Accessibility links

Запастағы үйсіз офицерлерге бірігуге кеңес берді


Баспана алу үшін соттасып жатқан Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі Андрей Коркин. Алматы, 12 маусым 2015 жыл.
Баспана алу үшін соттасып жатқан Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі Андрей Коркин. Алматы, 12 маусым 2015 жыл.

Пәтер алу құқығын қорғап, сотқа жүгінген запастағы ҰҚК полковнигі Андрей Коркиннің басындағы жағдай жалғыз емес. Мұндай істің көбі сотқа жетпейді. Белсенді «үйсіз офицерлер біріккені жөн» дейді.

Алматы гарнизоны әскери сотында судья Қанат Естайдың төрағалығымен запастағы полковник Андрей Коркиннің ҰҚК-нің шекара қызметі академиясына қарсы талап-арызы қаралып жатыр. Ол соттан баспанаға мұқтаждар тізімінен шығарып тастаған академия шешімін заңсыз деп тануды әрі академияны оған Алматыдан пәтер беруге міндеттеуді сұраған. Коркин запасқа шыққан кезде ҰҚК шекара қызметі академиясының кинология және ат даярлығы кафедрасы бастығының орынбасары қызметін атқарып жүрген.

Коркиннің пәтер дауы біраз жыл бұрын баспана ала алмай запасқа кеткен өзге әскери қызметкерлер жағдайына ұқсайды. Кезінде қорғаныс министрлігімен соттасып, жеңгенімен, оларға бәрібір пәтер бөлінбеген. Ақыры үйсіз қалған запастағы офицерлер «СВ БОМЖ» қозғалысын құрған. Олардың жетекшісі, запастағы подполковник Дәулет Жұмабековтің есімі жұртқа қорғаныс министрлігі әрекетіне наразылық ретінде құрылыс кранына шығып танылған. Олар 2008 жылды баспана үшін күреспен өткізіп, келесі жылы пәтер алған.

ПӘТЕР КЕЗЕГІ

Андрей Коркин баспанаға мұқтаждар тізімінде 1997 жылдан бері тұрған. Ол пәтер алу кезегі екі рет келгенін, бірақ 2011 жылы академия басшылығының өтінішімен кезегін екі рет «пәтерге көбірек мұқтаждарға» бергенін айтады. Ол «пәтерден өз еркіммен бас тартқандай көрінгенімен, басшылықтың мұндай өтінішін орындамай қою мүмкін болмады» дейді.

Жауапкер, яғни ҰҚК-нің шекара қызметі академиясы «ол пәтерден өз еркімен бас тартқан» деген уәжге сүйеніп отыр. Жауапкердің өкілі, заңгер майор Евгений Қадыров сотта «талапкер бөлінген пәтерден өз ықтиярымен бас тартқан, оны ешкім мәжбүрлемеген» деп мәлімдеді.

Қазақстан-Қытай шекарасында күзетте тұрған қазақстандық әскери қызметкер. (Көрнекі сурет)
Қазақстан-Қытай шекарасында күзетте тұрған қазақстандық әскери қызметкер. (Көрнекі сурет)

2013 жылы ҰҚК-нің шекара қызметі академиясының тұрғын үй - тұрмыстық комиссиясы полковник Андрей Коркинге пәтер бөлу туралы бірауыздан шешім қабылдаған. Бірақ Коркин денсаулық жағдайына байланысты запасқа шығу туралы рапорт беріп, ҰҚК-нің шекара қызметі академиясы директорының бұйрығымен 2013 жылдың желтоқсанында запасқа шыққан. 2014 жылдың қаңтарында оны академия тізімінен алып тастаған. Сол жылдың тамызында академияның тұрғын үй - тұрмыстық комиссия отырысы өтіп, оны баспанаға мұқтаждар тізімінен де шығарған.

Енді академия Андрей Коркин «бізде жұмыс істемейді, демек пәтер алуға да құқығы жоқ» деген уәжбен оған пәтер беруден бас тартып отыр. Академия оған жұртпен қатар әкімдіктің жалпы пәтер кезегіне тұруды ұсынады.

Әуелі курсанты болып, ал кейін оқытушы ретінде сабақ берген әрі полковник шеніне дейін көтерілген «туған» академиясының бұл позициясы оқу орнында 20 жылдан аса қызмет атқарған әрі денсаулығынан айырылған Андрей Коркинге әділетсіз болып көрінеді.

«КРАН-ҚАРСЫЛЫҚҚА» ЖЕТКІЗБЕУ

Бұрынғы үйсіз офицер әрі запастағы подполковник Дәулет Жұмабеков «полковник Андрей Коркинге қарағанда, 2008 жылы маған өз талабымның дұрыстығын дәлелдеу оңайырақ болған» дейді.

Запастағы подполковник Дәулет Жұмабеков.
Запастағы подполковник Дәулет Жұмабеков.

— Ол кезде қолымызда біздің пайдамызға шыққан сот шешімі болған еді. Біз сотқа әлгі шешімдердің жылдар бойы орындалмағанына қатысты жүгінгенбіз. Ал оның қолында мұндай сот шешімі жоқ, - дейді ол.

Енді Дәулет Жұмабеков запастағы офицерлердің баспаналы болу құқығы үшін күресінде заң саласындағы білімін ғана емес, жинақтаған тәжірибесін де пайдаланып жүр. Бірақ ол кейбір істер қалағандай шешілмейтінін айтады.

— Қазір менде запастағы екі офицердің талап-арызы бойынша қаралған іс материалдары жатыр. Бірі – қорғаныс министрлігіне қарасты ұшқыш, екіншісі - Коркин сияқты шекарашы. Тура Коркин сияқты ол екеуіне де қызметтік пәтер бөлуден бас тартып отыр. Алғашқы сот инстанциясында жеңгенбіз. Бірақ іс қазір Астанадағы әскери соттың аппеляциялық алқасына жеткен кезде уәжімізге құлақ аспай, алғашқы сот инстанциясыныңбіздің пайдамызға шығарған шешімінің күшін жойды, - дейді запастағы подполковник.

Дәулет Жұмабеков соттардың қызмет атқарып жүрген кезінде әскери адамдарды пәтермен қамтамасыз етпей, ал қызмет мерзімі аяқталған соң оларға «пәтер алуға құқығың жоқ» деп мәлімдейтін әскери бөлімдерді жақтауы жиілеп кеткеніне назар аударады. 2008 жылы өз басынан өткен жағдайдан да жаман күйге душар болған офицерлерге көмектесіп жүріп белсендіге айналған бұрынғы үйсіз офицер, қазір запастағы подполковник Жұмабеков:

Дәулет Жұмабековтің қорғаныс министрлігіне наразылық ретінде кранға шыққан сәті. Алматы, 28 қараша 2008 жыл.
Дәулет Жұмабековтің қорғаныс министрлігіне наразылық ретінде кранға шыққан сәті. Алматы, 28 қараша 2008 жыл.

— Бұл әсіресе биылғы жыл басынан бері айқын байқалды. Соттар мұндай талап-арыздарды бірінен кейін бірін қайтарып жатыр, - деп қынжылады.

Дәулет Жұмабеков қазір үйсіз жүрген Андрей Коркин сияқты запастағы офицерлерге олардың баспаналы болу құқығы үшін күресетін қоғамдық ұйым құруға кеңес береді. Бірақ ол үйсіз офицерлердің ешқайсысына «құрылыс кранына шығыңдар» деген кеңес бермейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG