ТҰРҒЫНДАР ҮРЕЙ ҚҰШАҒЫНДА
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, аймақтағы Көкпекті ауданына қарасты Самар ауылындағы бөгет Лайлы өзенінің қатты екпініне шыдамай, бейсенбі күні кешке бұзылған. Өзен ағысы бөгеттің шлюзін жұлып өтіп, ені 20 метрдей болатын арнамен ауылға қарай беттеген.
Су тасқыны бейсенбі күні 19 сағат 20 минутта Самар ауылына кірген. Жергілікті тұрғындар судың екпіні өте қатты болғандығын айтып отыр.
- Өте қорқынышты. Су бір метрге дейін көтерілген шығар деп ойлаймын. Біз өзеннің жағалауында тұрамыз. Су басып қала ма деп, үйді
Апат қарсаңында Лайлы өзеніндегі бөгет құм толтырылған қапшықтармен биіктетілген еді. Шығыс Қазақстан облысы Самар ауылы, 29 сәуір 2010 жыл.
тастап кеткен едік. Сенесіз бе, 1 жарым тонналық темір гаражды ағызып кетіпті, біз оны өзеннен де таппай қалдық. Гараждың әбден бұзылған темір есігін ғана тауып алдық. Біз үйге бүгін таңертең келдік. Болған оқиғадан халықтың еңсесі түсіп кетті, - дейді Самар ауылының тұрғыны Галина Илларионова.Аймақтық төтенше жағдайлар департаменті өкілінің хабарлауынша, ауылдағы 9 көшедегі 193 үйді, аурухана мен бала бақшаны су басып қалған. Екі тұрғын үй қатты зақымданған.
-Су тасқынының екпіні жойқын болғаны рас. Бірақ үйлер әжептәуір мықты тұрғызылған. Сондықтан тасқын үйлерді қиратып кетті дейтіндей болған жоқ. Менің өзім сол ауылдан түнгі 2-де кеттім. Сол уақытта су ауылдан ағып өткен болатын. Соңғы мәліметтер бойынша, екі тұрғын үй зақымданған, - деді мекеменің баспасөз хатшысы Евгений Шатурный.
ШЫҒЫН ШАШЕТЕКТЕН
Оның айтуынша, құтқарушылар өзен суының деңгейінің көтерілетіндігін алдын ала білген және екі күн бойы сақтану жұмыстары жүргізілген.
- Біз өзімізге жүктелген міндетті, яғни тұрғындарды құтқару жұмысын атқардық. Біздің қызметкерлер Өскеменге қайтып жатыр. Ауылда жергілікті атқарушы органдар жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары болса біртіндеп үйлеріне оралып жатыр, - деді Евгений Шатурный.
Судың өзен арнасына қайтқандығын ауыл тұрғындары да растады. Бірақ олар тасқын өзімен бірге ауылға лай толтырып кеткендігін айтып отыр.
Апаттан ешкім зардап шекпеген. Алайда тұрғындар суға ағып кеткен, бүлінген дүние-мүлікпен қоса, мал шығыны көп екендігін хабарлады. Бірақ су тасқыны нақты қанша зардап-шығын әкелгендігін әзірге ешкім айта алмай отыр.
- Біздің көршіміздің 30 қойы қырылып қалыпты дегенді естідім. Екі үй зардап шеккен екен, бірақ ауылда су басқан үйлер өте көп, - дейді Галина Илларионова.
Евгений Шатурныйдың хабарлауынша, қазір ауылда су тасқынынан келген шығынды есептеу комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына облыстық және аудандық әкімдіктердің өкілдері кірген.
Биыл Шығыс Қазақстанда су деңгейі өте жоғары болып тұр. Өткен айда ғана осы аймақтағы Тарбағатай ауданында 673 тұрғын үйді, 754 шаруашылық ғимаратын, оған қоса 42 қыстақты су басып қалған еді.