Accessibility links

Баспанасыз офицерлер Жаңа жылды пәтерсіз қарсы алды


Әскери зейнеткер, запастағы подполковник Раушанбек Ботантаев.
Әскери зейнеткер, запастағы подполковник Раушанбек Ботантаев.

Қазақстан қорғаныс министрлігінің жауапты шенеунігі «Тұрғылықты мекені жоқ әскери қызметкерлер одағы» қозғалысының запастағы баспанасыз офицерлері Жаңа жылды өз пәтерлерінде қарсы алады деп мәлімдеген болатын.

Алайда, қаңтардың 2-і күні Азаттық тілшісіне «Тұрғылықты мекені жоқ әскери қызметкерлер одағы» қозғалысының белсендісі, запастағы подполковник Рушанбек Ботантаев баспанасыз офицерлер Жаңа жылды сол баяғы үй-күйсіз қарсы алғанын жеткізді.
– Уәделі мерзімде сіздерге баспана неліктен бұйырмады?
– Желтоқсанның 31-і күні соңғы сәтке дейін біз Қорғаныс министрлігінен: «Сүйінші! Пәтерлеріңнің кілтін алыңдар!» деген қуанышты хабар болып қала ма деп, елеңдеумен болдық. Амал нешік, ол үмітіміз ақталмады. Тек, мейрамның берекесі кетті - министрліктен ешкім телефон шалмады, бізге пәтер кілтін сыйлайтын Аяз ата да келмеді. Ал Қорғаныс министрлігінің құрылыс және әскери қызметкерлерді қоныстандыру жөніндегі бас басқармасының бастығы Әнуарбек Оразалинов осыдан екі ай бұрынғы мәлімдемесінде Жаңа жылды біздің өз пәтерлерімізде қарсы алатындығымызды айтып сендірген болатын.
– Неге бұлай болды? Сіздерге пәтер сатып алуға деп Үкімет көп қаржы бөлген еді ғой? Сіздердің жетекшілеріңіз Дәулет Жұмабеков тіпті тендерге де қатысқан секілді еді?
– Ол ақша мен тендердің мақсаты біз күткендегідей болмады ғой. Иә, сол тендердің әділетті өтетіндігін көрсету үшін оған қатысуға Дәулетті Астанаға шақырғаны және тендердің ешқандай бұрмалаусыз өткені рас. Оған барлығы 10-ға жуық құрылыс компаниялары қатысты. Бірақ, негізгісі бұл емес. Үкімет бөлген ақша бізге емес, қазірде әскери қызметте жүрген офицерлерге арналған болып шықты.
Желтоқсанның 1-і күні өткен тендерден соң Дәулет Қорғаныс министрінің екі орынбасарымен – Болат Жанасаевпен және Қажымұрат Мейірмановпен кездесті. Олар бізге пәтер сатып алу немесе алмау жайын әлі ойланатындарын айтыпты Дәулетке. Сосын, 15 пәтер сатып алуға қаржы табылып қалуы мүмкін екеніне емеурін білдіріпті. Сөйтіп, біздің жағдайымыз сол шатқаяқ қалпында қалды.
Осы жақында ғана біздің мәселеміз қаңтар айында шешіліп қалуы мүмкін деген хабар естідік.
– Егер бұл рас болса, оны немен байланыстырар едіңіз?
– Қорғаныс министрлігінің тұрғын үй комиссиясының басшылығына генерал-майор Болат Сембиновтың келуімен. Ол өте байсалды, жауапты адам.
– Бұған дейін осы қызметті кім атқарған еді?
– Генерал-лейтенант Болат Жанасаев.
– Ал егер сіздердің баспана мәселелеріңіз шешілмеген күйі қалса ше?
– Онда біз өз құқығымызды қорғау үшін күресті жалғастырамыз. Жағдай сол қалпында қалса жасайтын өзіндік шараларды қазірден ойластырып жатырмыз.
– Рушанбек мырза, сұхбат бергеніңізге рахмет, сәттілік тілейміз!
Азаттық радиосының мұрағатынан: 2008 жылғы тамыз айының соңында запастағы баспанасыз офицерлер «Тұрғылықты мекені жоқ әскери қызметкерлер одағы» қоғамдық қозғалысын құрған болатын. Оның жетекшісі болып запастағы подполковник Дәулет Жұмабеков тағайындалған-ды. Содан бергі өткен уақыт ішінде қозғалыстің белсенділері әскери қызметтен запасқа шыққан офицерлерге баспана бөлу жөніндегі соттың шығарған шешімдерін орындамай отырған қорғаныс министрі Даниал Ахметов пен елдегі коррупцияға қарсы бағытталған бірқатар наразылық акцияларын өткізді.
Өз проблемаларына қоғамның назарын аудару мақсатында Дәулет Жұмабеков тіпті биіктігі 50 метрлік жүк көтергіш кранның басына шығып алып, сот шешімдерінің орындалуын талап етті. Тек содан кейін оны әскери прокурор мен Қорғаныс министрінің екі орынбасары қабылдады.
«Рұқсат етілмеген наразылық акциясын» өткізгені үшін бір рет сотқа тартылған Дәулет Жұмабековке судья сырттай шешім шығарып, әкімшілік ескерту жасады.
XS
SM
MD
LG