Accessibility links

Белсенді баспанасыз офицер сырттай сотталды


Баспанасыз офицерлер Алматы гарнизонының аудандық пайдалану бөлімшесінің алдында наразылық акциясын өткізді. 18 қараша 2008 ж.
Баспанасыз офицерлер Алматы гарнизонының аудандық пайдалану бөлімшесінің алдында наразылық акциясын өткізді. 18 қараша 2008 ж.

Қарашаның 20-күні Алматының ауданаралық әкімшілік соты баспанасыз офицер Дәулет Жұмабековты әкімшілік тәртіпті бұзғаны үшін жауапқа тартты. Бірақ офицер өзіне тағылған айыппен келіспейтіндігін мәлімдеп, Қазақстандағы сот билігін қарама-қайшы әрекеті үшін айыптады.

Алматы гарнизонының зейнеткерлікке шыққан сегіз офицерін осыдан екі күн бұрын аудандық пайдалану бөлімшесінің бақылау-тексеру бекетінің алдында наразылық акциясын өткізіп тұрған жерінде Түркісіб аудандық полициясы ұстап әкеткен еді. Құқық органдары баспанасыз офицерлердің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәулет Жұмабековке, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 373-ші бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғап, материалдарды ауданаралық әкімшілік сотқа жіберген еді.

Бейсенбі күні офицер Дәулет Жұмабеков сот ғимараты алдында өзіне тағылған айыптың қисынсыз екендігін айтып, Қазақстандағы сот билігін қарама-қайшы әрекеті үшін айыптады.


- Біздің сот жүйесі маған қатысты процесі арқылы өзінің әрекетінің қарама-қайшы екендігін көрсетіп отыр. Бұған дейін мен ҚР Қорғаныс министрі Даниял Ахметовты сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартуын сұрап, бірқатар құзырлы орындарға арызданған едім. Бірақ әкімшілік іс қозғауға толық негіз бола тұра сот орындары азаматтың талабын үш жылдан бері орындамай келеді. Ал біздің акциямыздың өткеніне екі-ақ күн болды, сот өз шешімін шығарып үлгеріпті, - деді Дәулет Жұмабеков.

Запастағы офицер Дәулет Жұмабеков (сол жақта) пен оның пікірлестерін наразылық акциясынан соң полиция ұстап алып кетті. Алматы, 18 қараша 2008 ж.
Оның айтуынша, әкімшілік сот сөз болып отырған іске байланысты шешімді офицердің қатысуынсыз-ақ шығарып қойыпты. Дәулет Жұмабековтың өзі сырттай шығарылған сот шешімінің мазмұнымен таныс емес.

- Егер сот мені айыпты деп тауып, әкімшілік айыппұл салатын болса, онда мен соттың шешімін орындаудан бас тартамын. Ең әуелі министр Д.Ахметов офицерлерге баспана беру туралы соттың шешімін орындасын, - деді ол.

Алматы гарнизонының 37 офицері көтерген баспана дауы үш жылдан бері тыншымай келеді. Сот шешімі бойынша Қорғаныс министрлігі зейнеткерлікке шыққан офицерлердің отбасын баспанамен қамтамасыз етуі керек. Қорғаныс министрлігіндегілер мәселенің шешіліп жатқандығын айтады. Құр уәдеден шаршаған офицерлер болса өздерінің наразылықтарын әртүрлі сипаттағы акциялармен білдіріп жүр.

Мәселен, қазанның 7-күні офицерлер «министрлікке көмек» деп аталатын акцияның арқасында қарапайым халықтан жиналған 4 мың 37 теңгені Қорғаныс министрлігіне жолдаған болатын.

XS
SM
MD
LG