Accessibility links

Қазақ тілі Google Translate жүйесіне енгізілді


Google қызметкері интернет қарап отыр. (Көрнекі сурет)
Google қызметкері интернет қарап отыр. (Көрнекі сурет)

Google аударма қосымшасына жаңадан 10 тіл енгізгенін хабарлады. Олардың арасында қазақ, тәжік және өзбек тілі де бар. Аудармадағы кейбір кемшіліктерді жоба қызметкерлері "жүре келе түзеледі" дейді.

Google компаниясы Google Translate аударма қосымшасына жаңадан 10 тілді осы апта енгізген.

Google-дың ресми мәлімдемесінде "Әрине, бұл тек бастама және алда әлі көп жұмыстар бар екенін түсінеміз. Алайда аударма қызметіне енгізілген жаңа тілдер жаңа достар тауып, жаңа мәдениеттермен танысуыңызға көмектеседі деп үміттенеміз. Аударма жүйесіне үлес қосқаны үшін қазақстандықтарға алғыс білдіреміз және барлықтарыңызды автоматты түрде аудару сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыруға шақырамыз. Аудармадағы қателікті байқасаңыз, ондағы қарындаштың суретін басып түзетіңіз де, мұнан соң «аударманы жақсарту» деген түймені басыңыз. Сіздің тіліңізде жақсырақ сөйлеу үшін түзетулеріңізді пайдаланамыз" деп жазылған.

Қазақ тілін Google Translate жүйесіне енгізу жұмыстары 2012 жылы басталған еді. Аударма жүйесіне қазақ тілін енгізу бойынша негізгі жұмыстарды елдегі WikiBilim қоғамдық қоры ұйымдастырып, жүзеге асырды. Қор өкілдерінің айтуынша, жобаны іске асыруға тіл мамандары мен жүздеген ерікті қатысқан. Одан бөлек, аударма жұмыстарына өз бетімен атсалысқан азаматтар да болған.

Азаттық тілшісі қазақ тілі жаңадан енгізілген Google Translate қосымшасын сынақтан өткізіп көрген еді. Қосымшаның тілші енгізген қазақ тіліндегі мәтінді ағылшын және орыс тілдеріне аударуы тәуірлеу сияқты көрінгенімен, ағылшын және орыс тілдеріндегі мәтінді қазақшаға кері аударған кезде тәржіме кейде сәйкеспей жатты.

Қазақша Google Translate
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:42 0:00

Азаттық тілшісі қазақ тіліндегі мәтінді Google Translate жүйесіндегі 91 тілдің көпшілігіне аударып көрді. Жүйе барлық тілде де тәржіме ұсынды. Бірақ олардың сапасын тексеру мүмкін болмады.

Ал WikiBilim қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы аударманы жетілдіру жұмыстары әрі қарай жалғаса беретінін айтады.

- Өйткені бұл жүйе тұрақты түрде өзін өзі дамытып отырады. Қолданушыларды аударманы жетілдіру, жақсарту жұмысына үлес қосуға шақырамыз. Осы жобаға үлес қосқан белсенділерге, еріктілерге, тіл жанашырларының бәріне шын жүректен рахмет айтамыз және құттықтаймыз, - дейді ол.

Google мәліметінше, осы аптада қазақ тілінен басқа жаңадан 10 тіл қосылған. Олардың арасында тәжік, өзбек тілдері бар. Google компаниясының тегін аударма қызметі - Google Translate қазір 90-нан аса тілде жазылған мәтіндерді автоматты түрде аударып береді. Бұған дейін, түркі тілдері арасында әзірге бұл жүйеге тек әзербайжан мен түрік тілі кірген болатын. Енді олардың саны төртке жетті.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG