Accessibility links

700 борышкер 14 банкке қарсы


Азаматтық белсенді Есенбек Өктешбаев (сол жақта) пен заңгер Дмитрий Сазонов экономикалық сотта отыр. Алматы, 17 қазан 2014 жыл.
Азаматтық белсенді Есенбек Өктешбаев (сол жақта) пен заңгер Дмитрий Сазонов экономикалық сотта отыр. Алматы, 17 қазан 2014 жыл.

Алматы экономикалық сотында 700-ге жуық борышкердің 14 банкке қарсы талап-арызы қарала бастады. «Дефолт пен алаяқтардың кесірінен банкирлерге қарызымызды қайтара алмаймыз әрі қайтаруға міндетті емеспіз» деп мәлімдеген жүздеген адамның дауын енді сот шешуі тиіс.

Кейбір азаматтық белсенділердің саясиландыруы әрі банктер мен соттардың «нарықтық экономика жағдайында банктен алған қарызды әлемдік дағдарыс зардаптарына қарамастан қайтару керек» деген позициясы салдарынан үлкен дауға ұласқан іс қазанның 17-сі күні Алматы қаласы экономикалық сотында қарала бастады.

Билік, коммерциялық банктер мен соттар «борышкер банкпен келісім-шартқа отырған соң шарттары қандай ауыр тисе де, ақшаны бүкіл пайызымен әрі кешіктіргені үшін салынған айыппұлымен қоса қайтаруы тиіс» дейді. Әр аймақтан жиналған азаматтық белсенділер тобы бұл уәжбен келіспейді.

700 ИПОТЕКАЛЫҚ БОРЫШКЕРДІҢ МҮДДЕСІ

Үш үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) – «Халыққа баспанасын қалдырайық» (Алматы), «Баспанамызды қорғайық» (Шымкент) және «Жалғыз баспана» (Ақтөбе) ұйымдары Алматы қалалық экономикалық сотына ұжымдық талап-арыз түсірген.

– Банктердің әрекетін заңсыз деп тану туралы талап-арызды 700-ге жуық борышкердің (оның 200-ден көбі – алматылықтар) атынан бердік, – дейді «Халыққа баспанасын қалдырайық» ҮЕҰ мүшелерінің мүддесін қорғап жүргенін айтқан Есенбек Өктешбаев.

Алматы экономикалық сотының судьясы Тұрсынәлі Төлегенов сотта төрағалық етіп отыр. Алматы, 17 қазан 2014 жыл.
Алматы экономикалық сотының судьясы Тұрсынәлі Төлегенов сотта төрағалық етіп отыр. Алматы, 17 қазан 2014 жыл.

Мұндай талап-арыз алғаш рет биыл мамыр айында жолданған, бірақ сот оны қабылдамаған. Кейін ҮЕҰ-лер сотқа тағы бірнеше мәрте арызданғанымен, сот талап-арыздарды кері қайтарған. Тек қыркүйектің 10-ы күні ғана Алматы қаласы экономикалық соты талап-арызды қарауға қабылдап, алғашқы сот отырысын қазанның 17-сіне белгілеген.

Ипотекалық несие дауын соттан тыс мәміле арқылы шешуге тырысқан әрекеттерден ештеңе шықпаған. Өйткені тараптардың әрқайсысы өз позициясын дұрыс деп санайды. Банктер ипотекалық несие сомасы мен оның пайыздарын жабуды талап етеді, ал проблемалық борышкерлер «экономикалық дағдарыс түріндегі форс-мажорлық жағдайды» ескеруді талап етіп, «ипотекалық несие келісім-шарттарын заңды қасақана бұзып жазған» деп банктерді айыптайды.

Осы аптада Алматыда өткен дөңгелек үстелде борышкерлер мен оларды қолдайтын азаматтық белсенділер банк секторы өкілдерімен осы проблеманы тағы да талқылауға тырысты. Дөңгелек үстелге банк секторының ешбір өкілі де қатысқан жоқ.

Дөңгелек үстелге прокуратура, Алматы қалалық мәслихаты сияқты мемлекеттік ведомство өкілдері де шақырылған. Бірақ олар да келген жоқ.

– Олар келмегенімен, Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасының судьясы Руслан Бәйішевтің келуі біз үшін күтпеген жайт болды, – дейді дөңгелек үстелде жасаған баяндамасында «банктердің заң мен ипотекалық борышкерлердің құқығын бұзуының көптеген фактілерін» айтқан Есенбек Өктешбаев.

ДЕВАЛЬВАЦИЯ ФОРС-МАЖОР ДЕП ЕСЕПТЕЛЕ МЕ?

Дөңгелек үстелге қатысқандар жұрттың бір адамнан өзгесі Есенбек Өктешбаев сияқты ойлайтын болып шықты. Судья Руслан Бәйішев көпшілікке жалғыз қарсы шықты. Сөйлегендердің әрқайсысы оған соттарға деген өкпесін айтып қалуға немесе сұрақ қоюға тырысты.

Судья Руслан Бәйішев сөйлегендердің «соңғы жылдары екі мәрте жүргізілген теңге девальвациясын форс-мажор жағдай деп тану керек» деген уәждерімен келіспеді. Ипотекалық несиені доллармен алған борышкерлер соңғы жеті жылдағы екі девальвацияның салдарынан қайтарылмаған пайызды есептемегенде, шамамен 45 пайызға «күйіп» кеткендерін айтады.

Парламенттің бұрынғы депутаты Зәуреш Батталова.
Парламенттің бұрынғы депутаты Зәуреш Батталова.

Парламенттің бұрынғы депутаты Зәуреш Батталова: «Қазақстан азаматтардың жалғыз баспанасын тартып алуға тыйым салатын халықаралық міндеттеме алған, бірақ оны соттар орындамайды» деп мәлімдеді. Судья Руслан Бәйішев: «Сотты мемлекетпен теңдестіруге болмайды. Мемлекет халықаралық міндеттемелерін ішкі заңдарды халықаралық міндеттемелеріне сәйкестендіру арқылы орындауы тиіс. Ал соттар қолданыстағы заңдар аясында ғана шешім шығарады» деп түсіндірді.

Бірақ судьяның мұндай уәждері парламенттің бұрынғы депутаты Батталованы иландырмады. Борышкерлер мен банктердің арасындағы соттағы тартыс кезінде «соттар неге екені белгісіз, банктерді жақтайды» деп мәлімдеген ол: «Сіздер банктерге әлдебір артықшылықтар беріп қойғансыздар. Олар құдды мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты. Жекеменшік банк болғаны үшін бе? Әлде мемлекеттің жекелеген басшыларының меншігі болғандықтан ба?» деген сұрақ қойды.

Борышкерлер сотта көбінесе заңды дұрыс білмегендіктен жеңіледі. Ал олардың қарсыластары банктер керісінше заңды жақсы біледі.
Cудья Руслан Бәйішев.

Батталованың бұл мәлімдемесімен судья Бәйішев келіспейді. Ол «борышкерлер сотта көбінесе заңды дұрыс білмегендіктен жеңіледі, ал олардың қарсыластары банктер керісінше заңды жақсы біледі» деп есептейді.

Бұдан кейін пікірталасқа оппозициялық саясаткер Петр Своик араласып, «өкінішке қарай, соттардың әділ төрелік етпейтіні рас» деді.

Судья Руслан Бәйішев онымен келіспеді. Осы тұста дөңгелек үстел де аяқталып қалды. Бірақ жиналған жұрт белсенділер мен банк борышкерлерімен тартысқа түсуге жалғыз келген судья Бәйішевті көпке дейін бөгеп, шығармады. Дөңгелек үстел өткен қонақ үй ғимаратынан ақыры қашып шыққандай болған ол сыртта күтіп тұрған тағы бір борышкерлер тобына тап болып, олармен де қызу дауласып кетті. Судья Руслан Бәйішев «девальвация форс-мажор жағдай деп есептелмейді, ал борышкер өз уәжінің дұрыстығын сот кезінде банкке емес судьяға дәлелдеуі тиіс» деді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG