Accessibility links

Киоскілер дағдарысын сұраныстан да, цензурадан да көреді


Nomad Press мекемесінің жабылған киоскісі. Алматы, 27 сәуір 2016 жыл.
Nomad Press мекемесінің жабылған киоскісі. Алматы, 27 сәуір 2016 жыл.

Nomad Press газет дүңгіршектерінің ірі желісі «жергілікті басылымдарға сұраныс аз» деген уәжбен қызметін уақытша тоқтатпақ. Компания өкілдері «орталық оқитын газеттерді шеткері аймақтар оқымайды» дейді. Кей редакциялар бұл пікірмен келіспейді.

Сәуірдің 15-інде Қазақстанның кей басылымдары газет таратумен айналысатын Nomad Press компаниясынан акционерлер құрамындағы өзгерістер мен «ребрединг» негізінде келісім-шартты бір жақты тоқтатып, тапсырыстан бас тартатыны жайлы ескерткен хат алған. Елдегі газет дүңгіршектерінің үштен бірі осы компанияның иелігінде.

Киоскілер дағдарысы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:03 0:00
Жүктеп алу

Совет заманындағы «Союзпечать» желісінен мұраға қалған газет-журнал тарату нарығының дағдарысы басталған сияқты. Бірақ кей редакциялар Nomad Press компаниясының «газет-журналдарға сұраныс аз» деген пікірімен келіспейді. Тіпті билікке жақын кей басылымдардың өздері «бұл цензура немесе әлдекімдердің астыртын ойыны болуы мүмкін» деп болжайды.

«ОРТАЛЫҚ ОҚИТЫН ДҮНИЕНІ ШЕТКЕРІ АЙМАҚТАР ОҚЫМАЙДЫ»

Сәуірдің 25-і күні жергілікті кей БАҚ Nomad Press компаниясының аймақтық филиал директорларына өз жоспарын түсіндіріп жолдаған ресми хатының көшірмесін таратты. Хатта 30 сәуірге дейін «баспа өнімдеріне берілген бүкіл тапсырыстан бас тарту», «сауда нүктелеріндегі бүкіл тауарды қайтару», «(кассалық бақылау машиналарын тіркеуден шығару» және «жиһазға қатысты (сату немесе сақтау) ұсыныстар беру қажет» деп көрсетілген. Ал мамырдың 10-ына дейін филиалды жабу процедурасын ұйымдастырып, жұмыстан шығарылатын қызметкерлерге төленуі тиіс жалақы мен өтемақы сомасын есептеу жоспарланған.

Nomad Press компаниясының коммерциялық директоры Данияр Қалқабаев Kapital.kz сайтына берген сұхбатында ойдағыдай кіріс әкелмейтін компанияны қайта құрылымдау қажет деп мәлімдейді. Kapital.kz Данияр Қалқабаевтың «Бизнес жоба ретінде оны бүтіндей қайта қарап шығу керек. Кезінде әлеуметтік маңызды нысан болғанын түсінеміз. Бірақ орталық оқитын газеттерді шеткері аймақтар оқымайды, сондықтан әр дүңгіршектің тағдырын жеке-жеке шешу керек. Киоскілер 100 пайыз біркелкі өніммен жабдықталады, бірақ бір киоскіде сату көлемі 60 пайыз болса, екіншісінде 20 пайыздан аспайды. Маркетингтік үлкен жұмыс жүргізілуі тиіс. Сондықтан бізде қайта құрылымдау жүріп жатыр» деген сөздерін келтірген.

Коммерциялық директордың айтуынша, компания қызметкерлерді ғана қысқартып қоймай, газет дүңгіршектеріне сигарет, сусын, сағыз сияқты ілеспе тауарларды да сатуға қоймақ. Бұл – бұрыннан бар тәжірибе. Үш жыл бұрын «Дауыс» мерзімді басылымдарды тарату желісі өз иелігіндегі дүңгіршектерін «Перекресток» компаниясына сатқан, бірақ дүңгіршектерде көп орынды ілеспе тауарлар алып, бұдан БАҚ-тар көбінесе ұтылған. Бірақ ол кезде ақпарат құралдарымен бекітілген келісім-шартты бір жақты тоқтатпаған.

"Дауыс" мекемесінің киоскісі. Алматы, 27 сәуір 2016 жыл.
"Дауыс" мекемесінің киоскісі. Алматы, 27 сәуір 2016 жыл.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы Nomad Press жазба өнімдерді таратуды ғана емес, газет шығарушыларға қарызын төлеуді де тоқтатып отыр» деп айыптап, бұл компанияның әрекетіне қарсы мәлімдеме таратқан еді. Ұйым дерегінше, мұндай қарыз көлемі 200 миллион теңгеден асады. «Әділ сөз» «оның үстіне елдегі газет дүңгіршектерінің 33 пайызы Nomad Press иелігінде, сондықтан компанияның келісім-шартты бір жақты тоқтатуы шешімі – азаматтардың ақпаратты заңда тыйым салынбаған кез-келген жолмен еркін алып, тарату жөніндегі конституциялық құқығына қол сұғу» деп мәлімдейді.

Азаттық Nomad Press компаниясының өзінен комментарий ала алмады.

БҰЛ ЦЕНЗУРА МА?

Кей газет редакциялары бұл жағдайға қатысты комментарий беруге құлықсыз немесе болмашы оптимизм білдірді. Мысалы, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин газет сайтында жарияланған комментарийге алып-қосары жоқ екенін мәлімдеді.

Central Asia Monitor газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин.
Central Asia Monitor газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин.

– Иә, газеттер тарамас үшін қазір Nomad Press компаниясын әдейі жапты. Біздің пікірімізді газетіміздің сайтынан көріңіз, – деді ол.

Central Asia Monitor газетінде кей абзацтарының орнын ауыстырғаны болмаса, «Әділ сөз» ұйымы мәтінін көшіріп басқан.

«Время» газеті редакциясының аты-жөнін айтудан бас тартқан өкілі «газет дүңгіршектерінің жабылғаны жағымсыз жайт, бірақ бір амалы болар» дейді. Редакция жағдай көп ұзамай реттелетін шығар деп үміттенеді.

– Біріншіден, олар мүлде жабылмайды, қызметін екі айға тоқтатады. Оларға киоскілерін тиімді етіп қайта орналастыру, білікті қызметкерлер алу, жарнамасын өзгерту сияқты ребрединг жүргізу керек екен, әйтеуір бізге солай деді. Қазір Nomad Press қарыздарын біртіндеп қайтарып жатыр, – дейді газетті тарату бөлімі қызметкерлерінің бірі Азаттыққа.

Редакция өкілдері екі айдан кейін бәрі бұрынғы қалпына келеді деп үміттенеді, бірақ Nomad Press компаниясы екі айға болса да жабылғаны кесірінен газеттің тиражы біраз кемігенін мойындайды. «Жағдайды қоздырудың қажеті жоқ» деген дереккөз іле-шала «бірақ кейін қайта құрылымдаған компанияда ілеспе тауарларға қарағанда газеттеріміз аз сатылатын болса, онда өзімізді қорғаймыз, бұған бүкіл БАҚ қосылады» деді. «Время» газеті қызметкері газеттерді тарату желісін жабудың астарында цензуралық әрекет жоқ дейді.

Бірақ Nomad Press компаниясына қатысты жағдай мемлекеттің баспасөз проблемаларына немқұрайды қарайтынын көрсетеді деп санайтын азаматтық белсенді Айдос Сарым цензураны оның астарынан байқайды.

Азаматтық белсенді Айдос Сарым.
Азаматтық белсенді Айдос Сарым.

– Мұны цензура деп тура айтуға аузым бармайды. Бірақ шын мәнінде бұл жүйенің қисықтығы қазіргі жағдайға, цензураға да әкеле жатыр. Шын мәнінде қазір бізде газет таратушылар редакцияларға қатысты ешқандай міндеттеме алмайды. Олардан тауарды алып, сөреге қоюмен шектеледі, орнын ғана сатады. Мемлекет жолдың шалғайлығын ескеріп, газеттерді таратуға байланысты кей ауыртпалықты өз мойнына алса жақсы болар еді. Бірақ мемлекет бұл жағынан мүлде міндеттеме алғысы келмейді, – дейді ол.

Азаматтық белсендінің пікірінше, мемлекет газеттерді таратып, жүйені жақсартуға мүдделі екенін көрсетсе, «бұл бизнес үшін мықты сигнал болар еді».

ҚАДАҒАЛАУ ОРГАНДАРЫНАН ҚАЙЫР КҮТУ

«Әділ сөз» баспасөзді қоғару ұйымының Nomad Press желісіне қатысты жағдайға байланысты таратқан мәлімдемесінде газет-журнал таратушылардың қызметі Қазақстанның ешбір заңында реттелмегені айтылады. Ұйым жетекшісі Тамара Калеева Азаттыққа берген комментарийінде «бұл – мемлекет тарапынан жіберілген үлкен олқылық, сондықтан бұл дауға араласатын кезі келген шығар» дейді.

«Әділ сөз» ұйымының жетекшісі Тамара Калеева.
«Әділ сөз» ұйымының жетекшісі Тамара Калеева.

– Құзырлы органға (байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті) газеттердің қамын ойлайтын кез жетті деп айтқым келеді. Тым болмаса мына «Номадпен» хабарласып, мән-жайды анықтауына, басылымдарды тарату әлеуметтік мағызы бар іс екенін ескертуіне болады ғой. Газеттердің шығу деректерінен ұсақ-түйек ілік іздеп, ал үлкен проблема кезінде үнсіз қалатын қадағалаушы органдардың да мына шаруаға араласатын кезі жетті, – дейді Тамара Калеева.

Ол газеттер Nomad Press компаниясының бәсекелестеріне көшіп, тығырықтан шығатын амал табар, бірақ таратушы компанияның мойнында газеттерге төленбеген қарызы бар, «бұл – баяғыдан бері қалыптасып қалған кесір әрі шірік тенденция» деп санайды. Ол Nomad Press компаниясының алдында жұмыс істеген KazPress компаниясына қатысты жағдайды айтады. Кезінде газеттерге қарыз дауы кесірінен компания басшысына шетелге шығуға тыйым салынған.

Ал саяси технолог Данил Бектұрғанов газеттер мемлекеттен қайыр күтпей, таратуға қатысты бүкіл проблеманы нарықтық экономика аясында шешуі тиіс деп санайды.

– Газет шығарушылар өз өнімін таратуға өздері мүдделі болуі тиіс емес пе, яғни жаңа таратушыны іздеу керек. Бірдеңе етіп жарнама іздейді емес пе? Клиенттерді де сол сияқты іздесін. Қазір нарық! Жеке меншік фирманы жабуға тыйым салуға болмайды. Бұл елдегі ең ірі желі екені рас, бірақ одан бөлек желілер бар ғой. Газеттер өзге варианттарын іздеу керек, – дейді ол.

«Әділ сөз» ұйымы «мемлекеттік тапсырыс аясында БАҚ-ты қолдауға деп бөлініп, мүлде орынсыз жұмсалып жатқан қаражатты» газет-журналдарды сататын алаңдарды жалға алуды қолдау үшін беру керек деген ұсыныс айтады, бірақ оны қаржыландыру жолдары схемасын жарияламайды.

XS
SM
MD
LG