Accessibility links

Трансплант ойындары жеңімпазы атанған тұңғыш қазақстандық


Бүкіләлемдік трансплант ойындарының чемпионы Гүлмира Смаилова. (Сурет жеке мұрағаттан алынды.)
Бүкіләлемдік трансплант ойындарының чемпионы Гүлмира Смаилова. (Сурет жеке мұрағаттан алынды.)

Бүкіләлемдік трансплант ойындарына Қазақстаннан алғаш рет қатысып, чемпион атанған Гүлмира Смаилова жеңіске кеудесіндегі донор жүрегінің арқасында жеткенін айтады. Бір рет клиникалық өлімді басынан өткерген жас келіншек Қазақстанда өзі тәрізді жандарға деген көзқарас өзгереді деп үміттенеді.

Кезінде ауыр дертке шалдығып, соңғы екі жылдан бері донор жүрегімен жүрген 29 жастағы Гүлмира Смаилова биыл жазда Испанияда өткен 21-бүкіләлемдік трансплант ойындарына (донор мүшелері салынған адамдар арасындағы жарыс) алғаш рет қатысқан Қазақстан командасы сапында өнер көрсетті. Осы жарыста ол боулингтен өткен сында алтын медаль иеленді. Трансплант-спортшылар ойындарының жеңімпазы атанған тұңғыш қазақстандық әйел Азаттыққа өз тағдыры туралы баяндады.

ЖҮРЕК ДЕРТІ

Гүлмира Смаилованың айтуынша, 22 жасында жүрек дертімен ауруханаға түскен кезде оны Шымкенттен Астанадағы кардиохирургия орталығына арнайы ұшақпен (санавиация) жеткізген. Дәрігерлер науқасқа "жүректің сол жақ қарыншасы ұлғайған" деген диагноз қойған. Гүлмира ауруханаға алғаш түскенде комада болып, клиникалық өлімді басынан өткергенін айтады.

Бес рет донор табылды деп хабарласты. Бірақ, түрлі себептермен операцияға жата алмадым. 2015 жылы ғана жүрегімді алмастырды.

- Жүректе қан дұрыс айналмай қалды. Дәрігерлер операция жасап, жүректің сол жақ қарыншасына имплантация салды. Қан айналдыратын арнайы аппарат орнатып, сонымен үш жарым жыл жүрдім. Ол аппарат өмірді ұзартуға донор табылғанға дейін ағзаны қуаттандырып тұрады. Бес рет донор табылды деп хабарласты. Бірақ, түрлі себептермен операцияға жата алмадым. 2015 жылы ғана жүрегімді алмастырды, - дейді ол.

Гүлмира өзіне жүрегі салынған донордың кім екенін білмейді. Бар білетіні – қазір оның кеудесінде ақтөбелік ер адамның жүрегі соғып тұр. "Дәрігерлер мәйіттік донордың кім екенін айтпайды. Туысқандары сұраса ғана айтады", - дейді ол.

"БҰЛ – ДОНОРЫМНЫҢ ЖЕҢІСІ"

Трансплантациялық операциядан кейін бір жыл өткен соң Гүлмира Смаилова дәрігерлерден кеңес алып, спортпен шұғылдана бастаған.

- Операциядан кейін реабилитациялық кезең басталды. Бір жылдан соң аздап спортпен шұғылдана бастадым. Ал 2016 жылғы шілдеде Астанада өткен боулинг жарысына алғаш рет қатыстым. Бізге [органдарын алмастырғандарға] көптеген спорт орталықтары қорқа қарайды. Залда құлап қала ма деп қауіптенеді, - деді Гүлмира.

Гүлмира Смаилова Малагада өткен бүкіләлемдік трансплант ойындарында. Испания, маусым, 2017 жыл.(Сурет жеке мұрағаттан алынды.)
Гүлмира Смаилова Малагада өткен бүкіләлемдік трансплант ойындарында. Испания, маусым, 2017 жыл.(Сурет жеке мұрағаттан алынды.)

Әлемде 1978 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіліп келе жатқан трансплант ойындарына Қазақстан өкілдері биыл алғаш рет қатысты. 23 маусым - 2 шілде аралығында Испанияның Малага қаласындағы 21-бүкіләлемдік трансплант ойындарына Қазақстаннан қатысатын алты адамның арасында жалғыз әйел – Гүлмира Смаилованың да баратыны белгілі болысымен ол жарысқа дайындалуға кіріскен.

- Испаниядағы жарысқа барамыз деген соң екі ай тегін дайындалдық. Кардиохирургия орталығы Астанадан жаттығатын тегін зал тауып берді. Жарыс шығынын Қазақстанның спорт және мәдениет министрлігі көтерді, - дейді ол.

Қазақстан құрамасы Малагадағы бүкіәлемдік трансплант ойындарының ашылу рәсімінде. Испания, 25 маусым 2017 жыл.
Қазақстан құрамасы Малагадағы бүкіәлемдік трансплант ойындарының ашылу рәсімінде. Испания, 25 маусым 2017 жыл.

Испаниядағы жарысқа жиыны 52 елден үш мың спортшы қатысқан. Гүлмира Смаилова 18-29 жас категориясы бойынша әйелдер арасында боулингтен өткен сында 16 спортшының ішінде үздік нәтиже көрсеткен.

Бұл менің ғана емес, менің донорымның да жеңісі. Жүрегін алуға рұқсат берген туысқандарының жеңісі.

- Жарысқа қатысарда арнайы құжаттар өткізіп, анализ тапсырып, орган алмастырғаныңды дәлелдеуің керек. Ойындарды қандай да бір тартыс, бәсеке деп айта алмаймын. Тағдыры ұқсас жандарды қарсыласым деуге қимаймын. Бір-бірімізді қолдап, сәтсіздікке мойымауға шақырып, қолпаштап тұрдық. Мен алтын иелендім, күміс пен қоланы Венгрия менАнглия спортшылары алды. Таиланд, Гонконг, Франция, АҚШ пен Ираннан келген спортшылар да жақсы нәтиже көрсетті. Бұл менің ғана емес, менің донорымның да жеңісі. Жүрегін алуға рұқсат берген туысқандарының жеңісі, - дейді ол.

"МАҚСАТ – БҰЛ АДАМДАРҒА ҮМІТ СЫЙЛАУ"

Гүлмира Смаилованың халықаралық жарысқа қатысуына себепкер болған Жәнібек Успанов – Қазақстанда тұңғыш донор жүрегі салынған адам. Жүзумен айналысатын Жәнібек те Испаниядағы биылғы жарысқа қатысып, Қазақстан құрамасының капитаны болды.

Испанияда өткен бүкіләлемдік трансплант ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасы. (Сурет Жәнібек Успановтан алынды.)
Испанияда өткен бүкіләлемдік трансплант ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасы. (Сурет Жәнібек Успановтан алынды.)

- Гүлмира өмірде қиындық көрсе де мойымаған жан. Спортпен шұғылданады, сурет те салады. Оның жеңісі талай науқасқа үміт сыйлады. Біз дене мүшесін ауыстырған науқастардың басын біріктіретін "Өмір тынысы" деген қор құрдық. Қазір қорға спортпен шұғылданғысы келетінін айтып, хабарласып жатқан ондай адамдар көп. Оларға көмектесіп, алдағы жарыстарға көбірек спортшы апарғымыз келеді. Қоғамдық қорымыз үлкен федерацияға айналса дейміз. Бастысы медаль емес, дене мүшесін ауыстырған осындай адамдарға үміт, жігер сыйлау, - дейді Жәнібек Успанов.

Отбасында жұбайы екеуі сегіз жасар ұл бала тәрбиелеп отырған Гүлмира Смаилованың негізгі мамандығы – педагог. Бірақ ол қазір Астанадағы кардиохирургия орталығында кеңесші болып жұмыс істейді. Жүрегін алмастыратын науқастарды тіркеумен айналысатын келіншек өз тәжірибесімен бөлісіп, оларды операцияға дайындауға көмектеседі.

Малагадағы жеңіс маған күш берді. Өмірдің бағасын түсіндім. Сапалы әрі ұзағырақ өмір сүргім келеді.

- Орган ауыстырған адамдар үшін спорттың маңызы өте зор. Бұл сала Қазақстанда енді дамитын шығар деп үміттенемін. Әзірше бізге нақты қолдау жоқ. Сондықтан боулинг залына жиі бара алмаймын. Бірақ, Малагадағы жеңіс маған күш берді. Өмірдің бағасын түсіндім. Сапалы әрі ұзағырақ өмір сүргім келеді. Баламның қызығын көрсем деймін, - дейді ол.

Гүлмира Смаилова енді 2019 жылы Ньюкаслда (Англия) өтетін кезекті жазғы трансплант ойындарына қатысуды армандайды.

Оған дейін 2018 жылдың басында Швейцарияда қысқы трансплант ойындары, ал шілдеде Италияда жазғы Еуропалық трансплант ойындары өтпекші.

XS
SM
MD
LG