«ТУҒАН-ТУЫСТАРЫМНЫҢ 95 ПАЙЫЗЫ МЕРТ БОЛДЫ»
«...1941 жылдың жазында Украинаның бүгіндегі Дунаевцы қаласында тұратын барлық еврейлер тұтқынға алынды. Немістер оларды жақын маңдағы шахтаға топ-тобымен айдап барып, шахтамен бірге жарып жіберген. Жол-жөнекей атып тастағандары да аз болған жоқ. Осылайша еврейлердің тұтас әулеттері туған-туыстарымен қырылып қалды».
Бұл – 62 жастағы алматылық, «Мицва» еврейлер ассоциациясының президенті Александр Баронның естелігі. «Тарих өзінен сабақ алмағандарды жазалайды» деген сұқбаттасымыз әлем Холокост трагедиясын ұмытпауы қажет дейді.
– Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германия идеологиясының кесірінен туған-туыстарымның 95 пайызы мерт болды. Олар менің қаным,
Қазақстандағы «Мицва» еврейлер ассоциациясының президенті Александр Барон. Алматы, 26 қаңтар 2011 жыл.
менің туысым еді. Мінеки, Холокостың маған қатысы – осы. Маған «Холокост болған жоқ!» деген сөздер жабайылық болып естіледі, – дейді Александр Барон. Қазақстандағы Еврейлер қауымдастығының негізін қалаушы Александр Барон Алматыда туып-өскен. Әкесі Екінші дүниежүзілік соғыста ауыр жараланып, Алматыдағы госпитальға жеткізілген. Содан бері осында. Ал Украинадағы қырғыннан бірнеше туысы аман қалғанымен, қазір ол жақта ешкімі жоқ.
– Еврейлерге, Украина, Белоруссия, Польша, Ресей немесе басқа да елдермен салыстырғанда, Қазақстанда өмір сүру әрдайым жеңілірек болып келді. Ал тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда мемлекеттік антисемитизм атымен жоқ. Бұл мақтау не мадақтау емес – расыменен солай, – дейді сұхбаттасымыз.
Қазір Қазақстанда 50 мыңға жуық еврей ұлтының өкілі бар. «Олар әрдайым өзара байланыстарын үзбей, қайғысы мен қуанышын бөлісуге тырысады» дейді сұхбаттасымыз.
– Еврейлердің әрдайым жат жерде жүріп, жан сақтап қалуға тырысып келді. Сондықтан бас қосып, бірігіп өмір сүру – еврейлердің бір сипаты десек болады, – дейді Александр Барон.
«НАЦИСТЕРДІҢ ЖАРТЫЛАЙ ОРЫНДАЛҒАН ЖОСПАРЫ»
Халықаралық «Холокост» орталығы мен қорының мәліметінше, антисемиттік идеология 1920 жылы Германияның ұлттық-социалистік партиясы бағдарламасының негізіне енген. Бұл туралы Гитлердің «Менің күресім» кітабында жазылған. Гитлер 1933 жылы билікке келісімен-ақ мемлекеттік антисемитизм саясатын қолға алды. Германиядағы 500 мың еврей қауымдастығы – бұл саясаттың алғашқы құрбаны болды. Елде алдымен еврей дүкендері мен тауарларына байкот жарияланды, көп ұзамай олар мемлекеттік қызметтен, мектеп пен медициналық мекемелерден қуылды.
1935 жылы Нюрнбергте «Рейх азаматтары» және «Неміс қадір-қасиеті мен қанын қорғау» туралы заңдар шықты. Осыдан кейін еврейлерді Германиядан «ерікті түрде эмиграциялау» процессі басталды.
Ал 1939 жылы еврей кварталдары – гетто құру туралы бұйрық шықты. Алғашқы гетто Польшаның Петроков-Трибунальский қаласында құрылды. Геттолардағы азық-түлік тапшылығы, ауру мен эпидемия, ауыр жұмыс еврейлерді қынадай қырды.
Алайда 1942 жылдың қаңтарында Берлинде өткен арнайы коференцияда Еуропаның 33 еліндегі 11 миллионнан аса еврейлердің көзін жою туралы мәселе талқыланды. Бұл істі жүзеге асыру үшін Польша территориясында (Хелмно, Собибор, Майданек, Треблинка, Белжец және Освенцимде) алты ажал лагері салынды. Бұлардың арасындағы ең бастысы – крематорийі, газбен улап өлтіретін камералары бар лагерь Освенцимде орналасты. Поляк тілінде Освенцим деп аталатын бұл елді мекен немістер келгеннен кейін Аушвиц деп аталды. Дәл осы лагерде 27 елден жиналған 1 миллион 100 мыңнан аса еврей өлтірілген.
Сол кездегі СССР территориясында тұрған 2 миллионға жуық еврей де саясаттың құрбанына айналды.
Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыз кезінде жүргізілген антисемитистік идеологияның кесірінен 6 миллион еврей мерт болды. Олардың 3 миллионға жуығының не жасы, не жынысы, не есімдері анықталмапты.
«Тарихтағы осындай қасірет ұмыт болған жағдайда алда бізді одан да сұмдық оқиғалар күтіп тұруы мүмкін» дегенді айтады Александр Барон.
– Мен Польшадағы белгілі Аушвиц-1 және Аушвиц-2 лагерлерінде болдым. Сол жерде кішкентай балалардың үйілген аяқ киімдерін, өртеп өлтірілген әйелдердің шаштарын көргенде... немесе крематорийден шыққан қалдықтар себілген Польшаның кей жерлерінде өнім жақсы шығатындығын естігенде... (сұқбаттасымыз біразға дейін үнсіз қалды – М.А.) мұндайды есі дұрыс адам қабылдай алмайды, – деді Александр Барон.