Accessibility links

Қазақстан интернетті шектеуде Қытайға ұқсас


Интернет-кафені тексеріп жүрген полицей. Қытай, 17 маусым 2002 жыл. (Көрнекі сурет)
Интернет-кафені тексеріп жүрген полицей. Қытай, 17 маусым 2002 жыл. (Көрнекі сурет)

The Economist журналы әлемдегі интернетті шектеу тәсілдері туралы жазды. Онда Қазақстанның да интернетті бақылауда Қытай тәжірибесіне сүйеніп отырғаны баяндалады.

"Қазақстан халқының 50 пайызының интернетке қосылуға мүмкіндігі барын" айтқан мақала авторы Астана интернет қолданушыларды бақылау үшін технология мүмкіндіктерін "аса шеберлікпен" пайдалана білген Қытайдың "ізбасарына" айналғанын жазады.

Қазақстанда "жалданбалы блогшылар мен комментшілер" деген ұғымының пайда болғанына бірнеше жыл болды.

Автордың жазуынша, Ресей, Нигерия, Вьетнам, т.б. елдерде де қолданылатын бұл амал-тәсіл 2005 жылы Қытайда жалданбалы веб-шолушылардың "50 Cent Party" жобасынан басталған.

Бұған қоса материалда Қазақстанда ара-тұра қолданылатын, оппозициялық сайттардың шабуылға ұшырауы, жабылуы сияқты амал-тәсілдердің "түп-тамыры" баяндалады.
Жанболат Мамышев пен Дмитрий Кимнің арасында Mail.ru электронды поштасының "Агент" эппликейшнінде болған чат-әңгіме. Дмитрий Ким әріптесін Жаңаөзен оқиғасы мен сайлау туралы интернеттегі "теріс пікірлерге" қарсы коммент жазатын жұмыс ұсынады.
Жанболат Мамышев пен Дмитрий Кимнің арасында Mail.ru электронды поштасының "Агент" эппликейшнінде болған чат-әңгіме. Дмитрий Ким әріптесін Жаңаөзен оқиғасы мен сайлау туралы интернеттегі "теріс пікірлерге" қарсы коммент жазатын жұмыс ұсынады.


«Кейбір елдерде оппозициялық веб-сайттар жаппай DDos-шабуылдарға ұшырап жатыр. Экстремизм мен өсек-аяң таратқан материалды жариялағаны үшін сайттарды жабу тәсілі Ресейден алынған. Кейбір елдерде бұл қылмыс деп саналады. Бұл тәсілді Қытайдан айнытпай көшірген Қазақстан да осы қисынды қолданады. Мұнда сайттарды ескертусіз жауып, себебі көбіне түсініксіз күйде қалады. Елде "тегін әрі жылдам интернет бар" екенін айтатын Қазақстан шенеуніктері тек экстремистік мазмұндағы сайттарды жабатынын айтады. Бірақ бұл оппозициялық басылымдарын қуғындап, сайлауда президенті ылғи 90 пайыздан артық дауыс жинайтын елде күмәнді естіледі" деп жазады мақала авторы.

Мақалада Беларусь, Эфиопия, Иран сияқты көптеген елдердің қолданушыларды бақылауға мүмкіндік беретін Huawei және ZTE сияқты қытайлық компаниялардың құрылғылар қуатына сенетіні жазылған.

"Өзінің бақыланып отырғанын сезетін интернет-қолданушы өзіне-өзі цензура жасауға бейім келеді" деп жазылған мақалада.

ҚЫТАЙ ҚҰРҒАН "АЛЫП ТОР"

Журналда жарияланған өзге бір мақала интернетті бақылаудың өзіндік үлгісін қалыптастырып, "ізбасарларын" жинап үлгерген Қытайдың шектеу амалдарына арналған.

Бұл модельдің ерекшелігі - қолданушыларға интернетке кіруге мүмкіндік береді, бірақ оларды қатаң бақылап отырады.

2000 жылдары "Қытайдың интернетті бақылауға тырысуы" қисынсыз болып көрінгенін жазған автор қазір бұл ел үкіметі "өзінше сан алуан, бірақ қатаң бақыланатын" виртуалды кеңістік жасағанын жазады.

"Қытай билігі интернетке төтеп беріп қана қоймай, технологияның ең озық үлгілерін өз мақсаттарына аса еппен қолдана білді. Ол қоғамды неғұрлым мықтырақ бақылап, өзге репрессивті режимдерге де "үлгі" көрсетті" деп жазады автор.
Қытай сыртқы істер министрінің ресми өкілі Хоң Ли. Пекин, 30 қараша, 2010 жыл.
Қытай сыртқы істер министрінің ресми өкілі Хоң Ли. Пекин, 30 қараша, 2010 жыл.

Мақалада Қытайда Google, Facebook, Twitter, Youtube сияқты "жағымсыз" шетел сервистерінің жабылғаны, оның әрқайсысының қытайлық баламасы жасалып, осылайша Қытайдың виртуалды "алып тор" құрғаны айтылады.

Google 2006 жылы Қытайдың нарығына бейімделіп, өзіндік цензура жасауға болатындай іздеу торабын іске қосқан. Алайда түрлі шектеулер мен Қытай тарапынан хакерлік шабуылдарға ұшырай бергеннен кейін жабылып тынған.

Автор Қытай үкіметінің интернет қолданушыларды бақылап, қоғамдық пікірді зерттеуге көп қаржы жұмсайтынын баяндайды.

