Accessibility links

Қарттар үйіндегі қуыршақ шебері жетімдерге ойыншық сыйлайды


Қарттар үйіндегі қуыршақ жасайтын шебер Анатолий Кошкарев. Семей, 14 қаңтар 2013 жыл.
Қарттар үйіндегі қуыршақ жасайтын шебер Анатолий Кошкарев. Семей, 14 қаңтар 2013 жыл.

Анатолий Кошкарев қуыршақ жасау таланты танылғалы Семейдегі қарттар мен мүгедектер үйінің танымал тұрғынына айналды.

86 жастағы Анатолий Кошкаревтің қарттар үйіндегі бөлмесі – бір қарағанда кәдімгі бөлме. Бірақ бөлме иесінің әуесқойлық сырын сөреде тұрған ойыншықтар мен тумба үстінде ұқыптап жиналған гуашь бояулар, қылқаламдар мен қажет аспаптардың жиынтығына қарап аңғаруға болады

«АЛТЫН» ГРАММОФОН

Анатолий Кошкаревтің айтуынша, оның өмірбаяны – өте қарапайым. Соғыс басталған кезде 17 жастағы бозбала әскери экипаж құрамында авиацияға кетіп, соғыстан кейін ұн тартатын және жем шығаратын комбинатқа жұмысқа тұрып, ол жерде 56 жыл жұмыс істейді.

Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да Анатолий Кошкарев өзі істеген кәсіпорындағы ардагерлер кеңесін он жыл басқарады. Өзінің айтуынша, жұртқа жасаған жақсылығы алдынан шығып, оның үйіне ауру мен кәрілік жоламайды.
Анатолий Кошкарев жасаған ойыншықтар. Семей, 14 қаңтар 2013 жыл.
Анатолий Кошкарев жасаған ойыншықтар. Семей, 14 қаңтар 2013 жыл.

– Ескі жаңа жыл мерекесінде ұйымдастырылған дарындылар конкурсына арнап жақында жиырма шақты «алтын» граммофон жасадым. Би сайысының жеңімпаздары мен номинанттары осы сыйлықпен марапатталды, – дейді Анатолий Кошкарев.

Семей қаласындағы қарттар мен мүгедектер үйінің директоры Сәуле Оразбекова қарт шебер туралы лебізін ерекше ықыласпен білдірді:

– Кошкаревтің әйелі 2009 жылы қайтыс болды. Ал ауыр науқас қызы әкесіне дұрыс күтім жасай алмайтын болды. Өзі де біздің мекемеге әлсіреп келді. Осыдан екі жыл бұрын аяғын кестіріп, ауыр операция жасатты. Бәріміз «атамыз осыдан кейін оңалмайтын шығар» деп ойлап едік. Бірақ сүйегі мықты адамдар ғой – сырқатқа, кәрілікке оңайлықпен бой бермейді.

Сәуле Оразбекованың айтуынша, Анатолий Кошкарев сырқатынан оңалып жатқанда мекемеде әр түрлі әуесқойлық үйірмелері ашылыпты.

Кошкарев жапонның оригами өнері (қағазды бүктеу әдісі) бойынша ашылған үйірмеге қызығады. Қажетті материал, бояу сатып алып, ағаш, картон, сым темірден ойыншықтар жасауға кіріседі. Ол кеме, машина, ұшақ сияқты ойыншықтар мен өзі жұмыс істеген диірменнің, оқыған мектебінің макеттерін жасапты.

ШИПАЛЫ ЕҢБЕК

Кезекті бір бұйымды жасауға қарт шебер мекеме қызметкерлері мен тұрғындарын да шақырады. Олар ілгек, түйме, қысқыш тауып беріп, шеберге қолдарынан келгенше көмектеседі.

– Қысқасы, бұл еңбектің бүкіл ұжымға шипасы тиді. Әкей дайын бұйымдарды көрші бөлмедегілерге немесе бұрыннан қамқорлығымызда болып келе жатқан балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлады, – дейді Сәуле Оразбекова.

Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, Анатолий Кошкарев өзі құралпы қарттардан айрықша жинақылығымен ерекшеленеді: күнделікті қырынып, ақ жейдесін ауыстырып, үнемі галстук тағып жүреді екен.

ҒАЖАЙЫПТАР УАҚЫТЫ

Бұл ойыншықтарды балалар жақсы көреді. Семей, 14 қаңтар 2013 жыл.
Бұл ойыншықтарды балалар жақсы көреді. Семей, 14 қаңтар 2013 жыл.
Қарт шебер әсіресе жаңа жыл мерекесі қарсаңында көп еңбектеніпті. «Әжелер мен балалар» үйірмесіне қатысып жүрген әйелдердің бірі Бағира Қаржаубаева Анатолий Кошкаревпен бірге үйірмеге екінші жыл қатысып жүргенін айтты.

– Анатолий – ескі әріптесіміз. Біз әйелдер тігеміз, тоқимыз, кесте өрнектейміз, ал ол ағаш жонады. Балалар біздің қолымыздан шыққан заттарды тағатсыздана күтеді. Әсіресе мереке кезінде балалар біздің бұйымдарға қатты қуанады, – деді Бағира Қаржаубаева Азаттық тілшісіне.

«КӘРІЛІКТІҢ АУЫЛЫ ӘЛІ АЛЫС»

Қарттар үйі қызметкерлері мен оның тұрғындары Анатаолий Кошкаревтің өмірге құштарлығы мен оптимистік қасиетін ерекше бағалайды.

– Қатар құрдастарын жігерлендіріп, өз ісімен өнеге болатын мұндай қарттар – біздің құт-берекеміз. Біз оларды аялап күтіп, барынша қолдаймыз, – дейді қарттар үйінің директоры.

Анатолий Кошкарев сұхбат барысында барынша салтанатты әрі байсалды ұстауға тырысты. Әр сөзін екшеп сөйлеген ол:

– Мен үшін кәріліктің ауылы әлі алыс. Айналамдағы жұртқа қуаныш сыйласам, бір кәдеге жарасам болды. Есіңізде ме, бұрын мынадай ән бар еді ғой: «Старость меня дома не застанет, я в дороге, я в пути!». Бұл – менің сүйікті әнім әрі өмірлік ұраным, – деді.
XS
SM
MD
LG