Accessibility links

Жоғарғы сынып оқушысының мектепке дайындығы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Алматылық кей ата-аналар жоғарғы сыныпта оқитын баласын мектепте жіберерде кем дегенде 200-250 доллар жұмсайды. Ең қажет заттардың өзіне осынша ақша кетеді.

Гүлсая Есенова Алматы қаласы Ахмет Байтұрсынов атындағы 139-мектеп-гимназияда оқиды. Биыл 11-сыныпқа баратын Гүлсая мектеп киімі мен құрал-жабдыққа әкесі 30 мың теңге (200 доллар) жұмсағанын айтады.

Жаңа киім-кешектің ішінде 3 мың 800 теңгелік юбка, әрқайсысы 5 мың теңгелік екі көйлек (бәрі Қырғызстанда тігілген), Қытайдың 4 мың теңгелік сөмкесі, Ресейде жасалған 4 мың теңгелік туфли, 3 мың 500 теңгелік спорт формасы, 1 мың 500 теңгелік спорттық аяқ киім, 1 мың 500 теңгелік қаракөк түсті кеудеше бар.

Гүлсаяның әкесі сатып алған кеңсе заттарының бағасы мынандай: 700 теңгелік қалың дәптер – 20 дана; сегіз теңгелік оқушы дәптері – 100 дана; 15 теңгелік дәптер мұқабасы – 20 дана; 20 теңгелік кітап мұқабасы – 20 дана, 300 теңгелік күнделік пен оның 75 теңгелік мұқабасы, 300 теңгелік пенал, тағы 300 теңгеге – қарындаш ұштағыш пен өшіргіш.

– Әкем «биыл мектеп бітіресің ғой» деп, 35 мың теңгенің смартфонын сыйлады, – дейді Гүлсая Есенова.

«135 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ СМАРТФОН ӘПЕРДІК»

Ал Дарын Оңалбаев – Алматыдағы 175-мектептің – «Жаңа ғасыр» мектебінің оқушысы. Дарын биыл 7-сыныпқа көшті. Анасы Мира Сарқұлованың айтуынша, ол баласын мектепке дайындауға 33 мың теңге жұмсапты. Бұл мектеп
Оқушының керек-жарағы. (Көрнекі сурет)
Оқушының керек-жарағы. (Көрнекі сурет)
оқушыларын Classman фирмасы тіккен арнайы мектеп формасын киюге міндеттейді. Оны 14 мың теңгеге, мектепке киетін үш көйлектің әрқайсысын бір жарым мың теңгеден сатып алыпты. Спорттық костюм – 5 мың 500 теңге, аяқ киімі – 2 мың 500 теңге.

Дарынның жазу-сызу құралдарына – 50 теңгелік кітап мұқабасының 50 данасына, 10 теңгелік дәптер мұқабасының 50 данасына, қалам-қарындашқа – 1 мың теңге жұмсапты. Ресейде шығарылған рюкзакты 4 мың 500 теңгеге сатып алған.

– Балам қаладағы элиталық мектептердің біріне барады. Онда кілең ауқатты отбасылардың балалары оқиды. Балам да өз қатарынан қалғысы келмейді. Оған күйеуім екеуміз 135 мың теңгеге Samsung S4 ұялы телефонын сатып әпердік, – дейді Дарын Оңалбаевтың анасы.

«БАЛАНЫҢ ЫҒЫНА ЖЫҒЫЛА БЕРМЕУ КЕРЕК...»

Алматыдағы 113-мектеп-гимназияда жоғарғы сыныптарға сабақ беретін мұғалім Сәрсенкүл Жаппарова жоғарғы сыныпта оқитын балалар кейде ата-анасынан шамадан тыс көп дүниені талап етеді дейді.

– Меніңше, ата-аналар мектептің керек-жарағынан басқа қажеті жоқ заттарға да
Жоғарғы сынып оқушылары. (Көрнекі сурет)
Жоғарғы сынып оқушылары. (Көрнекі сурет)
шашылады. Лэптоп, iPad, планшет, смартфон сияқты бұйымдар. Баланың миын артық шаршатудың қажеті қанша? Оқушылардың көңілі сабақтан бөлінеді. Мына технологиялық жетістіктерде ойын көп қой. Ата-аналардың мұндай заттарды сатып әпергеніне үзілді-кесілді қарсымын. Баланың ығына жығыла бермеу керек, – дейді Сәрсенкүл Жаппарова Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісі сауалнама жүргізген ата-аналардың 65 пайызы балаларына смартфон, iPad, планшет сияқты техника құралдарын сатып алуды қолдамайды. Пікір білдірген ата-аналардың 30 пайызы «балам заманынан қалмасын» деген оймен мұндай заттарды сатып әпереді. Ал бес пайызы жауап беруден бас тартты.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG