды.

- Дәл қанша рет екендігін қазір дөп басып айта алмай тұрмын, әйтеуір он шақты рет тіркелуге күш салғанымыз анық. Ал, біздің тіркелу тарихымыздағы ең соңғы өтінішіміз 2006 жылы тапсырылған. Сол жылы 30 желтоқсанда Әділет министрлігінен құжаттарды тексеру жүріп жатқандығына байланысты тіркеу ісінде үзіліс жарияланғандығы туралы қағаз келген. Содан бері біздің құжаттарымыз тексеріліп жатыр.

ӨТІНІШ ҮШ ЖЫЛДАЙ УАҚЫТТАН БЕРІ ҚАРАЛЫП ЖАТЫР

ҚР саяси партиялар туралы заңы бойынша қоғамдық ұйымды тіркеу-тіркемеу туралы шешім бір айдың ішінде қабылдануы тиіс. Ал «Алға» ұйымдастыру комитетінің өтініш түсіргеніне 917 күн болыпты.

- Қандайда бір шешім 30 күннің ішінде қабылданып жатса, онда дәл бүгінгідей жағдай тумас еді. Яғни, біз үш жылға жуық уақыт «ұйымдастыру комитеті» режимінде қалмас едік. Құжаттарымызды өтізген заң бойынша, біз өз қызметімізді атқарып жатырмыз. Біз Әділет министрлігінен тіркеу туралы шешімді күту қызметін атқарып жатырмыз, - дейді Козлов.

«Алға» партиясы ұйымдастыру комитеті жетекшісінің айтуынша, қазіргі таңда тіркелмеген бұл ұйымның 50 мыңға жуық мүшесі бар. Ұйымның аймақтарда 14 филиалы жұмыс істейді. Биыл ол Серікболсын Әбділдин төрағалық ететін Коммунистік партиямен бірге «Халық билігі» блогына бірікті. Қазақстанда кезектен тыс сайлау жарияланатын болса, «алғалықтар» коммунистермен бірге болмақ.

- Егер Қазақстанда кезектен тыс сайлау өте қалған жағдайда, біз коммунистерге көмектесетін боламыз. Коммунистермен арадағы әріптестік 2002 жылдан бері жалғасып келе жатыр, - деді Владимир Козлов.

Коммунист Серікболсын Әбділдин болса Козлов мырзаның қоғаммен жұмыс істеуге толық құқығы бар деп есептейді.

- Құжаттары тіркеуге берілгеннен кейін ол партияның атынан әрекет етіп жүр. Съезд өткізіп, партия боламыз деп ортақ шешім қабылдағаннан кейін, олардың партиямыз деп айтуға мүмкіндіктері бар, - дейді Әбділдин.

Оның айтуынша, блокқа бірігу туралы екіжақты келісім қоғамдық жұмыстарды бірігіп атқаруды, республикада сайлау жарияланған жағдайда өзара көмек көрсетуді қарастырады.

Ресми тіркеуде жоқ «Алға» халықтық партиясының құрылтай съезі 2005 жылы шілденің 23-і күні өткен. Ол 2005 жылы қаңтарда сот шешімімен жабылған «Қазақстан демократиялық таңдауы» халықтық партиясының мұрагері саналады.
XS
SM
MD
LG