Accessibility links

Мектептегі орамал мәміле мәселесін туындатты


Қазақстан орта мектептерінің біріндегі хиджаб киген оқушы қыздар. Шымкент, 4 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан орта мектептерінің біріндегі хиджаб киген оқушы қыздар. Шымкент, 4 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан билігі мектепте діни бағыттағы киімге тыйым салуға тырысып жатыр. Түсіндіру жұмыстарына қарамастан, кейбір ата-аналар бұл талаппен келіспейді. Сарапшылар "мәселені қоғаммен кеңесіп барып шешу керек" дейді.

НӘТИЖЕСІЗ «ТҮСІНДІРУ»

Шымкент тұрғыны Сәбит Мұсалиевтің екі қызының бірі - 8 сыныпта, екіншісі 9 сыныпта оқиды. Олардың екеуі де бір жылдан бері орамал тағады. Сәбит Мұсалиевтің өзі ислам діні бойынша балиғат жасына толған қыздар орамал тағу керек деп біледі. Оның Азаттыққа айтуынша, білім және ғылым министрлігінің мектепте діни бағыттағы киімдерді шектейтін ішкі тәртіпке байланысты бұйрығы конституцияға қайшы.

- Білім министрлігі талқылайтын басқа да түйткілді мәселелер жетеді. Министрлік оқулықтардың сапасыздығы, мектептегі оқушы қыздардың жүкті болып қалуына назар аударса ғой, - дейді Сәбит Мұсалиев.

Сәбиттің қыздары Шымкенттегі Сыпатаев атындағы жалпы орта мектепте оқиды. Осы мектептің директоры Орынкүл Алшынбекова қыздардың ата-анасына түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, нәтиже шықпағанын айтады. Сәбит Мұсалиев «қыздарымның басындағы орамалды шештірмеймін» деп жауап берген.

- Қыздардың оқуы өте жақсы. Мектеп формасына да мұқият, тастамайды. Тек басына орамал тағады, - дейді мектеп директоры Орынкүл Алшынбекова Азаттыққа.

Шымкент мектептерінің біріндегі үзіліс кезі.
Шымкент мектептерінің біріндегі үзіліс кезі.

Шымкенттегі Ұлықбек атындағы жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бағлан Үметбаев 2-8 сыныптарда оқитын 8 оқушы қыздың мектеп формасына қоса, басына орамал тағып келетінін, алайда олардың да орамал тағудан қайтпай отырғанын айтады.

- Түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімізбен, ата-аналар балаларының орамалды шешпейтінін, шешуден бас тартатынын, өз ұстанымдарының дұрыс екенін айтады. Бізге қазіргі талап туралы білім бөлімінен хат келген жоқ. Сондықтан ешқандай әрекет жасап жатқанымыз жоқ, - дейді мектеп директорының орынбасары Бағлан Үметбаев.

«МӘЖБҮРЛІКПЕН МАЗАҚҚА ҰШЫРАУ»

Кейбір мектептерде ата-аналар түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң балаларының мектепке орамал тақпай келуіне келіскен. Шымкенттегі Пушкин атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рамия Искандированың Азаттыққа айтуынша, жаңа оқу жылында 4-сынып оқушысы орамал тағып келген екен. Теолог мамандарымен бірге оқушының ата-анасымен сөйлескеннен соң оқушы орамал тақпайтын болған.

- Оқушының анасы бірінші әңгімеден соң түсіністікпен қарап, орамалын шешуге рұқсат етті, - дейді ол.

Ал Алматы тұрғыны Зарина (өз өтінішімен аты өзгертіліп алынды – Азаттық) 4-сыныпта оқитын қызы қызы Әминаның қазір мектепте орамал тақпауға мәжбүр болғанын айтады.

Өткен аптада телеарналардан «мектепте бірыңғай форма болуы керек» деген соң директор қыздары орамал тағатын мені және тағы екі ата-ананы шақырып, мектеп ішінде орамалды шешу керек екенін айтты.

- Қызым биылдан бастап орамал тағып, ұзын юбка киеді. Мектеп директоры әуелде бізді түсініп қарсы болған жоқ. Ал енді өткен аптада телеарналардан «мектепте бірыңғай форма болуы керек» деген соң директор қыздары орамал тағатын мені және тағы екі ата-ананы шақырып, мектеп ішінде орамалды шешу керек екенін айтты. Басшыға қарсы шыққан жоқпыз. Қызым мектепке дейін орамалын тағып барады, мектептің ішіне кіргенде оны шешіп, бантигін тағып алады, - дейді Зарина.

Талғар қаласының тұрғыны Мариям (өз өтінішімен аты өзгертіліп алынды – Азаттық) орамал тағатын 6-сыныптағы қызының оны шешкеннен кейінгі жағдайына алаңдайды.

- Қызым орамалын мектепке кіргенде шешіп сумкасына салып алады, шыққанда қайта тағады. Бірнеше жыл орамал киіп жүргенін көрген сыныптастары шашынан тартып, мазақ еткендей мысқылдап күледі екен. Бір апта болып қалды, қызым әрең жүр, - дейді Мариям.

ҮШ МИНИСТРЛІК ЖӘНЕ МҮФТИЯТ

Қазанның 19-ы күні Қазақстанның үш бірдей министрлігі: білім және ғылым, әділет, дін және азаматтық қоғам министрліктері Қазақстан заңнамасына сәйкес діни бағыттағы киімдерді мектепке киюге тыйым салынғанын мәлімдеді.

- Білім министрлігіне ата-аналар комитетінен діни рәсімдегі киімдерді киюге қатысты бес мыңнан астам өтініш түсіпті. Бұрын мұндай жағдай қатты шиеленіс тудырмаған. Сондықтан, барлық сұраққа жауап беріп, бұл мәселенің шешімін шығардық, - деді білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.

Суханбердиеваның түсіндіруінше, білім және ғылым министрлігі 2016 жылы қаңтардың 14-і шыққан №26 бұйрығы негізінде мектеп формасының бірыңғай ережесін енгізген. Сол ережеге сай мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек.

Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінің біріндегі математика кабинеті. (Көрнекі сурет)
Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінің біріндегі математика кабинеті. (Көрнекі сурет)

- Діни ерекшелігі бар киім, орамал, хиджаб және т.б. киюге жол берілмейді және бұған дейін де тыйым салынған. Заңнаманың нормалары барлық ұлтқа ортақ. Діни киімді тек білім мекемесінде киюге болмайды. Оның сыртынан тыс жерде не кисе де өз еркі. Олардың діни көзқарасына шектеу жоқ. Ешкім де баланың киімін күштеп шеше алмайды. Әзірге «баламды мектепке кіргізбеді» деген шағым түскен жоқ. Біз оқушы құқығын бұзбаймыз. Бірақ олардың да ережені бұзуына жол бермейміз, - деді вице-министр.

Қазанның 24-і күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) оқушы қыздардың мектепке орамал (хиджап) тағып баруына байланысты "мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындары басшыларымен ортақ мәмілеге келуге" шақырды.

ҚМДБ исламда шариғат талабы бойынша ата-анасы кәмелеттік жасқа толмаған қызына орамал таққызып, жалпыға ортақ білім алуына тыйым салмауы тиіс екенін айтады. Мәлімдемеде «ата-аналар Қазақстандағы білім беру жүйесі оқытуды ғана емес, адамды өнерге, спортқа, зияткерлік дамытуға бағытталғанын сезінуі керек" деп жазылған.

Діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының Азаттыққа айтуынша, «діни басқарма орамалға қатысты 2013 жылы пәтуа шығарған».

- Бұл мәлімдеме осы пәтуаның негізінде, бүгінгі қалыптасқан жағдайға қатысты жарияланып отыр, - деді ол Азаттыққа.

Діни басқарма ата-аналарға қыз баланың міндетті зайырлы білім алуына көбірек көңіл бөлулеріне кеңес береді.

САРАПШЫЛАР ПАЙЫМЫ

Әлеуметтанушы Серік Бейсенбаевтың пікірінше бұл мәселеде жан-жақты талқылау өткізіп, дін ұстанатын адамдардың көзқарасын біліп, қоғамдық талқылау өткізген жөн еді. Әйтпесе, бұл әлеуметтік қақтығысқа себеп болуы мүмкін. Оның пайымдауынша, мектеп формасына сәйкес келмейді деген мәселені алға тартып діни бағыттағы киімге тыйым салудың дұрыс-бұрыстығы алдағы бір-екі жылдың ішінде белгілі болып қалмақ.

Құқыққорғаушы Евгений Жовтис Азаттыққа мектептегі киімге қатысты тыйым дін еркіндігі құқығын «аздап қана шектейтінін» айтады.

- Бұл жерде адам құқығы шектелді деу қиын. Мұны дін еркіндігі бостандығы мен зайырлы мемлекеттегі қоғамдық пікірдің қақтығысы деп білемін. Немесе құқықтар бәсекесі деуге де болады. Оның дұрыс я бұрыс екенін айта алмаймын. Халықаралық тәжірибеде әр мемлекет өзіндік менталитет, салт-дәстүр ерекшелігіне қарай діни атрибутика мектепте болған жөн ба, жоқ па деген мәселені өзі шешуі тиіс, - дейді Жовтис.

XS
SM
MD
LG