Қарағанды облысындағы Садовое ауылының тұрғыны Мұқатай Жантайлықтың Азаттыққа айтуынша, мүлікті бағалаушы компания қызметі үйіне тасқын судан келген шығынды бар-жоғы 450 мың теңгеге бағалаған. Оның ойынша, бұл - өте аз сома еденді тұтастай ауыстыру, қабырғаны қайтадан сылату сияқты құрылыс шығындарын өтемейді. Бірақ, ол соған қарамастан құжаттарға қолын қойып, ұсынылған ақшаны алуға келісімін берген.
– Төрт балам бар. Үйім 59 шаршы метрлік. Басында айтқан ақшаны азсындым. Біз заңды жақсы білмейміз. Қанағаттанып, қолымызды қойып, жібере салдық. Бүлінген үйді өзіміз бүтіндерміз. Енді қайтеміз? – дейді ол.
Ал осы ауылдың екінші тұрғыны Бақытгүл Кенжелхан мүлікті бағалаушы компанияның ұсынысымен келіспей отыр. Оның айтуынша, бастапқыда бес бөлмелі үйі бұзылып, жаңадан салынатыны айтылған.
Көрші үймен іргетасым, шатырым, қабырғам ортақ. Оныкі бұзылмақ. Сонда менікі де бүлінбей ме?
– Екінші рет келіп бағалаған кезде шығын өтемі деп 271 мың теңге ұсынды. «Бұзып жаңадан саламыз» деген сөз жоқ. Көрші үймен іргетасым, шатырым, қабырғам ортақ. Оныкі бұзылмақ. Сонда менікі де бүлінбей ме? Екі жүз мың теңгеге оны қалай реттеймін? «Берген ақшаны алыңдар, әйтпесе ол да жоқ деп» қысым көрсетіп жатыр. Әзірге қағаздарына қол қоймай отырмын. Әкім де бір жағымызға шығыспайды, –дейді Бақытгүл Кенжелхан.
Бағалаушы мекеменің қызметіне ауыл тұрғыны Құрмет Уәжіптің де көңілі толмайды. Аумағы 96 шаршы метрлік, шпал ағашынан салынған оның үйіне биіктігі бір жарым метрлік қызыл су кіріп, қозғалмай он күндей тұрған. Соның әсерінен қабырға сылақтары езіліп түсіп, еден көтеріліп, үй ішіндегі тоңазытқыш, теледидар, төсек-жабдық сияқты мүліктердің бәрі жарамсыз болып қалған. «Союз независимых экспертов Караганда» атты жекеменшік серіктестік Құрмет Уәжіптің үйіне қажетті жөндеу жұмысы мен дүние шығынын қоса есептеп, бәрін 560 мың теңгеге жеткізген. Алайда үй иесінің өз санағы бойынша, соңғы бір айда қаладан мәжбүрлікпен жалдап тұрып жатқан пәтер қаражатын есептемегенде тасқын судан бір жарым миллион теңге шығын көрген. Садовое ауылында бағалау жұмысын жүргізіп жатқан жеке серіктестіктің өкілдері Азаттыққа телефон арқылы түсініктеме беруге құлық танытпады.
«БАҒАЛАУШЫ КОМПАНИЯНЫ СОТҚА БЕРЕ АЛАДЫ»
Ал Садовоеның үстінен қарайтын Гагарин ауылдық округінің әкімі Алтын Сайдалдина бағалаушы компанияларға сөзі өтпейтінін айтады.
– «Берген ақшаны алыңдар, әйтпесе ол да жоқ» деген сөзді тұрғындарға ешкім айтқан емес. Компанияларға менің қатысым жоқ. Әркім қалаған компания еңбегін таңдауға ерікті. Олар - мамандар. Шығынды есептеудің жолын, заңын, тәртібін біледі. Мен не айта аламын оларға? – дейді ауыл әкімі.
Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынов та мүлік шығынын бағалаушы жекеменшік компаниялардың жұмысына әкімдіктің араласа алмайтынын айтады.
- Есептелген өтемақыға қанағаттанбаса, онда тұрғындар басқа компанияны шақырта алады. Бірақ, ондай жағдайда компания еңбегіне ақшаны өздері төлеуі тиіс. Мемлекет бір үйдің шығынын есептеу үшін үш-төрт компанияға қайта-қайта ақша төлей алмайды, – дейді Құсайынов.
Садовое ауылының тұрғыны Құрмет Уәжіп өзге бағалаушы компаниялардың тізімдерін іздеп, шолу жасап жатқанын айтады. Ол өз ақшасына солардың бірін жалдап шақырмақ ойда.
– Бұлай істеуге әркім құқылы. Алайда бағалаушы компаниялар бір заң, бір тәртіп, бір регламентпен қызмет істейді. Сондықтан бірінші компанияның есебінен екіншісінің арасында айтарлықтай алшақтық болады деп ойламаймын. Тұрғындар тіптен көңілі толмай жатса, азаматтық тәртіп бойынша, компанияны сотқа беріп, көрген шығындарын дәлелдеп көрсете алады. Менің ойымша, бұл ең шеткі мәселе, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Жергілікті әкімдіктің дерегінше, бағалаушы компаниялар Садовое ауылындағы шығын көлемін әлі толық есептеп бітпеген. Ал ұсынылған өтемақыға келіскен тұрғындардың есеп-шоттарына алдағы күндері мемлекет бюджетінен қаржы аударылмақ. Тұрғындар сол ақшаға жөндеу жұмыстарын өздері жүргізуі тиіс. Жалғыз басты, мүгедек, бала-шағасы, жағдайы жоқ жандардың баспаналарына әкімшілік жекелеген азаматтардың көмегі арқылы құрылыс жұмыстарын жүргізбек.
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Гагарин ауылдық округіне қарасты Садовое ауылын Нұра өзенінен тасыған су сәуірдің 12-сі күні басып қалған. 353 тұрғыны бар бұл ауылда тасқынға дейін 72 үй болған. Қазір оның 30-ға жуығы тұруға жарамсыз деп танылған.