"2009 жылы мұны тоқтатуға шақырып, интернетте үндеу таратқан қытай жазушысы Лью Цзябао 11 жылға сотталды. Ол кезде Қытайдың өзінде үндеуді көріп, Лью жайлы естіген адамдар кемде-кем болатын. Цзябао Қытайдан тыс жерде 2010 жылы Нобель сыйлығына ұсынылғаннан кейін белгілі бола бастады. Бірақ қатал цензура оны әлі күнге дейін өз еліне танытуға мүмкіндік бермей отыр" деп жазады автор.

ҚЫТАЙДЫҢ ИНТЕРНЕТТІ БАҚЫЛАУЫ ШЕКСІЗ ЖАЛҒАСА БЕРЕ МЕ?

Осылайша сұрақ қойған автор Қытайдың виртуалды "алып торы" қазір 560 миллион қолданушыны қамтитынын айтады.
Қытайда интернетті қаланың оқыған тұрғындары ғана емес, орталықтан шалғайда тұратын жағдайы нашар отбасылар да қолданады.

Автордың жазуынша, Қытайда қазір интернетті қаланың оқыған тұрғындары ғана емес, орталықтан шалғайда тұратын жағдайы нашар отбасылар да қолданады. Тіпті фермерге дейін мобильді интернет арқылы музыка тыңдап, ауа райын біліп отырады.

Интернеттің миллиондаған тұрғындар арасында кеңінен таралып келе жатқанын жазған автор көптің қуаты кей кезде білініп қалатынын айтады. Онлайн қолданушылардың кейбір кішігірім жеңістерін санамалап өткен автор мұның партия өкілдеріне қорқыныш ұялатып отырғанын жазады.
Интернет клубта отырған адам. Қытай, 16 наурыз 2012 жыл.
Интернет клубта отырған адам. Қытай, 16 наурыз 2012 жыл.

"Армия комиссары стюардессаны балағаттаған кезде ол оқиға туралы суретті интернетке іліп қойды. Көп кешікпей интернет қолданушылар балағаттаушының кім екенін, қайда істейтінін, жұмысын қалай жеңілдеткеніне дейін анықтады. Көпшілік жан түршігерлік көлік апатының жанында суретке күліп түскен ресми тұлғаның қолындағы қымбат сағатын байқап қойып, дереу оның өзге де қымбат сағаттарын тағып түскен бірнеше суретін іліп қойды. "Сағат таққан туысқан" деп аталып кеткен ресми өкіл қызметінен айырылды.

Автор Қытайдың виртуалды кеңістігінде салыстырмалы түрде болса да "бостандық" барын, әзірге партия жетекшісі рұқсат еткендіктен оған мән бермей отырғанын жазады.

Бірақ елде билік өкілдерінің аты аталған наразылық постары, көшеге шығуға шақыратын, билікке ашық қарсылық білдірген жазбалар интернетке жетпей-ақ "жолда" өшірілетіні, оның авторлары қатаң қуғындалатыны жазылған.

"БЕЙІМДЕЛГЕН АВТОРИТАРИЗМ"

The Economist-тің жазуынша, қалай болғанда да интернет партия жетекшілеріне "өте шетін" қиындықтар тудырып отыр. Автор Қытай билігіне жайсыз тиген бұл жайт олардың өз ісіне жауаптырақ қарауына мәжбүрлейді деп жазады.

"Интернетте миллиондаған оқырманы бар, азаматтық жауапкершілікке ие блогшылар азық-түлік қауіпсіздігі немесе ауаның ластануы сияқты елде жиі қайталанатын мәселелерді жазған кезде халықтың үміті мен нақты нәтиже арасында ірі апан жатқаны сезіліп қалады. Бұл енді биліктің түрлі дағдарыстарға байланысты жылдам әрекет етіп отыру керек екенін көрсетеді" деп жазады автор.

Қытайдағы мұндай құбылысты ғалымдар "бейімделген авторитаризм" деп атайды және "оған нарықта сұраныс та бар".
Huawei компаниясының офисі алдында тұрған белгісі. Қытай, 9 қазан 2012 жыл.
Huawei компаниясының офисі алдында тұрған белгісі. Қытай, 9 қазан 2012 жыл.

"Қытай өзінің танымал ноу-хау, бақылау, шектеу құралдарын шетелде де сатады. Қытайдың екі ірі компаниясы - Huawei және ZTE интернет және телекоммуникация саласында Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Еуропа, Африка елдері арасында (оның ішінде Қазақстан, Вьетнам, Беларусь, Эфиопия және Замбия да бар) жетекші рөл атқарады. Бұл елдердің көбі қатал саяси әрі техникалық бақылауды орната отырып, табысы мол интернет нарықтан да айырылғысы келмейді" дейді сарапшы.
Қытайдағы диссиденттердің айтуынша, бостандық дегеніміз - тордың қаншалықты кең екенін білу.

"Қытайдағы диссиденттердің айтуынша, бостандық дегеніміз - тордың қаншалықты кең екенін білу. Қытай билігі әлемдегі ең ірі жабдықталған тор құрды деп айтуға болар. Олар партияның өмірін ұзарту үшін қымбат әрі ұсқынсыз жол салып, интернетті уыстан шығармауға барынша тырысып-ақ жатыр. Олардың көзқарастар жүйесін мұқият бағдарлау - "интернет елді демократияландыра ала ма" деген сұрақтың жауабын айқындай түседі" деп аяқталады мақала.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG