Accessibility links

Қазақстанның баспасөз рейтингісі нашарлады


Оппозициялық басылым журналистері наразылық танытып тұр. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Оппозициялық басылым журналистері наразылық танытып тұр. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәуелсіз ақпарат құралдары қудалау көріп жатқан Қазақстанның сөз бостандығы деңгейі былтырғыдан бес сатыға төмендеген.

Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы баспасөз еркіндігі күні – мамырдың 3-і қарсаңында әлемдегі сөз бостандығына арналған есебін жариялады.

Ұйымның «Баспасөз еркіндігі – 2014» атты есебінше, былтыр әлемдегі сөз бостандығының деңгейі соңғы он жылда болмаған деңгейге дейін құлдыраған. Бұған Таяу Шығыс елдеріндегі жағдай, Түркия мен Украинадағы саяси оқиғалар, Шығыс Африкадағы ахуал себеп болған.

БЕС ОРЫНҒА ҚҰЛДЫРАҒАН ҚАЗАҚСТАН

Freedom House бұл жолғы есебінде Қазақстанды баспасөз еркіндігі төмен яғни «еркін емес» ел ретінде сипаттап, 187-орынға қойған. Осылайша былтыр бұл ұйымның рейтингісінде 182-орында тұрған Қазақстан бес орынға төмен сырғыды.

Қазақстанның сөз бостандығы есебінде кері кетуіне елдегі тәуелсіз БАҚ-қа қысым көрсету оқиғалары әсер еткен. 2013 жылы елдегі санаулы оппозициялық ақпарат құралдары – «Правда Казахстана», «Правдивая газета», «Ашық алаң» сияқты тәуелсіз басылымдар жиі тоқтатылған еді. Билік олардың «шығарылым деректерін жариялау тәртібін бұзғаны» үшін жазаға тартылғанын айтқан.

Қазақстандағы «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының дерегінше, 2013 жылы он айдың ішінде ақпарат құралдары өкілдеріне 10 рет шабуыл жасалған, тілшілерді қылмыстық жазаға тартқан 21 оқиға тіркелген, 14 сайт жабылған не жұмысы шектетілген.

ПОСТСОВЕТТІК ЕЛДЕРДЕГІ АХУАЛ

Freedom House ұйымының есебінше, постсоветтік 12 елдің үшеуіндегі – Беларусь (193-орын), Түркіменстан және Өзбекстандағы (195-орын) баспасөз еркіндігі тіпті нашар. Бұл үш ел тізімде Иран, Солтүстік Корея және Эритреямен қатарлас тұр.

Жаңа есепке қарағанда, постсоветтік елдер арасында тек Грузия (93-орын, «жартылай еркін») мен Қырғызстанда (147-орын, «еркін емес») ғана ілгерілеу байқалады. Freedom House-тың дерегінше, әсіресе Қырғызстанның былтырғы
Әлемдегі баспасөз еркіндігі картасы. Жасылмен боялған - баспасөзі еркін, сары - жартылай еркін, көк - еркін емес елдер. (Freedom house ұйымының 2014 жылғы есебі)
Әлемдегі баспасөз еркіндігі картасы. Жасылмен боялған - баспасөзі еркін, сары - жартылай еркін, көк - еркін емес елдер. (Freedom house ұйымының 2014 жылғы есебі)
158-орыннан жоғарылауына елде баспасөз еркіндігін шектейтін заңдардың кері қайтарылуы, кейбір сайттардан тосқауылдың алынып тасталуы, журналистерге шабуылдың азаюы ықпал еткен.

Freedom House баспасөзі «жартылай еркін» елдер қатарынан «еркін емес» мемлекеттер қатарына сырғыған Украинадағы сөз бостандығының нашарлап кеткеніне алаңдайды. Журналистерді қудалау, күш көрсету фактілері көбейген Украина былтыр 131-орында болған еді, ал биыл 139-орынға («еркін емес») тұрақтаған. Елде өткен жылы қараша айынан басталған «Еуромайданнан» ақпарат тарату кезінде журналистер полициядан да, қылмыскерлерден де озбырлық көрген. Кейбір билікті сынайтын ақпарат құралдарының үкіметшіл ірі холдинг құрамына енуі де елдегі баспасөз бостандығының нашарлауына ықпал еткен.

«Баспасөз еркіндігі – 2014» есебінде рейтингтің ең басында ақпарат құралы «еркін» деп сипатталған Нидерланд, Норвегия мен Швеция, ең соңында «еркін емес» Түркіменстан, Өзбекстан мен Солтүстік Корея тұр.

Freedom House есебі халықаралық, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың баяндамасы негізінде құрастырылады. Әлемнің 197 еліндегі ахуалды сараптаған ұйым 63 елді – баспасөзі «еркін», 68 елді – «жартылай еркін», 66 елді «еркін емес» деп бағалаған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG