Accessibility links

«Қазақстандық» планшет өндіретіндер істі болды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев онлайн-конференция кезінде салтанатты түрде ашқан тағы бір жоба – планшет өндіреді деп таныстырылған «Аққу» зауыты іс жүзінде жоқ болып шықты.

«Қазақстандық электроникалық құрал-жабдық өндіреді» деп таныстырылған ақтаулық зауыт шын мәнінде 2011 жылдан бері тек алыпсатарлықпен айналысқан деп айыпталады.

Ақтау қалалық соты қыркүйектің 18-інен бері «ақша жымқыру» бойынша қозғалған шулы істі қарап жатыр. Сотқа тартылғандар - «Каспий» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Ерғали Каюпов, JX Company және Caspiy Electronics компаниясының директоры Александр Павленко.

СӘТСІЗ ЖОБА

Бұған дейін Маңғыстау облыстық қаржы полициясы Ерғали Каюпов пен Александр Павленконы «алаяқтық жасады», «өзгенің сеніп тапсырған мүлкін меншіктеді немесе талан-таражға салды» деп айыптаған. Облыстық қаржы полициясының экономикалық қылмыстарды ашу жөніндегі басқарма басшысы Бағдәулет Махмұттың айтуынша, мемлекетке 200 миллион теңге залал келген.

Ақтаудағы 2011 жылы инновациялық жоба ретінде таныстырылған «Аққу» зауыты жылына ондаған мың электроникалық жабдық өндіреді деп хабарланған еді. Қаржы полициясы бұл зауыттың планшет пен телевизор жасаудың орнына басқа жақтан дайын өнімдер алып, оны елге Қазақстанда жасалған «Аққу» маркасымен қайта сатқанын анықтаған.

Caspiy Electronics зауытының қоймасы. Ақтау, 9 қазан 2013 жыл.
Caspiy Electronics зауытының қоймасы. Ақтау, 9 қазан 2013 жыл.
Caspiy Electronics серіктестігін «Каспий» мен JX Company компаниясы бірлесіп құрған.

Осы мәселеге орай қаржы полициясы ақтаулық «Не хабар?!» газетіне: «Компанияның жарғылық қорындағы 800 миллион теңгесінің 20 миллионына Павленко 2010 жылы компаниясына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, оның құнын 600 миллион деп көрсеткен. Бірақ ол жабдықтардың техникалық сипатының өзі планшет жинауға арналмаған. Тергеу планшетті компьютерлер, телевизорлар және мониторлар өндіру зауытын салу жобасы әуел бастан «мемлекеттің қаржысын алаяқтықпен алдап алу мақсатында құрылғанын» анықтады» деп мәлімдеген.

Адвокат Рашид Сәулебаев қорғауындағы Ерғали Каюповқа тағылған айыптарды негізсіз деп таниды. Оның Азаттыққа айтуынша, «Каспий» компаниясы талан-таражға түсірді деп сипатталатын қаржының мемлекет бюджетіне қатысы жоқ. Ол - «Каспийдің» кәсіпкерлік арқылы тапқан ақшасы.

- «Аққу» зауыты Маңғыстауға келеді деп күтілген мемлекет басшысының сапарына дейін салынып, дайын болуы тиіс нысан еді. Менің қорғауымдағы адамның (Каюповтың – ред.) айыбы – оның қатысуынсыз басталып қойған осы құрылысты аяқтауға жауапты болғаны, - дейді адвокат.

Президент Назарбаев ашып қайта жабылған жобалар туралы мақала

НЕСИЕ АЛЫП ҚҰТЫЛУ

Қаржы полициясы «Каспий» корпорациясының бұрынғы бастығы, бұрынғы облыс әкімінің орынбасары Асқар Нұрғалиевтің бұл іске қатысы жоқ деп таныған. Бірақ Нұрғалиев ол компанияны басқарып тұрған кезде - 2012 жылы 2 миллиард теңге жымқырды деген күдікпен өзі де қамауға алынған еді. Оны «Авиакомпания ИнвестАвия» акционерлік қоғамы үшін және өзіне пайда табу мақсатында 6 ұшақ пен оның құрал-жабдықтарын 1 миллиард 800 миллион теңгеге сатып алу туралы шешім қабылдаған, әрі ол инвестициялық жоба ретінде бекітілмеген» деп айыптаған болатын.

Нұрғалиевке тағылған «алаяқтық бабы» енді «алдау арқылы залал келтіру деген» басқа бапқа ауыстырылған. Бір жылға созылған іс биылғы қыркүйекте тоқтатылды. Бұрынғы облыс әкімінің орынбасары қылмыстық іс қозғауға негіз болған қаржылық залалды несие алып өтегенін айтқан.

Жергілікті «Не хабар?!» газетінің жазуынша, Маңғыстау облыстық қаржы полициясы департаментінің бастығы Берік Әбілов: «Нұрғалиев кәсіпкер ретінде банктен несие алды. Біздің басты мақсатымыз – мемлекетке келген шығынның орнын толтыру» деген.

Caspiy Electronics зауытының қоймасы. Ақтау, 9 қазан 2013 жыл.
Caspiy Electronics зауытының қоймасы. Ақтау, 9 қазан 2013 жыл.
Ал «Каспийдің» қазіргі басшыларының бірі Ерғали Каюпов пен Caspiy Electronics компаниясының директоры Александр Павленкоға қатысты сот әрі қарай жалғасып жатыр. Маңғыстау облыстық соты баспасөз қызметінің қызметкері Рүстем Набиев сот процесінің «әлі ұзаққа созылуы мүмкін» екенін айтты.

- Қазір Алматыдан келген куәлар тергеліп жатыр. Содан соң сараптама тағайындалады. Сот процесі ашық өтіп жатыр, бірақ істің мән-жайы туралы бұдан артық ештеңе айта алмаймын, - деді ол Азаттық тілшісіне.

2011 жылы Маңғыстау облысындағы аса маңызды инновациялық жоба ретінде таныстырылған «Аққу» зауыты жылына соңғы үлгідегі 67 мың 760 дана планшет, 40 мың 414 телевизор және 43 мың 560 монитор шығарады деп хабарланған. Оның ашылу салтанатына онлайн режимде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан. Кейін белгілі болғандай, зауыт содан бері тек 1000 телевизор ғана құрастырған.
XS
SM
MD
LG