Accessibility links

Құқық қорғау ұйымы сөз бостандығына алаң


"Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 27 қараша 2012 жыл
"Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 27 қараша 2012 жыл

«Әділ сөз» қоры Қазақстанда сөз бостандығы тарылып, журналистерді қудалау күшейгенін жазады. Ұйымның биылғы есебіне «Азаттық» тілшісінің қамалғаны мен сайтының блокталғаны да кірген.

Жас журналист Рысгүл Рамазанова журналист ретінде кәсібін бастағанына көп болмаса да, аз уақыттың ішінде көптеген кедергілер мен тосқауылдарға кезігіп үлгергенін айтады. Ол, әсіресе, мемлекеттік органдармен арада түсініспеушіліктің жиі болатынына нәумез. Рысгүлдің сөзінше, ресми өкілдер оны кейбір жиынға кіргізбей, фотоаппаратын тартып алған кездер де болған.

- Журналистік құқығымды таптап, басылымымызға дискриминация жасаған кездер болды. Мәселен, Ақтау қаласы мәслихатының депутаттары 2014 жылғы қалалық бюджетті талқылауға басқа аймақтық журналистерді шақырып, бізді шақырмай қойған. Кейін «кез келген құпия емес ақпаратты алуға құқығым бар» деп (БАҚ туралы заңның 2-бабы 2-пункті – ред.) жиынға кіре бергенімде «кешігіп келдіңіз» деп шығарып жіберді, - дейді журналист Азаттық тілшісіне.

Осы аптада «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы Қазақстандағы сөз бостандығына қатысты 2014 жылғы алғашқы жарты жылдың талдау есебін жариялады.

Сот залында наразылық танытып тұрған қазақстандық журналистер. Көрнекі сурет.
Сот залында наразылық танытып тұрған қазақстандық журналистер. Көрнекі сурет.

Ұйым есептің алғашқы бөлігінде Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалын анықтаушы факторлардың бірі болғанын жазады. Есепке сәйкес, ақпан айындағы девальвация, әлеуметтік шиеленістің күшеюі, біртұтас экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қою сияқты оқиғалардың барлығы елдегі сөз бостандығына қатысты заңдар мен құқық қолдану практикасының қатаюына түрткі болған.

Мысалы, маусым айында азаматтық қоғамның қарсылығына қарамастан қылмыстық кодекс пен оған салалас құжаттарға өзгерістер еніп, «өсек-аяң, сыбыс тарату» бойынша қылмыстық жаза күшейтілген.

Елде соңғы екі оппозициялық газет – «Ассанди Таймс» және «Правдивая газеті» жабылған.

«Әділ сөздің» хабарлауынша, «өсек-аяң бабы» бойынша қозғалған істер саны да артып келеді. Мәселен, 2013 жылы 16 іс қозғалып, ақпарат құралдарына қатысты бірде-бір айыптау үкімі болмаған. Ал биыл жарты жылдың өзінде 12 іс қозғалып, екі іс бойынша айыптау үкімі шыққан. Бұл істердегі шағым берушілердің ішінде тергеуші, судья мен депутат сияқты ресми лауазымды тұлғалар бар.

ШАБУЫЛ, ҚАМАУ, ЖАЗАЛАУ

Қазақстандағы сөз бостандығын қадағалаушы ұйымның есебінде жарты жыл ішінде кәсіби қызметінде жүрген журналистерге жасалған бес шабуыл әрекеті тіркелген. Мәселен, 15 сәуір күні Астанада бас прокуратура алдында полицейлер 16/12 порталы журналисінің жұмысына кедергі келтіріп, құрылғыларын тартып алуға тырысқан.

Бұл оқиғаға қатысты «Әділ сөзге» берген жауабында Астана қалалық ішкі істер департаменті: «Қылмыстық құрам болмағандықтан және зардап шегушінің (журналистің – ред.) өзі құқық қорғау органдарына шағымдану өнімсіз деп есептегендіктен полицейге қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан» деп жазған.

