Accessibility links

БҰҰ-ға барған қазақстандықтар екі түрлі пікір айтты


Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина қарсылық акциясын өткізіп тұр. Женева, 22 маусым 2016 жыл.
Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина қарсылық акциясын өткізіп тұр. Женева, 22 маусым 2016 жыл.

Женевадағы БҰҰ-ның адам құқығы комитетінің 117-сессиясында Қазақстандағы адам құқығын ахуалы қарама-қарсы тұрғыда бағаланды. Азаматтық белсенділер сынады, ал ресми тұлғалар керісінше мәлімдемелер жасады.

Маусымның 22-23-і күндері Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) адам құқығы комитеті халықаралық азаматтық және саяси құқық пакт (ХАСҚП) талаптарының Қазақстанда орындалуы жайын талқылады. Қазақстаннан барған ресми тұлғалар мен азаматтық белсенділер Қазақстанның ХАСҚП талаптарын орындау жайлы екінші кезеңдік баяндамасын талқылауда қарама-қарсы пікірлерімен бөлісті. Қазақстандық баяндамашылар үшін дәстүрлі конференцияға айналған жиында елдегі ахуал 2011 жылдан бері тақыланып келе жатыр. Биылғы сессияда Қазақстаннан өзге Гана, Дания және Кувейттің есептері де тыңдалады.

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлауынша, ол әріптестерімен бірге елде бейбіт сипаттағы жиын өткізу еркіндігін бұзылатыны, соның кесірінен мамырда азаматтық белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаевты қамауға алып, саяси сипаттағы қылмыстық айып таққаны жайлы айтқан.

«Біз «әлеуметтік, таптық, ұлттық араздықты қоздырды» деп айыпталып, сотталған азаматтық белсенділерді жуырда «экстремистер» тізіміне енгізіп, қаржы министрлігі олардың банктегі есеп-шоттарын сот санкциясынсыз бұғаттап тастағаны туралы; үкімет құрған дерекқорға мәліметтер беруге міндеттеу арқылы Қазақстан азаматтарының бірігу еркіндігін шектеулер жайлы; Қазақстан билігінің Жаңаөзен шерушілерін басып-жаншуды тәуелсіз әрі мұқият тексеруден бас тартқаны туралы; [оппозициялық журналист] Гузяль Байдалинова мен [оппозициялық саясаткер] Владимир Козловты босату қажеттігі жайлы айттық» деп жазады ол. Жуырда өзі де әкімшілік қамаудан шыққан белсенді осы және өзге тезистерді «қазақстандық құқық қорғаушылар БҰҰ-ның адам құқығы комитетінен қазақстандық ресми делегация назарын аударуын сұраған проблемалардың бір бөлігі ғана» дейді.

Қазақстандағы адам құқығы бюросы сияқты белгілі үкіметтік емес ұйымдардан (ҮЕҰ) тұратын ҮЕҰ коалициясы балама баяндама ұсынды. Онда халықаралық форумдарда бұрын да талқыланған проблемалар жайлы баяндалған. Мысалы, құқық қорғаушылардың айтуынша, азаптауға қарсы ұлттық превентивті механизм құрылғанына қарамастан, ел билігі азаптау мен қатігездікке қарсы күресеміз деген уәдесін орындамай отыр. Жиында 24 сәуір күні Атырауда тұтанған «жер наразылығы» кезінде азаматтардың жиналу еркіндігі бұзылғаны жайлы көп айтылды. Құқық қорғаушылар «2016 жылдың 21 мамырында бейбіт сипаттағы акциялар өткізу жоспарлануына байланысты ел қалаларында жүздеген адамды заңсыз ұстап әкетіп, бірқатар белгілі белсенділерге әкімшілік және қылмыстық айыптар тағылды» деп мәлімдейді.

Полиция қарт адамды ұстап әкетіп барады. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Полиция қарт адамды ұстап әкетіп барады. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстаннан барған ресми делегация мүшелері мұндай тұжырыммен келіспейді. Мысалы, БҰҰ комитетінде сөйлеген бас прокуратура өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков 21 мамыр қарсаңында азаматтар «ол жерде гранат, тапанша және жарылғыш заттар табылғандықтан зорлық-зомбылыққа жол бермеу» үшін ұсталған. Ол «Бұдан да үлкен заң бұзушылықтарға жол бермес үшін билік заңсыз акцияларды тоқтатуы тиіс болды» деп мәлімдеді. БҰҰ комитеті отырысы өткен залдан жасалған тікелей трансляцияда Нұрдәулет Сүйіндіковтің «Қазақстанда жер реформасына қатысты ой-пікірін кез-келген адам еркін айта алады, бұған ешқандай кедергі жоқ» деп мәлімдегені көрінді. Ресми Астана өкілі «жер комиссиясы құрылды, оның жұмысына кез-келген азамат тікелей немесе жанама түрде қатыса алады» дейді. Ал жер реформасына наразы белсенділерді әкімшілік қамау жайлы Сүйіндіков кей адамдардың қамауға қатысты шағымдары қайта қаралды, кей шағымдар әлі қаралып жатыр, «бір жақсысы, ұлттық заңдарымызда мұндай шаралар қарастырылған» деп мәлімдеді.

Парламентте көп партия болғанын біз де қалар едік, бірақ Қазақстан халқы осы үш партияға дауыс берді.

БҰҰ-ның адам құқығы комитетінің маусымның 23-і күнгі отырысында Қазақстаннан барған ресми делегацияның үш өкілі бірінен кейін бірі сөйлеп, Астананың атына айтылған сынның көп тұстарын терістеді. Мысалы, «парламентегі билікшіл үш партияның монополиясына» қатысты сауалға Қазақстанның ресми делегациясының өкілі ағылшын тілінде: «Бұл біздің кінәміз емес. Парламентте көп партия болғанын біз де қалар едік, бірақ Қазақстан халқы осы үш партияға дауыс берді, сондықтан біздің парламентке осы үш партия ғана өтті» деп жауап берді.

БҰҰ-ның Женевадағы конференция залында отырған қазақстандық кей белсенділер мұндай мәлімдемелерді Facebook желісіндегі парақшаларында бірден мысқылдап жазды.

Женевада осындай пікірталас өтіп жатқан күні Астана қалалық соты азаматтық белсенді Махамбет Әбжанның «ұсақ бұзақылығы» үшін биыл мамырда әкімшілік қамауға қатысты шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Белсенді оны «21 мамырдағы жер митингісі туралы хабар таратқаным үшін» қамады деп санайды. Қазір Махамбет Әбжан «полицейлерді қорлады, оларға бағынбады және күш көрсетті» деген айыппен тергеуге іліккен. Ол айыпты деп танылса, сотталуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG