Accessibility links

Латын қарпіндегі қазақша сайттар көбейді


"Алматы ақшамы" газеті сайтының латын әліпбиіндегі нұсқасы (скриншот). 14 тамыз 2013 жыл.
"Алматы ақшамы" газеті сайтының латын әліпбиіндегі нұсқасы (скриншот). 14 тамыз 2013 жыл.

«Қазақ жазуы 2025 жылы латын әліпбиіне көшу керек» деген президент Назарбаевтың сөзінен соң веб-сайттар латын әріптерін жиі қолдана бастады. Бірақ ондай сайттардың әліпби нұсқалары әртүрлі.

Францияда тұратын қазақ азаматы Абдулсамет Алтай Қазақстанның жаңалықтарын латын қарпімен шығатын қазақ сайттарынан оқып отырады. Бірақ ол кісі «әр сайттағы латын әліпбиінің әртүрлі болуы мәтінді түсінуді қиындататынын» айтады.

– Латынша сайттар – кирилді оқи алмайтын шетел қазақтары үшін үлкен жеңілдік. Бірақ әркім бөлек алфавит қолданып отыр, – дейді ол.

«ОҚЫРМАНДАР КЕЙ ӘРІПТІ ТҮСІНБЕЙ ЖАТАДЫ»

Қазақ сайттарының әрқайсысы латын әліпбиінің бөлек-бөлек нұсқасын қолданатыны оқырманға ыңғайсыз екенін baq.kz сайтының өкілі Серғали Балажан да растады.

– Сайтымыздың латын әліпбиіндегі нұсқасына көбіне шетел қазақтары кіреді. Франция немесе Голландиядан, одан да басқа елдерден оқырмандар пікір жазып, «Мына сөзді түсіне алмай отырмыз», «Мына әріптер қосарланған кезде қалай оқылады?» деп сұрап, сын-пікірлерін айтып жатады, – дейді ол.

Серғали Балажанның пікірінше, «қазақ сайттары арасында латын әліпбиінің келісілген ортақ нұсқасы болмағандықтан кемшіліктері де бар».

Inform.kz сайтының латын қарпіндегі нұсқасы (скриншот). 15 тамыз 2013 жыл.
Inform.kz сайтының латын қарпіндегі нұсқасы (скриншот). 15 тамыз 2013 жыл.

​Соңғы кездері Қазақстандағы бірқатар сайттар латын әліпбиіндегі нұсқаларын жасай бастады. Қазір inform.kz, government.kz, bnews.kz сияқты бірнеше сайттар кирилицаға қоса латын әріптерін де пайдаланады.

Шілде айында Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің muslim.kz сайтының да латын әрпіндегі нұсқасы пайда болды. Сайт редакторы Салтан Сәкеннің айтуынша, олар түркі әлеміне ортақ әріптер негізінде қазақ тіліне ыңғайланған латын әліпбиін жасап шыққан.

– Сайтымыздағы латын әліпбиін Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан секілді түркітілдес мемлекеттердің әліпбиіне қарап отырып жасадық, – дейді ол.

Салтан Сәкен өздері жазып жүрген үлгі «қатып қалған нұсқа емес екенін», «оқырмандар тарапынан жақсырақ ұсыныстарды қабылдауға әзір екендерін» де айтты.

Азаттық тілшісі хабарласқан сайттардың өкілдері латынша ала-құла әліпби мәселесі түрлі жиындарда көп қозғалғанын, ақыры «әзірше әр сайт өз әліпбиімен жүре берсін, кейін бір ізге түседі» деген шешімге келгендерін айтты.

Алайда латын және кирилл әліпбиі әріптерін араластырып, басқаша алфавит жасап шығарған сайттар да кездеседі. Мәселен, «Алматы ақшамы» газетінің «Тіл таңдау» бөлімінен «Latin» түймесін бассаңыз, латын және кирилл әріптері араласқан мәтіндер шығады.

Азаттық тілшісі «Алматы ақшамы» газетіне хабарласып, бұл жазу үлгісі жайлы сұрағанда бас редактордың орынбасары Әнуарбек Әуелбек «ондай мәселеден хабарым жоқ» деген жауап берді.

«ПІКІРТАЛАС – БІР-ЕКІ ӘРІПТІҢ ТӨҢІРЕГІНДЕ ҒАНА»

Лингвист-ғалым Анар Фазылжанованың сөзінше, «Қазақстанда латын әліпбиінің әртүрлі нұсқасының көбейіп бара жатуы қауіпті мәселе емес. Латын әліпбиінің ортақ нұсқасы пайда болған кезде бұл проблема өзінен-өзі жойылады».

– Латын әліпбиі бойынша қазақ тіліне тән бірнеше дыбыстар төңірегінде ғана дау болып жатыр. Ол дыбыстар ары кетсе оншақты шығар. Интернет сайттарда қолданылып жүрген латын графикасындағы әріптер негізінен көп жағынан ұқсас. Тек айырмашылық бірнеше таңбада болуы мүмкін. Жұртты өте қатты жаңылыстыратындай проблема жоқ, – дейді ол.

Ал мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлының айтуынша, «сайттардың латын қарпінде жаза бастауы – интернетте латын әліпбиіне қажеттілік бар екенінің көрінісі».

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жолдауын оқып тұр. Астана, 14 желтоқсан 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жолдауын оқып тұр. Астана, 14 желтоқсан 2012 жыл.

– Бірақ солай екен деп әрбір сайт, әрбір басылым өз нұсқасымен жаза беретін болса, онда тілдегі сауаттылық, емле ережелері, жазу нормалары әртүрлі болып кетеді. Ғалымдар екшеуінен әбден өткен бір нұсқаны қолданған дұрыс. Ол тіліміздегі сөздердің жазу нормасының, әдеби нормасының, емле ережелерінің бұзылмай сақталуы үшін, сауаттылық үшін қажет, – дейді ол.

Ғалымның айтуынша, «латын әліпбиінің ортақ нұсқасын күтуден басқа амал жоқ».

​– Ғылыми қауымның тоқтамға келер уақыты жақындап қалды. Қазір айналдырған бір-екі әріп төңірегінде немесе бір апострофтар төңірегінде пікірталастар жүріп жатыр. Сондықтан бұл мәселе жақын арада шешіледі. Сол кезде жұртқа жария етіп, бір ізге түсіруге болады, – дейді Шерубай Құрманбайұлы.

Қазақстанда латын әліпбиіне байланысты әлденеше жыл бұрын басталған пікірталас ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы желтоқсандағы жолдауынан соң, «қазақ жазуын 2025 жылы латын қарпіне көшіруге дайындықты бастай беру керек» деген сөзінен кейін қайта жанданды.

Қазақстан бұған дейін де бір мәрте, 11 жыл бойы (1929 – 1940) латын әліпбиін қолданған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG