Accessibility links

Өзі үшін құрылған қор жайлы БАҚ ештеңе білмейді


Газет сатып алып жатқан тұрғын. Алматы, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Газет сатып алып жатқан тұрғын. Алматы, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Астанада қоғамдық келісім және бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мемлекеттік коммерциялық емес қоры құрылмақ. Аты дардай құрылым жергілікті ақпарат құралдарына арналған мемлекеттік тапсырысты бөлумен айналысатын болады.

Қордың жарғылық капиталы да, оның шығындарына бөлінетін ақша көлемі де белгісіз. Инвестициялар және даму министрлігі «Құқықтық медиа-орталық» жолдаған сауалға «қорға қатысты қаржылық мәселелер үкімет қарауында жатыр» деп жауап берген.

БАҚ-ты дамыту қоры құрылмақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:33 0:00
Жүктеп алу

ҚОР

Жария ақпаратқа қарағанда, жаңа қор мемлекеттік тапсырысты іске асыру жайлы ақпаратты жинау, өңдеу және талдаумен айналысады. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға қосымша енгізілген бапта қор «қажеттілік болған жағдайда, тәуелсіз сарапшыларды тарту арқылы» мемлекеттің ақпараттық саясаты мен имидждік жобалары жайлы материалдарды жергілікті газеттер мен телеарналарда жариялайды деп жазылған.

Бұдан бөлек жаңа құрылым өкілдері мемлекеттік тапсырысты үлестіру тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар енгізуді жоспарлайды. Қор әр жыл сайын атқарған жұмысының нәтижелері жайлы есеп беріп, оны өзінің интернет-ресурсында жариялап отырады деп хабарланады.

Теледидар көріп отырған тұрғын. Алматы, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Теледидар көріп отырған тұрғын. Алматы, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда мұндай оператор пайда болғанға дейін мемлекет ақшасын бөлумен инвестициялар дәне даму министрлігіне қарасты байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті айналысқан. Қазақстандағы жер мәселесіне қатысты наразылық акцияларынан кейін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы баспасөз хатшысы Дәурен Абаев басқаратын ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылған.

Биыл билік мемлекеттің ақпараттық саясатына 41 миллиард теңгеден көп ақша жұмсамақ. Ақшаның нақты қандай іске жұмсалатынын сұраған Азаттық сауалына инвестициялар және даму министрлігі сол күйі жауап бермеді. Ертеректе бұл ведомстводан БАҚ-тағы мемлекеттік тапсырыс жайлы емес, жалпы мемлекеттік сатып алулар туралы жалпылама жауап келген.

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға енгізілген толықтыруда «Қор – өкілетті орган белгілеген тәртіппен экономиканың барлық салаларында республикалық деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты, мемлекеттік имидждік жобаларды өткізу бойынша мемлекеттік тапсырысты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыратын бірыңғай оператор саналатын Қазақстан Республикасы үкіметі айқындайтын акционерлік қоғам түріндегі коммерциялық емес ұйым» деп жазылған.

РЕАКЦИЯ

Аймақтық «Вечерняя Караганда» газетінің бас редакторы Ерлан Жетеновтің Азаттыққа айтуынша, оның басылымы «мемлекеттік тапсырыссыз да күн көре алады, бірақ онсыз қиын болады». Редактор жаңа қор жайлы әзірше ештеңе білмейді, бірақ газеттің мемлекеттік тапсырыс бойынша қалай жұмыс істейтінін айтып берді.

Шымкенттегі кітапханада газет-журнал қарап отырған оқырмандар. 2015 жылдың қыркүйегі. (Көрнекі сурет)
Шымкенттегі кітапханада газет-журнал қарап отырған оқырмандар. 2015 жылдың қыркүйегі. (Көрнекі сурет)

- Мүмкін біреулер қыруар ақша алып, көп штат ұстайтын, көп жалақы алатын шығар, ал біз - шағын редакциямыз. Мемлекеттің коррупциямен, экстремизммен жүргізген күресі жайлы жазғанбыз. Әр ай сайын есеп беріп, мемлекеттік тапсырысқа сай материалдар тізімін тапсырып отырдық. Бөлінген ақшаның тиынына дейін адал өтедік. Біз жариялаған материалдың шаршы сантиметріне дейін қатаң тексеріп, кейде «мына жерлерің біздің тақырыбымызға сай келмейді» деп мақалаларымызды қабылдамай қоятын, - дейді Ерлан Жетенов.

«Құқықтық медиа-орталық» қорының директоры Диана Окремова қоғамдық келісім және бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мемлекеттік қорын құру перспективасына күмәнмен қарайды. Қордың ресми атауы оның инвестициялар және даму министрлігіне жолдаған сауалына келген жауаптан анықталған.

Диана Окремова енді елде ақшаның бір бөлігін әкімшілік шығындарға жұмсайтын тағы бір қаржылық топ пайда болуы мүмкін деп санайды.

Диана Окремова, "Құқықтық медиа-орталық" қорының директоры, Астана, 16 қараша 2015 жыл.
Диана Окремова, "Құқықтық медиа-орталық" қорының директоры, Астана, 16 қараша 2015 жыл.

- [Осындай қорлардың] тиімділігі жайлы сөздерге сенбеймін. Негізі, қор нарықты зерттеуі тиіс, бірақ ол кезде мемлекеттің БАҚ-ты қаржыландыру жүйесі толықтай қайта қаралуы тиіс, бірақ бұдан тағы ештеңе шықпай, кезекті құр әкімшілік басқару болады. Бүкіл ақшаны бір жерге жинайды да, кімге қанша беруді ҮЕҰ-ларды қаржыландыру принципі бойынша кураторлар шешеді, - дейді Диана Окремова.

«Құқықтық медиа-орталық» директоры жалғыз нәрседен – биліктің атқарған жұмысы туралы есеп береміз деген уәдесінен ғана үміттенетінін айтады. Белсенділер әлгі есептерден ақшаны кімдер алғанын көргісі келеді.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева билік мұндай қор құру арқылы коррупциядан арылғысы келеді деп санайды.

"Әділ сөз" ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 24 мамыр 2016 жыл.
"Әділ сөз" ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 24 мамыр 2016 жыл.

- Олар жария еткісі келеді, бірақ бізде мұндай қайта құрулар «артық қыламыз деп, тыртық қылды» деген принциппен жұмыс істейтінін білесіз ғой, - дейді Тамара Калеева.

Оның пікірінше, шенеуніктер Қазақстандағы жоғарғы биліктің мүдделерін ғана емес, заң мен қоғам мүддесін де басшылыққа алмайынша, мұндай қорлар құрудан ештеңе өзгермейді.

«Қазақстанда газет, телеарналар мемлекеттік қолдау есебінен күн көреді, ал билік редакция саясатын белгілейді» деген пікір әдетте ашық айтылмайды. Көрермендер мен оқырмандар мұны билікке бүйрегі бұратын контент арқылы байқағанымен, мұны ешкім ашық айтпайды. Кей БАҚ редакторлары мемлекетпен мұндай әріптестік болса, өз мүддемізді теңестіріп әрі қорғай да алатын едік дейді. БАҚ саласы өкілдерінің тағы бір бөлігі баспасөзді мемлекеттік қаржыландыру жүйесін Қазақстанда баспасөзді қолдаудың тиімді құралы деп санайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG