Агенттіктің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсім Жәлелитдинова грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиев мемлекеттік туды Президент Назарбаевтың қолынан алатынын және олимпиаданың ашылу салтанатында ұстап шығатынын растады.
«Нұрмахан грек-рим күресінен әлем чемпионатында екі рет қола жүлде алған. Азия чемпионы. Оның кандидатурасы агенттікте бірден қолдау тапты» дейді Гүлсім Жәлелитдинова.
Спорт және дене шынықтыру агенттігі Лондон олимпиадасына баратын жанкүйерлердің атрибуттарын да жариялады.
Лондонға Қазақстан спортшыларын қолдауға баратындарға арналған ту, жанкүйерлердің жарыс кезінде алмасатын жалаушасы, бейсболка, футболка дайын. Барлығының түсі көк. Бәрінде «Алға Қазақстан» деген жазу бар. Бұл атрибуттар жанкүйерлерге олимпиада кезінде тегін таратылады.
Агенттік жанкүйерлер әнұранын да халық назарына ұсынды. «Алға Қазақстан! Біз жеңеміз!» деген әуеннің авторы Ескендір және Біржан Хасанғалиевтар. Әнұран қазақ және орыс тілдерінде орындалады.
Әуен авторларының бірі Біржан Хасанғалиев «Бұл әннің сөзін ақын Серік Қалиев жазды. Аудармашылар бір шумағын орыс тіліне аударды. Әнұранды жазуға бір айдай уақыт кетті. Басында әуеннің төрт нұсқасын дайындадық. Комиссия біреуін таңдап алды. Әнұранды әкем (Ескендір Хасанғалиев) және мен, Мадина Сәдуақасова, Диана Шарапова, Әлішер Кәрімов, «Жігіттер» тобы орындайды» дейді.
Ескендір Хасанғалиев осыған дейін 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Қысқы Азия ойындарының (Азиада) әнұранын жазған.