«Әділ сөздің» бағалауынша, жарты жыл ішінде журналистерге жасалған қоқан-лоқы да көбейген және оның басым бөлігі ақпарат таратуға кедергі тудыру мақсатында жасалған. Бұған қоса, журналистерді негізсіз ұстау, әкімшілік жазаға тарту фактілері де болған. Ұйым биылғы мамыр айында Астанада Еуразия экономикалық одағын құруға наразылардың жиыны туралы хабар әзірлеу кезінде Азаттық тілшісінің ұсталып, «ұсақ бұзақылық жасау» бабы бойынша төрт тәулікке қамалғанын мысал ретінде келтірген.

Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген сот залында. Астана, 28 мамыр 2014 жыл
Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген сот залында. Астана, 28 мамыр 2014 жыл

«Әділ сөз» сонымен бірге «өсек-аяң бабы» бойынша айыпталып, Қазақстаннан кеткен журналист Наталья Садықованың ісін, осы бап бойынша кінәлі деп табылған Мұсағали Дуамбековтің ісін, дәл осындай айыппен 300 мың теңгеден артық айыппұл салынған журналист Сая Иссаның ісін, Іnsiderman ақпарат құралының редакторы Валерий Сургановтың ісін атап өткен.

«ПІКІРІМІЗГЕ ҚҰЛАҚ АСПАЙДЫ»

Қазақстан заңнамасында сот үкімдері, қаулы мен сот шешімдері ашық өтуге рұқсат етілсе де, журналистерді сотқа кіргізбеу фактілері де тіркелген. Мысалы, ақпан айында Астананың Алматы аудандық сотының судьясы Азаттық тілшісі Светлана Глушковаға пастор Бақытжан Қашқымбаевтың ісі бойынша видео және фото түсіруге тыйым салған.

Баспасөз қорғау ұйымының жазуынша, құқық қорғау органдарының «экстремистік сипаттағы» сайттарды жабу процесі де ашық емес. Қазіргі кезде жабылған сайттардың саны мен аттары туралы нақты дерек жоқ.

Девальвация болған күні Қазақстан қолданушылары Twitter, Facebook, WhatsApp, Viber сияқты желілерді аша алмай, ақпарат ала алмай қалғаны да «Әділ сөз» есебіне кірген. Бұған қоса, ақпан айында Қазақстан президенті мен үкіметінің отставкаға кетуін талап ету бойынша қол жинаған Avaaz.org сайты да бұғатталып, көптеген қолданушылар кіре алмай қалғаны, Азаттық сайтындағы маңызды әлеуметтік тақырыптар бойынша жазылған мақалалар мен жаңалықтардың ашылмай қалуы да көрсетілген.

Көріңіз: Азаттық тілшісінің Президент музейін түсіруге кедергі жасау оқиғасы

Астанадағы музейді ашу кезінде Азаттық тілшісіне бөгет жасалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:56 0:00

«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының төрағасы Тамара Калееваның айтуынша, ұйым сараптама есептерін жыл сайын мемлекеттік органдарға жіберіп отырады. Алайда бүгінге дейін билік тарапынан ешқандай реакция болмаған және ұйымның ұсыныстарына да ресми органдар құлақ аспай келеді.

- Бұл енді ішкі ұсыныстарымыз ғой. Ең жоғары деңгейдегі рекомендациялар да бар: Қазақстан мүшелікке енген БҰҰ адам құқығы комитетінің рекомендациясы. Олар өсек-аяңды декриминализациялауды ұсынған болатын. Бірақ әлі күнге дейін орындалмай келеді. Егер билік мұндай (БҰҰ – ред.) деңгейдегі ұсыныстарды көзге ілмесе, олар біздің пікірімізге құлақ асады деп ойламаймыз, - дейді ол.

Тамара Калееваның айтуынша, бұл тұрғыдан алғанда билік пен ҮЕҰ-дар бірлесіп қоғамдық телеарна құру жайын талқылай бастаған Қырғызстан Қазақстаннан алда келеді.

Азаттық тілшісінің «Әділ сөз» есебінде жасалған ұсыныстарына қатысты байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінен (инвестициялар және даму министрлігі) қандай да бір комментарий алу әрекеті нәтижесіз аяқталды.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG