Баяндаманың тұсакесерінде Адам құқығын қорғаушы халықаралық ұйымның Орталық Азия мен Еуропа бөлімінің қызметкері Рейчел Денбер 2009 жылы «Халықаралық Филип Морис» компаниясының Қазақстандағы еншілес кәсіпорны республиканы темекі шикізатымен қамтамасыз ететін шаруа қожалықтарында Қырғызстаннан келген еңбек мигранттарының құқтарының бұзылу фактілері жиі тіркелгенін айтты.
Қазақстанда темекі алқаптарындағы маусымдық жұмыстарға жалданған еңбек мигранттараның көпшілігі алдау мен арбаудың құрбаны болады, кейде тіпті мәжбүрлі еңбекке жегіледі деп атап көрсетілген баяндамада.
Оның себебі «Филип Морис Қазақстан» компаниясын шикізатпен қамтатамасыз ететін темекі шаруашылықтары қожайындарының адамгершіліктерінің төмендігінде жатыр дейді Рейчел Денбер.
"Хьюман Райтс вотч" ұйымының Еуропа және Орта Азия бөлімі бойынша директорының орынбасары Рейчел Денбер. Алматы, 14 шілде, 2010 жыл.
100 беттен асатын баяндамада еңбек мигранттарының төлқұжаттарын тартып алу, еңбек келісімшарттарын жасамау, жалақы төлемеу, күні-түні ақысын бермей жұмыс істету және басқа да заңсыз әрекеттер туралы жіпке тізгендей етіп жазылған.
"Хьюман Райтс Вотч" ұйымының Орталық Азия мен Еуропа бөлімінің аға қызметкері Джейн Бьюкенен былай дейді:
- Атап айтқанда біз еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша күрделі мәселелер бар екенін анықтадық.Темекі өсіріліп, бапталатын сегіз аптаның ішінде жұмыс істейтін еңбек мигранттарына Қазақстанның еңбек заңы бойынша жалақы жүйелі түрде төленбейді.
Баяндама 2009 жылы Қазақстанда сол кезде немесе одан бұрынғы уақытта жұмыс істеген 68 еңбек мигрантынан алынған сұхбат, әңгімелесуге негізделген.
Халықаралық адам құқын қорғау ұйымы темекі плантацияларында оның денсаулыққа зиянды екендігіне қармастан, он жасар балаға дейін жұмыс істеген кездері болған мысалдарды да алға тартады.
- 2009 жылы «Хьюман Райтс Вотч» бала еңбегінің темекі өсіруге, жинауға пайдаланылған 72 мысалын тіркеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл өте ауыр және денсаулыққа зиян болғандықтан, онда бала еңбегі мүлде қолданылмауы тиіс, - деп ескертті Бьюкенен.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанға жыл сайын 300 мыңнан 1-2 миллионға дейін еңбек мигранттары келеді, олардың көпшілігі - көрші Қырғызстан азаматтары.
- Бұндай бағыт таңқалдырмайды, өйткені Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық жетекші ел болып қала береді. Ондаған мың еңбек мигранты – қырғыздар. Олар маусымдық жұмыстар үшін келеді, - деді Денбер.
Қазақстанда жұмыс істейтін еңбек мигранттарының басым көпшілігі ТМД елдерінен келген. Өйткені олар виза алып, әуре болмайды.
Осындай мысалдардың барлығын алға тарта келе Рейчел Денбер еңбек мигрантының құқы жоқ деген түсінікпен күресу керек дейді. Ұйым өкілінің пікірінше, осындай ой-түсінік барлық мекемелерде кең тараған. Бұл әлем елдеріндегі тәжірибе мен талаптарға сай келмейді.
Денбердің айтуынша, «Халықаралық Филип Морис» компаниясы осы жылдың басында қалыптасқан ақуалды жақсартуға уәде берген.
- Мекеме өзінің шаруалармен жұмыс істейтін аграрлық мамандары арқылы қатаң бақылау орнатуға, бала еңбегін қанау жағдайы бола қалған жағдайда оған тыйым салынғандығын ескертуге уәде берді, - дейді Денбер.
Осы баяндама жарияланар алдында Қазақстанда еңбек мигранттары мен олардың балаларының еңбегі қаналып отырғаны жайында қазақстандық омбудсмен Асқар Шәкіровпен әңгіме болғанын айтқан Рейчел Денбер қалыптасып отырған жағдайды оңалту үшін нақты шараларды қолға алу қажеттігін де ескертіп өтті.
«Хьюман Райтс Вотч» Қазақстанда еңбек заңдылығы туралы зерттеуін 2010 жылы да жүргізетіндігін хабарлады.