Бағзы замандарда шығыс базары қазіргі ірі сауда, ақша айырбастау, әңгіме-дүкен, ақпараттық агенттік және қарапайым ойын-сауық орталықтарының қызметтерін атқарған. Қазіргі заманда бұл міндеттер арнайы орындарға жүктелгенімен, шығыста базардың мәні әлі де жоғары.
Мереке алдында Алматы базарлары өзінің әдеттегі көлемінен бірнеше мәрте ұлғайып, көше бойы созылып кеткен екен. саудагерлер жаңа жылға сыйлықтар, мерекелік дастарханға арналған азық-түлік, жеміс-жидектермен сөрелерін толтырып тастаған.
Бәсекелестікті қорғау агенттігінің баспасөзге таратқан хабарламасында «Қазақстанның
сауда кәсіпорындарының барлығында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында баға өсіміне жол бермеу жөнінде түсініктеме жұмыстары жүргізіледі. Агенттік өткізген азық-түлік бағасының мониторингі жөніндегі отырысының қорытындысы бойынша, қазір жергілікті әкімшіліктерге осындай тапсырма берілді» делінген.
Алайда Азаттық радиосының сұрақтарына жауап берген саудагерлердің басым бөлігі бағаның мереке қарсаңында көтерілгенін атап өтті. Олардың бірі Болат есімді азамат. Оның жеміс жидектерді сатумен айналысқанына бес жыл болған.
«2010 жылы жеміс-жидек 20 пайызға қымбаттады. Көбінесе мерекелік дастарханға ананас, апельсин, мандарин алады. Алайда бағаны біз қоймаймыз, қоймадағы бағаға бағыныштымыз», – деді саудагер.
Келесі сұхбаттасымыз Ақбота есімді саудагер. Ол 2010 жылы бірталай қиыншылықтарды өткізгенін айтып, келе жатқан Жаңа жылға үміт арттып отырғаны туралы баяндады.
«Саудамыз жақсы жүріп жатқан жоқ. Енді бола ма деп отырмыз. Түрлі жиындарға киім алады. Жаңа жыл кезінде сәл көтерілді. Жолымызды қосқанда, бұрынғыға қарағанда 500 теңгеге көтердік», – деді ол.
Ұлттық банктің хабарлауынша, жыл соңында инфляция 6-8 пайыз шегінде сақталады. «2010 жылғы қаңтар-қарашада инфляция 7,1 пайыз болса, жылдық инфляция 7,7 пайызға тең» делінген банк ақпаратында.
Банк өкілі бағалардың қымбаттауы негізінен мониторлық емес факторлармен байланысты болып отырғанын атап өтті.
Мәулен есімді азамат жаңа жылдық шыршаға арналған түрлі әшекей бұйымдары мен отшашуларды сатады. Саудамен айналысқанына үш жыл болыпты. Өз айтуынша, әдетте ол базарға тек жаңа жыл мерекесі жақындағанда ғана шығады екен.
Нұрболат есімді саудагер киім-кешек сатумен айналысады. Ол Жаңа жылды 31 желтоқсан күні тойлауды қоштамайды: «Жаңа жылдың мұсылмандарға керегі не? Ол құр шығын, отшашу, шырша – неге керек? Мен үшін Жаңа жыл – Наурыз».
Орталық базарда тұрмыстық тауарларды сататын Бақыт 2010 жыл тыныш, ешбір елеулі оқиғаларсыз өтті дейді. Оның негізгі мамандығы құрылысшы екен, алайда қазір саудамен де айналысады.
«Тауар қымбаттаған жоқ. Сауданың жүрмегеніне халықтың ақшасы жоқ екені кінәлі. Біздің тауар көбіне Ресей мен Қытайдан келеді. Қырғызстандағы биылғы оқиға тауар бағасына еш әсер еткен жоқ» , – деді ол.
Жаңа жыл қарсаңындағы Алматы базарлары туралы хабарды тыңдаңыз: