Accessibility links

Оппозициялық "Ассанди-Таймс" газеті жабылды


"Ассанди-Таймз" газетінің саны. Көрнекі сурет
"Ассанди-Таймз" газетінің саны. Көрнекі сурет

Қазақстандағы соңғы оппозициялық газеттердің бірі – «Ассанди-Таймс» сот шешімі бойынша жабылды. Бас редактор "апелляциядан қайран жоқ" деп санайды.

Сәуір айының басында Алматыда сот орындаушылары «Ассанди-Таймс» басылымының кеңсесін жауып, газеттің жұмысын уақытша тоқтатып кеткен болатын.

Газетті жабу бойынша өткен бірнеше сот отырыстарынан кейін сәуірдің 21-і күні Медеу аудандық сотының судьясы Бақытжан Тәжіханов «Ассанди-Таймсты» елде тыйым салынған «Республика» оппозициялық басылымының құрамдас бөлігі ретінде танып, газеттің жұмысын мүлдем тоқтатты.

Редакция ұжымы әлеуметтік желідегі парақшасында судьяның "жарыссөз аяқтала салысымен небәрі жарты сағаттан кейін шешім шығарғанын" хабарлады.
Судья үкімінен келтірілген үзіндіде: «Медеу аудандық прокурорының шағымы қанағаттандырылсын, «Ассанди-Таймс» газетін «біртұтас БАҚ «Республиканың» құрамдас бөлігі және формасы ретінде танылсын» деп жазылған.

Редакция әлеуметтік желідегі парақшасында сот отырыстары кезінде "шағым беруші жақ «Ассанди-Таймстың» «Республиканың» құрамдас бөлігі екенін дәлелдейтін бірде-бір дәлел көрсетпегенін" атап өткен.

Азаттық тілшісінің Медеу аудандық сотынан газеттің жабылуына қатысты комментарий алу әрекеті сәтсіз аяқталды.

"Сот тікелей билік бұйрығымен әрекет жасап отыр" деп санайтын газеттің бас редакторы Сергей Дуванов «шешімді аппеляцияға бергеннен пайда жоқ» екенін айтты.
Сергей Дуванов, журналист, құқық қорғаушы
Сергей Дуванов, журналист, құқық қорғаушы

"Жоғары жақтан саяси тапсырыс бары анық. Бұған судьяның қимыл-әрекеті, жалпы процестің өту барысы, заңсыз айып дәлел. Адамдарға шындықты жеткізудің өзге де жолдарын қарастырамыз" деді Сергей Дуванов Азаттық тілшісіне.

«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының президенті Тамара Калееваның айтуынша, «заңсыздықтың көкесі» 2012 жылдың аяғы мен 2013 жылдың басында 20-дан астам ақпарат құралын біріктіріп, журналисті де емес, меншік иелерін де емес, "жансыз зат - газеттерді жауапқа тартқан кезде" болған. Құқық қорғаушы "Ассанди-Таймстың" жабылуын «сол заңсыз әрекеттің жалғасы немесе аяғы» деп есептейді.

2012 жылдың соңы мен 2013 жылдың басында «K-плюс» телеарнасы мен «Республика» газеті бастаған 28 БАҚ сот шешімімен «экстремистік біртұтас БАҚ» ретінде танылып, түгел жабылған еді. Өткен жылдың аяғында Қазақстан жоғарғы соты қызметіне тыйым салынған БАҚ өкілдерінің шағымын қанағаттандырмай тастаған.

Ал «Ассанди-Таймс» газетіне қатысты сот әуелі жауапкердің қатысуынсыз өткен. Газеттің жабылғанын редакция ұжымы сот орындаушылары сәуірдің 1-і күні келіп, кеңсесіне мөр басқан кезде ғана білген еді. «Ассанди-Таймс» газетінің тиражы - 7 мың 500 дана. Редакцияның онға жуық қызметкері болған.

«Ассанди-Таймс» - Қазақстандағы жаппай жабылып жатқан санаулы оппозициялық БАҚ-тың бірі. Өткен аптада Алматыда оппозициялық «Правдивая газета» басылымын жабу туралы қаулы шыққан еді. Басылым «бір жыл ішінде үш рет әкімшілік сот санкциясына іліккені үшін» жауапқа тартылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG