Accessibility links

2010 жылдан қарапайым халықтың есінде қалғаны - азық-түліктің қымбаттауы


Базар. Ақтөбе, қараша, 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Базар. Ақтөбе, қараша, 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Ал сарапшылар 2010 жыл - барыс жылы Қазақстан үшін табысты, экономикалық дағдарыстан шыққан жыл болды деп есептейді. Кейбір саясаттанушылардың ойынша, барыс жылының басты оқиғасы - «Ел бірлігі» доктринасының қабылдануы.




Саясаттанушылар «барыс жылының басты оқиғасы - Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі» дейді. Өйткені олар елдің бұл ұйымға төрағалық еткені Астананы әлемге танытты деген пікірді ұстанады. Ал қарапайым халық үшін 2010 жыл азық-түлік бағасының қымбаттауымен ғана есте қалған екен.

Ел арасында барыс жылы ауыртпалығы да, жақсылығы да аралас келетін жыл деген түсінік қалыптасқан. Алайда «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» тәрізді қанды қырғын, алапат аштық тәрізді жантүршігерлік оқиғалар барыс жылы болмаған дейді. Сол себепті тарихи шығармаларда, жұлдызшылардың болжамдарында, күнтізбе жасаушылардың зерттеулерінде барыс жылы туралы еш жамандық айтылмайды. Сондықтан халық оны жайсыз жылдардың қатарына қоспайды.

Алайда, Совет дәуірі тұсында барыс жылымен тұспа-тұс келген қайғы-қасіретке толы оқиғалар аз емес. 1937-38 жылдардағы «Халық жауы» деп қуғын-сүргінге салған саяси қырғын, 1986 жылы Алматыдағы «Желтоқсан» көтерілісі барыс жылы болған. Бірақ барыс жылында Мұхаммед пайғамбардың өмірге келгенін, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың дүние есігін ашқанын да алға тартуға болады.

«Барыс жылы қандай оқиғаларымен ерекшеленді?» деген сауалға «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Жармахан Тұяқбай басты екі оқиғамен ерекшеленгенін айтып берді. Оның бірі - президенттің ұлт көшбасшысы мәртебесін алуы, екіншісі - президенттің өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу жайлы ұсыныс.

Саясаттанушы Дос Көшім президент өкілетін ұзарту туралы ұсыныс барыс жылының басты оқиғасы емес деген пікірін айтты. Себебін сұрағанымызда, ол оқиғаны «жағымпаздар жарысы» деп атап, елеусіз қалдыратынын айтты. Оның пікірінше, барыс жылының басты оқиғасы - «Ел бірлігі» доктринасының қабылдануы.
XS
SM
MD
LG