Accessibility links

Олимпиадаға жолдама алудан Қазақстан аймақта алға шықты


Грекия актрисасы Ино Менегаки (сол жақта) Грекияның суға жүзу чемпионы Спиридон Янниотиске (оң жақта) зәйтүн ағашының бұтағы мен Лондон олимпиадасының алауын беріп тұр. Грекия, 10 мамыр 2012 жыл.
Грекия актрисасы Ино Менегаки (сол жақта) Грекияның суға жүзу чемпионы Спиридон Янниотиске (оң жақта) зәйтүн ағашының бұтағы мен Лондон олимпиадасының алауын беріп тұр. Грекия, 10 мамыр 2012 жыл.

Лондон олимпиадасына баратын қазақстандық спортшылар саны 92-ге жетті. Қазір Қазақстан Орта Азия елдерінің арасында жолдама саны бойынша бірінші орында тұр.


Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) жақында олимпиадаға баратын дзюдошылардың тізімін жариялады.

ЖОЛДАМА ЖАҒЫНАН АЛМАТЫ АЛДА

IJF рейтингі бойынша қазақстандық тоғыз татами шебері Лондон лицензиясын иеленді:

1. Еркебұлан Косаев (60 килограмм),
2. Сергей Лим (66 килограмм),
3. Ринат Ибрагимов (73 килограмм),
4. Ислам Бозбаев (81 килограмм),
5. Тимур Болат (90 килограмм),
6. Максим Раков (100 килограмм),
7. Ержан Шынкеев (+100 килограмм),
8. Гүлжан Исанова (+78 килограмм),
9. Александра Подрядова (48 килограмм).
Лондондағы олимпиада ойындарының стадионы. Лондон, 2 мамыр 2012 жыл.
Лондондағы олимпиада ойындарының стадионы. Лондон, 2 мамыр 2012 жыл.

Ал боксшы қыздар арасында Қытайда өткен әлем чемпионатында қазақстандық Саида Хасенова Лондонға жолдама алды.

Саида Хасенова 60 килограмм салмақ бойынша Азия құрлығына бөлінген жалғыз «билетті» иеленіп отыр.

Басқа салмақтарда рингке шыққан Марина Вольнова мен Жайна Шекербекова Лондон лицензиясын ала алмады.

Сонымен Лондон олимпиадасына баратын қазақстандықтар саны 92-ге жетті. Олимпиада басталғанға дейін жеңіл атлетика, теннис, жүзу спортынан да лицензия алуға мүмкіндік бар.

Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігінің мәліметіне сүйенсек, қазір ең көп жолдама Алматы қаласының спортшыларында – 12 лицензия. Одан кейінгі орындарда Оңтүстік Қазақстан облысы (9), Астана қаласы (8), Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары (7) тұр.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖОЛДАМАСЫ ЕҢ КӨП ЕЛ ҚАЗАҚСТАН

Мамыр айында Қазақстан – 13, Өзбекстан – 12, Қырғызстан мен Тәжікстан – бес, ал Түркіменстан бір жолдама алып үлгерді.

Өзбекстан Лондонға сегіз балуан,
Илья Ильиннің Пекин олимпиадасының чемпионы болған сәті. Пекин, 17 тамыз 2008 жыл.
Илья Ильиннің Пекин олимпиадасының чемпионы болған сәті. Пекин, 17 тамыз 2008 жыл.
жеті дзюдо шеберін, алты боксшы және алты жеңіл атлетін апарады.

Қырғызстанның әзірге күрестен - төрт, дзюдодан - екі және ауыр атлетика, нысана көздеу, таэквондодан бір-бірден жолдамасы бар.

Тәжікстан балуандары (төрт спортшы) мен боксшыларынан (төрт спортшы) үміт күтеді.

Ал Түркіменстан боксшылары (екі боксшы) мен ауыр атлеттеріне (3 спортшы) сеніп отыр.

Орталық Азия елдері алған олимпиада жолдамалары (2012 жылдың 21 мамыры күнгі дерек)

Атланта-1996 Сидней-2000 Афина-2004 Бейжің-2008 Лондон-2012
Қазақстан 96 130 124 132 92 (әзірше)
Қырғызстан 33 48 29 21 9 (әзірше)
Тәжікстан 8 4 9 13 12 (әзірше)
Түркіменстан 7 8 9 10 6 (әзірше)
Өзбекстан 71 70 70 56 50 (әзірше)

ӘЛЕМ БОЙЫНША КӨП ЖОЛДАМА АЛҒАН АҚШ

ТМД елдерінің ішінде Ресей (366 спортшы) мен Украинаның (257 адам) лицензиясы көп. Ал Беларусьтің жолдамасы Қазақстандыкінен асып тұр - Лондонға 138 спортшысы барады. Әзербайжанның (52 спортшы) Лондонға алған «билеті» Грузиядан (28 адам) көп.
Гимнастикадан олимпиада чемпионы, АҚШ құрамасының мүшесі Настя Люкин. АҚШ, 26 шілде 2011 жыл.
Гимнастикадан олимпиада чемпионы, АҚШ құрамасының мүшесі Настя Люкин. АҚШ, 26 шілде 2011 жыл.

Ал әлем бойынша жолдама жағынан қазір АҚШ - көшбасшы. Бұл елдің 488 спортшысы олимпиадаға әзірленіп жатыр. Ұлыбританияның еншісінде 501 лицензия бар. Алайда бұл ел көп жолдаманы жарысты ұйымдастырушы мемлекет ретінде тікелей алған. Азия елдерінен Қытай (317 жолдама), Жапония (265 спортшы), Корея (193 адам) елдері жолдама саны жағынан алда тұр.

Африка құрлығы бойынша Оңтүстік Африка Республикасы - 142, Египет - 109 және Марокко 73 жолдама алды. Ал Оңтүстік Америка мен Кариб теңізі аймағында Бразилия - 255, Аргентина - 138, Куба 105 лицензияға қол жеткізді. Ал алпауыт елдерді салыстырсақ: Германияның жолдамасы - 319, Канада - 291, Франция - 262, Италия мен Испаниядағы лицензиялар - 233.

Саяси жағдайы тұрақсыз елдердің ішінде Ливия мен Ауғанстанда Лондон ойындарына әзірге екі-екіден ғана жолдама бар. Ирактың үш, Сирияның алты спортшысы әлемдік спорт додасына қамданып жатыр.

Бүгінге дейін Олимпиадаға 183 елдің спортшылары жолдама алды. Жүлдеге Лондон лицензиясы тігілетін жарыстар шілде айының басына дейін болады. Бұл – мақалада жарияланған бұл көрсеткіштер өзгереді деген сөз.
XS
SM
MD
LG